Accessibility links

Президент сөгісінен кейін Сапарбаев Тараздың бұрынғы әкімін жаңа қызметінен босатты


Қайрат Досаев (сол жақта) Тараз әкімі болып тұрған кезде тұрғындармен кездесіп отыр. (Сурет Тараз қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).
Қайрат Досаев (сол жақта) Тараз әкімі болып тұрған кезде тұрғындармен кездесіп отыр. (Сурет Тараз қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тоқаев ескертуінен кейін Тараздың бұрынғы әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатты.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сапарбаевқа Таразда оқушы зорланғаннан кейін қызметінен кеткен Қайрат Досаевты облыс басқармасы басшылығына тағайындағаны үшін сөгіс жариялағаны белгілі болған. Президент оған "кадрлық қателігін түзеуді" тапсырған.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы 3 тамызда Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды" делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

2019 жылы Тараздағы мектептердің біріндегі дәретханада 12 жастағы қызды зорлағаннан кейін Тоқаев қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырған еді. Жуырда оның Жамбыл облысы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалғаны хабарланды.

Дегенмен жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Досаев Тараз әкімі қызметінен босағаннан кейін 2019 жылы желтоқсанда облыстық әкімдіктегі еңбек инспекциясы басқармасына жетекші болған.

2019 жылы қараша айының ортасында Таразда ер адам мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан 7-сынып оқушысын зорлаған. Бұл оқиғадан кейін мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан қуылды. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның бұрын сотталғанын хабарлады. 2020 жылы қаңтарда сот оны 25 жылға бостандығынан айырып, химиялық кастрация жасауға пәрмен берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG