Accessibility links

"Экстремист болып ояндым". Навальный тобы президент Путинге қарсылығын жалғастырмақ


Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Бабушкин аудандық сотында. Мәскеу, 20 ақпан 2021 жыл.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Бабушкин аудандық сотында. Мәскеу, 20 ақпан 2021 жыл.

Мәскеу соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальный құрған "Жемқорлықпен күрес қоры" (ФБК) мен Навальный штабтарын "экстремистік ұйым" деп таныды. Соған қарамастан саяси топ белсенділері биліктегі жемқорлықты әшкерелеуін жалғастыра беретінін айтады.

Ресейлік оппозициялық саясаткер, қазір түрмеде отырған Алексей Навальный негізін қалаған "Жемқорлықпен күрес қоры" мен оның аймақтағы штабтарына қатысы бар адамдар Мәскеу қалалық сотының 9 маусымдағы шешіміне сәйкес енді кез келген деңгейдегі сайлауға түсе алмайды.

Бұл шешім Ресей оппозициясы бетбұрыс кезеңде екенін білдіреді. Қаңтарда Алексей Навальныйды түрмеден босатуды талап еткен азаматтардың жаппай наразылық акцияларынан кейін билік оппозиционердің жақтастарын қудалай бастады. Заң органдары наразылыққа шыққандардың, оппозициялық журналистердің және Навальный мен оның қызметкерлеріне қарсы қозғалған қылмыстық және азаматтық істер бойынша процестерге қатысқан адвокаттардың үйін тінтіп, рейд жүргізді.

САЙЛАУ-2021: ОППОЗИЦИЯНЫ ЖАНШУ ӘРЕКЕТІ КҮШЕЙДІ

"Экстремист болып ояндым да, жұмыс істеуге кірістім" деп жазды Алексей Навальныйдың көмекшісі, Ресейдегі жемқорлықты зерттеп жүрген Георгий Албуров Twitter-дегі парақшасына.

Соттың көпшілік күткендегідей шешіміне мойынсұнбау туралы үндеу билік биыл қыркүйекте өтетін Мемлекеттік дума сайлауы алдында оппозицияны басып-жаншуды күшейтіп жатқан тұста жасалды.

Ресейдің Владимир облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан Алексей Навальный (экранда) өз шағымы қаралған сотқа онлайн қатысып тұр. 7 маусым 2021 жыл.
Ресейдің Владимир облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан Алексей Навальный (экранда) өз шағымы қаралған сотқа онлайн қатысып тұр. 7 маусым 2021 жыл.

Сот Навальныйға қатысы бар топтарға мүше болу немесе оның қызметіне қатысу – заңсыз деп ұйғарды. Яғни, енді осы топтың белгілерін пайдаланған адамға айыппұл салып, оны түрмеге қамауы мүмкін. Ресей соты "Алаяқтық" бабы бойынша жауапқа тартып, түрмеге қамаған Алексей Навальный өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Прокурорлар Навальныйға қатысы бар ұйымдар "либералды ұрандарды желеу етіп", "әлеуметтік-саяси жағдайды шайқалтумен айналысады" дейді. Биыл қаңтар мен сәуірде ондаған мың адам Алексей Навальныйға қолдау білдіріп, наразылық акциясына шыққан.

"ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕССЕ – ЭКСТРЕМИСТ"

Сот шешімі шыққан соң Алексей Навальный Facebook-парақшасына жарияланған постында сот шешімін және жабық сот отырысын "сайқымазақ" деп атап, өзінің және командасының алған бетінен қайтпайтынын жазды.

"Мемлекет билігінің өзегі жемқорлық болса, жемқорлықпен күресетіндер экстремист болады. Біз бәрін анықтаймыз. Өзгереміз. Бейімделеміз. Бірақ мақсат-мұратымыз бен идеямыздан бас тартпаймыз. Біздің бұдан басқа еліміз жоқ" деп жазды Навальный.

Көп жыл бойы президент Владимир Путин мен оған жақын өзге де лауазым иелерінің жемқорлығы туралы дәлел-дәйектерді жариялап жүрген Алексей Навальныйға қарсы тарап соттың "ұзақ күткен шешім" шығарғанын айтады.

"Міне, бәрі бітті. [Біз] [оларды] шыбындай қағып түсірдік" деп жазды Кремльді қолдап, Навальныйды үнемі сынап жүрген блогер Илья Ремесло Twitter-де. Ол бұған дейін Навальный Германиядан оралған соң үстінен сотқа арыз түсіріп, саясаткерді қудалауға өзінің де үлесі барын мәлімдеген.

САЯСИ ЕРКІНДІК ЖОЙЫЛА МА?

Көп жыл бойы Кремль оппозицияны үнемі бақылауда ұстады, күш көрсетіп, ресми саясаттан шеттетіп, "табанға кірген тікендей" қабылдады.

