Accessibility links

"Қаңтардан бері қылмыскер болғаным". Баласы шетелдік онлайн-мектепте оқитын ата-аналар неге наразы?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жыл басында Қазақстанның білім туралы заңына толықтыру енді. Заңдағы кей өзгерісті қазақстандық балалардың шетелдік онлайн-мектептерде оқуына тыйым ретінде түсінуге де болады. Балалары қашықтан оқитын ата-аналар "Жаңа ереже балаларды мектепке тұрғылықты мекенжай бойынша беруге міндеттей ме?", "Баламызды Қазақстандағы мектепке ауыстырғымыз келмесе не істейміз?" деген сұраққа жауап таба алмай отыр.

"23 ЖЫЛДА ДӘРЕТХАНА ДА ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"

Білім туралы заңның 49-бабы 3-тармағына енген өзгерістерге сәйкес, енді Қазақстан азаматы саналатын және осында тұратын балалардың ата-аналары мен қамқоршылары оларды қазақстандық білім беру ұйымдарында немесе елде жұмыс істеуге лицензиясы бар халықаралық мектептерде оқытуға міндетті. Бұл ереже шетелде тұрып білім алатын оқушыларға қолданылмайды.

2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген ережелер де өзгерген. Бұрын балаларына вирус жұғуы мүмкін деп қауіптенген ата-аналар оларды мектепке жібермей, қашықтан оқытуға құқылы болатын. Заңның жаңа нұсқасында мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.

Заңға енгізілген өзгерістер балалары шетелдік мектепте қашықтан оқитын ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызған. Ата-аналар "Балалар елде қалып, азаматтығын ауыстырмай, қазіргі оқуын жалғастыра ала ма?", "Балаларын қазақстандық мектепте оқытудан бас тартқан ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартыла ма?" деген сұрақтарға нақты жауап ала алмай отыр.

Осындай ата-аналардың бірі – Татьяна Бегайкина. Ол баласын бірнеше ай бұрын ресейлік мектепке онлайн оқуға берген. Бегайкинаның айтуынша, баласының оқуын ауыстыруға қазақстандық мектептегі оқу процесін ұйымдастыру деңгейі мен білім сапасының төмендігі себеп болған.

– Білім беру деңгейі төмен, мұғалім аз, оқулық тапшы болды. Балаларға арналған сабақтан тыс шаралар ұйымдастырылмайтын. Мектепте көзбояушылық көп: директордың кабинеті ғана жөнделген, оқушыларға кітап жетпейді. Өзім де осы мектептің түлегімін, 23 жылда тіпті, дәретхана да өзгерген жоқ, – дейді Татьяна Бегайкина.

2020 жылы қарашада COVID-19 пандемиясына байланысты қазақстандық оқушылардың көбі қашықтан оқуға көшкенде Татьяна баласын ресейлік онлайн-мектепке ауыстырған. Оған шетелдік мектептегі оқу процесінің сапасы мен қолайлылығы ұнайды. Сондықтан баласын мемлекеттік мектепке қайтарғысы келмейді.

– Бастысы, уақыт бар, үнемі стресте жүрмейсің. Балаға әлеуметтену үшін спорт секциясы да жетеді, – дейді Бегайкина.

Татьянаның жағдайын жақсы түсінетін Ольга Аринбасарова да оқу жылының ортасында қабылданған жаңа ережелерден кейін қиын таңдауға тап болғанын айтады.

– Өкінішке қарай, [балалары шетелдік онлайн-мектепте оқитын ата-аналардың] нақты санын білмеймін. Білім және ғылым министрлігі де балалары халықаралық мектепте қашықтан оқитын отбасылардың нақты санын айтпай отыр. Бірақ бұл бізді таңдау құқығынан айыруға болады дегенді білдірмейді. Заңға енгізілген өзгерістер туралы кеш білдік, пікірімізді ескермей шешім қабылдағандай сезімде отырмыз, – дейді Аринбасарова.

Ольганың ұлы да шетелдік мектепте оқиды. Оның айтуынша, әдетте қашықтан оқу форматын таңдайтын ата-аналар бірінші кезекте, баланың мүддесін ойлайды. Мысалы, кей бала спортпен айналысып, жарысқа жиі қатысады; бір оқушы басқалармен дұрыс араласа алмай, шулы ұжымда оқу үлгерімі нашарлайды; көптілді отбасы баласының бірнеше тілде білім алғанын қалайды.

– Баламыздың сұранысын, жеке қасиеттерін ескеріп, ол үшін білім алуға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Оның үстіне, нарық та осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Балаларымыз үшін ең жақсы әрі қолайлы нұсқаны таңдаймыз, – дейді Ольга Аринбасарова.

"БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?"

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, қазақстандық балалардың елдегі оқу орындарында білім алу тәртібін қарастыратын нормаларға ешқандай өзгеріс енбеген. Депутат жаңа ереженің басқа заңнамалық актілерде бұрыннан барын айтады.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

– Елден көшпеген, осында тұрақты өмір сүретін адамдар қазақстандық мектептерде білім алады, бұрыннан солай болған. Бұл Конституцияға, ата-ананың жауапкершілігі туралы әкімшілік кодекске негізделген. Қазақстанда тұратын адамда шетелде оқуға мүмкіндік болмаған, – дейді Ирина Смирнова.

Депутаттың пікірінше, балалары шетелдік онлайн-мектепте оқитын ата-аналар мынадай мәселеге тап болып отыр: заңның жаңа нұсқасында қашықтан оқу ұғымының аясы шектелген, бірақ "отбасылық оқыту" формасы сияқты білім алудың қосымша әдістерін пайдалануға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылмаған. Мұндай жағдайда баланы оқыту жауапкершілігін ата-ана өз мойнына алады. Бастысы, оқу бағдарламасы қазақстандық білім беру стандарттарына сай болуы керек. Баланы мектептен тыс қосымша оқытуға рұқсат беріледі. Смирнованың дерегінше, мұндай форматтағы оқу көрші Ресей, Қырғызстан, Еуропа елдері мен АҚШ-та бар. Бұл тақырып Қазақстанда да талқыланған, бірақ заңға енбеген.

– Бұл мәселе бірнеше жыл бойы көтерілді, білім министрлігінің жанынан отбасылық білім мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылды, дөңгелек үстелдер өтті. Бірақ мұндай білім формасы заңға енген жоқ. Сондықтан Қазақстанда тұратын азаматтар қазақстандық мектептерде оқуы керек деген норма пайда болған кезде бұған қарсы наразылық туды, – дейді депутат.

Қашықтан оқуды дамытумен айналысатын Вера Садықова.
Қашықтан оқуды дамытумен айналысатын Вера Садықова.

Вера Садықова Қазақстанда қашықтан оқу жүйесін дамытумен айналысады. Ол қазір қалыптасқан жағдайға мүлде таңғалмайды. Садықова депутаттардың жазғы демалысына дейін біраз уақыт білім туралы заңға өзгеріс енгізу жөніндегі жұмыс тобына мүше болған. Кейін оны жұмыс тобынан шығарып жіберген. Сондықтан Садықова заңға толықтырулар енгізу процесіне қатыса алмаған.

– Мен отбасылық оқыту формасының не екенін түсіндіріп, халықаралық тәжірибе туралы көп айттым. Бірақ бәрі тыйымға барып тірелді, заңда басқа қызық ештеңе жоқ, оқытудың қосымша формалары қамтылмаған, – дейді Садықова.

Садықова "бұл мәселені елеусіз қалдыру мүмкін емес, шетелдік онлайн-мектептерде оқитын қаншама бала бар, сондықтан бұл қайшылықты заң жүзінде шешу керек еді" деп есептейді.

– Енді заңның орындалуына мән беру керек. Адамдар жасырынбай, балаларын бұл жүйеде еркін оқытуы үшін бәрі түсінікті, қолжетімді әрі ашық болуы тиіс, – дейді сарапшы.

Депутат Смирнова бұл мәселені салалық ведомство – білім және ғылым министрлігі шешуі керек деп есептейді.

– Бұл мәселені министрлік қарауы керек, ата-аналар сол жақтан көмек сұрауы тиіс, – дейді ол.

Азаттық білім және ғылым министрлігіне хат жіберіп, ведомстводан нақты жауап ала алмады. Бір жағынан, министрлік "қазақстандық оқушылардың қосымша отандық және шетелдік білім беру ұйымдары мен оқу орталықтарында қашықтан оқуына тыйым салынбаған" десе, екінші жағынан, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова өз жауабында білім туралы заңның ата-аналардың алаңдаушылығын туғызған, оқушыларды "Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында немесе елде жұмыс істеуге лицензиясы бар халықаралық мектептерде негізгі және жалпы орта білім бағдарламасы бойынша оқыту туралы тармағын қайталаған.

Білім вице-министрі Қаринова шетелдік мектепте білім алып жүрген қанша қазақстандық оқушы барын айтқан жоқ. Ол "Қазақстанда пандемия кезінде шетелдік мектептерге ауысқан оқушылар саны шынымен көп пе?" деген сұрақты жауапсыз қалдырған.

"ҮНІМІЗГЕ ҚҰЛАҚ ТҮРЕР ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ"

Құқық саласындағы сарапшылардың пікірінше, заңға енгізілген толықтырулар елде тұратын қазақстандық оқушыларды негізгі білімді шетелдік мектепте алу мүмкіндігінен айырған. Енді оларға қосымша курстардан өтуге ғана рұқсат беріледі.

Азаматтық мәселелер бойынша заңгер Айжан Әбдеттің айтуынша, заңда ережені бұзған адамдарға қандай шара қолданылатыны көрсетілмеген. Сарапшы бұл жерде әкімшілік кодекстің "балаларды тәрбиелеу және оқыту бойынша міндеттемесін орындамау" бабы бойынша ата-анаға жауапқа тартылып, 10 АЕК (29 170 теңге немесе 69 доллар) көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін екенін айтады.

– Физикалық тұрғыдан мәжбүрлеу мүмкін емес, бірақ ата-ана немесе заңды қамқоршы балалардың білім мекемесіне "баруын" қамтамасыз етуге міндетті. "Білім мекемесіне бару" баланың мектептегі сабаққа қатысуы керегін білдіреді, – дейді Әбдет.

Заңға енгізілген өзгерістерден кейін ата-аналар балаларына шетелдік мектептегі онлайн оқуын жалғастыруға рұқсат беруді сұрап президенттің атына петиция жариялаған. Бастамашыл топтың құрамында Ольга Аринбасарова да бар. Ол ата-аналарға қиын таңдау беріліп отырғанын, бұрын ондай ойы болмаған отбасылардың өзі қазір азаматтық ауыстыру туралы ойлана бастағанын айтады.

– Не біз баланы қайтадан қиындығы көп мектепке беріп, кейінгі үш жылда бойына сіңірген қасиеттердің тас-талқанын шығарамыз, не мәселені радикалды жолмен шешеміз. Өз басым азаматтық ауыстырудан басқа амал көріп отырған жоқпын, – дейді Аринбасарова.

Ольганың айтуынша, қазір ата-аналар өзін "заң бұзған қылмыскер" сезініп отыр.

"Үнімізге құлақ түрер деп үміттенемін. Қаңтардан бері өз елімде заңды бұзған қылмыскер болып жүрмін. Еріксіз солай болды. Өзімді не күтіп тұрғанын сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады", – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG