Ресей тергеу комитеті оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйға жаңа қылмыстық іс бойынша айып тақты. Саясаткер азаматтардың жеке басы мен құқықтарына қол сұғатын ұйым құрды деп айыпталды. Бұл бапқа сәйкес, қазір колонияда жазасын өтеп жатқан Навальный үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу комитеті сайтында жарияланған нұсқаға сәйкес, Алексей Навальный жақтастары Леонид Волков пен Иван Ждановпен бірге ұйым құрып, соның көмегімен биыл қаңтарда азаматтарды рұқсат етілмеген митингілерге қатысуға шақырған. Навальныйдың өзін 17 қаңтарда полиция Мәскеу маңындағы Шереметьево әуежайында ұстап, содан кейін "Лефортово" тергеу изоляторында қамауға алды.
Навальный "новичок" уымен уланып, Германияда ұзақ ем қабылдаған соң Ресейге келген бетінде ұсталған.
Сонымен қатар, тергеу комитетінің айтуынша, Навальный – Жемқорлықпен күрес қорын құрушылардың бірі, ал қордың қызметі "азаматтарды заңға қарсы әрекет жасауға итермелеумен" байланысты. Ресейде бұл ұйым алдымен шетелдік агент, содан кейін экстремистік ұйым тізіміне енгізілген әрі оның жұмысына тыйым салынған.
Навальный ақпанның басында 2014 жылғы қылмыстық іс бойынша колонияға жөнелтілді. Үкімге сәйкес, ол 2023 жылдың күзінде түрмеден шығуы керек. Ал Волков пен Жданов шетелде.
Құқық қорғаушылар Навальныйды және оның жақтастарын қылмыстық қудалауды оппозицияға қарсы саяси іс ретінде қарастырады. АҚШ пен Еуроодақ Ресей билігінен оны босатуды талап етіп келеді. Amnesty International халықаралық ұйымы оны "ар-ождан тұтқыны" деп таныды. Ресейде шетелдік агент тізіміне енгізілген "Мемориал" құқық қорғау ұйымы Навальныйды саяси тұтқын деп таниды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Экстремист болып ояндым". Навальный тобы президент Путинге қарсылығын жалғастырмақ"Қылмысты жасыру амалы-ау". Навальныйды емдеген дәрігерлер бірінен кейін бірі жоғалып жатыр"Путинді неге жақтырмайсың?" Ресейде наразылық акциясына шыққан жастар қудалауға түсті