Путин ел президенті я премьер-министрі болған 21 жылдың ішінде Ресейде өзгеше ойлайтындардың іс-қимыл аясы тарылды. Ал сарапшылар жақында қабылданған заң белсенділер пайдаланып келген "құртақандай" саяси еркіндіктің өзін жоятынын айтады.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының Мәскеудегі кеңсесінің директоры Наталья Звягина Алексей Навальныйға қатысы бар ұйымдарды "экстремистік" деп тану оның ондаған мың жақтасын "қуғындау қаупін" туғызатынын айтты.

"Бұл Кремльдің ой еркіндігі құқығын басып-жаншуға талпынған осы күнге дейінгі ең арсыз әрі бетбақ әрекеті" дейді Наталья Звягина.

"Оппозицияның ұйымшылдығы бәсеңдейді, бірақ жойылмайды. Себебі оның дамуына әсер еткен негізгі себептер – авторитаризм, өмір сапасының нашарлауы, саясаттан шаршау – ешқайда кетпейді" деді саяси сарапшы Аббас Галямов.

Жаңа заң саяси белсенділіктің көптеген түріне тыйым салатын және қыркүйектегі сайлау алдында сөз еркіндігін жазалау құралына айналған басқа да заңдардың қабылдануымен тұспа-тұс келді. Ал әлеуметтік зерттеу қорытындысы жұрт арасында биліктегі "Единая Россия" партиясының беделі бұрын-соңды болмаған төмен деңгейге түсіп кеткенін көрсеткен.

"САЙЛАУДАН ШЕТТЕТУ АМАЛЫ"

4 маусымда Ресей президенті Путин қол қойған заң "экстремистік" ұйымдарға қатысы бар деп танылған адамның кез келген сайлауға түсуіне тыйым салады. Ал Навальный тобына қарсы шешімді жұрт Кремльге билікке қарсы тұра алатын кез келген саяси топты сайлаудан шеттетуге мүмкіндік беретін құқықтық процесс ретінде қабылдады.

"Заң күшіне енді. Президент қол қойды. Енді оларға сайлауға қатысудан көптеген адамды шеттету үшін сот шешімі қажет болады" деді "ФБК" тобының директоры Иван Жданов "Дождь" телеарнасына берген сұхбатында.

Құқық қорғаушы Наталья Звягина "саяси астары бар қуғын-сүргін науқанын" айыптады.

"Владимир Путиннің режимі саяси бәсекелестерін түрмеге қамап, елден қуып, режим жақтырмаған ұйымдардың бірінен соң біріне тыйым салып, қоғамдық қолдаудың үңірейген орнын үрей және шарасыздықпен толтырғысы келеді" деді ол.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ПІКІРІ

Навальныйдың ұйымы мен жақтастарына қарсы шығарылған шешімді 16 маусымда Женевада өтеді деп жоспарланған екеуара кездесу алдында Путиннің АҚШ президенті Джо Байденге берген жауабы ретінде де қарастырып жатқандар бар.

Байден әкімшілігі, Еуроодақ пен Ұлыбритания Ресей сотының шешімін айыптады.

"Бұл жемқорлықпен күресіп жүргендерге және ашық қоғамға қарсы жасалған тағы бір Кафка шабуылы. Ресейдегі нағыз саяси оппозицияны заңсыз қылып шығаруға тырысудың амалы" деді Ұлыбритания сыртқы істер министрі Доминик Рааб.

Байден Путинге адам құқықтары мен халықаралық нормаларды бұзу әрекетіне қатысты жауап беруге уәде етті. Ал Путин Батыстың осы сияқты кез келген мәлімдемесі – "Ресейдің ішкі ісіне араласу амалы" дейді.

АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж.
АҚШ президенті Джо Байден (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путиннің суреттерінен коллаж.

"Сіздер біздің саяси жүйеміз туралы әртүрлі ойда бола аласыздар. Бірақ өмірімізді қалай ұйымдастыруды шешуді өзімізге қалдырыңыздар" деді Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда журналистер алдында сөйлеген сөзінде Путин.

Былтыр тамызда "Новичок" тобына жататын қауіпті затпен уланған 44 жастағы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Германияда бірнеше ай емделіп, биыл қаңтарда Ресейге оралған. Мәскеудің Шереметьево әуежайына түскен сәтте полиция оны ұстап әкетті.

Билік Навальный осыдан сегіз жыл бұрын "Ив Роше" ісі бойынша алған шартты жаза талабын бұзды деп танып, саясаткерді 2 жыл 8 айға түрмеге қамауға шешім шығарды. Қамауда оның денсаулығы күрт нашарлады. Саясаткер қарсылық ретінде аштық жариялап, өзін тәуелсіз дәрігердің қарауына рұқсат етуін биліктен талап еткен. Кейінірек ол аштықты тоқтатты.

Кремль қазір Навальный мен жақтастарын қудалауды күшейткен. Ресей думасы 25 мамырда "экстремистік ұйым" мүшелерінің сайлауға қатысуына тыйым салатын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, кейін Путин оған қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG