Шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қызметінен босатылған бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Сапархан Омаровтың Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және астық саласын дамыту саласындағы көп жылдық нәтижелі қызметін, сонымен бірге астықты мемлекеттік сатып алу жүйесінде табысты тәжірибесін ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының биылғы 28 шілдедегі № 227 бұйрығымен үкімет келісіміне сәйкес, Сапархан Омаров "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы лауазымына сайланды" делінген министрлік хабарламасында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде үкімет отырысында биылғы қуаңшылық кезінде бірқатар аймақта малдың азық жетпей қырылғанына байланысты ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынап, "министр қызметінен кетуі тиіс" деп мәлімдеген. Үкімет отырысында қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарында азық жетпей, мал шығыны болғаны айтылды.
Сол күні бір сағаттан кейін Ақорда сайты Омаровтың қызметтен босатылғаны жөнінде жарлық мәтінін жариялады.
53 жастағы Сапархан Омаров 2019 жылы ақпан айында ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президент сөгісінен кейін Сапарбаев Тараздың бұрынғы әкімін жаңа қызметінен босатты