Covid дерегі: 8 мыңға жуық науқас анықталып, 142 адам қайтыс болған

Covid орталығындағы реанимация палатасы. Нұр-Сұлтан, 6 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда тағы да 8 мыңға жуық адамға коронавирус пен "ковидтектес пневмония" диагнозы қойылды. Бұл туралы сенбі, 14 тамыз күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми дерекке сай, 7510 адамның ПТР тест қорытындысы коронавирус (КВИ+) жұқтырғанын анықтаған. 121 науқас қайтыс болған.

ПТР тесті теріс (КВИ-) шыққан 408 адамға "ковидтектес пневмониясы" диагнозы қойылған. 21 адам осы дерттен көз жұмған.

Қазақстанда биыл жазда індет қайта өршіді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір коронавирус және "ковидтектес пневмония" диагнозы қойылған 116 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Оның 31 мыңға жуығы стационарда ем қабылдап жатыр. 2 мыңға жуық науқастың жағдайы ауыр, 253 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Науқастар Алматы қаласы (1519), Қарағанды облысы (1009) және Нұр-Сұлтан қаласында (998) көп.

Дәрігерлер індеттің өршуін коронавирустың аса жұқпалы әрі қауіпті "Дельта" вариантымен байланыстырады. Ең алғаш рет Үндістанда анықталған "Дельта" Қазақстанда маусымның аяғында тіркелген.

Әлемде пандемия басталғалы бері Қазақстанда 680 мыңға жуық адамның коронавирус тесті оң (КВИ+) шыққан. 560 мыңан астамы дертінен айыққан.

Бұған қоса ПТР тесті теріс (КВИ-) нәтиже көрсеткен, бірақ "ковидектес пневмония" деген диагноз қойылған науқастардың есебі бар. Үкімет ол есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері 65 мыңнан астам адамға осындай диагноз қойылған. 56 мыңнан астам адам жазылған.

Қазақстанда ресми есеп бойынша, 2020 жылдың наурызынан бері 7434 адам коронавирустан көз жұмған. Былтырғы тамыз айынан бері "ковидтектес пневмониядан" 4016 адам марқұм болған.

Кей сарапшылар коронавирус бойынша ресми мәліметке сенбей, вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың шынайы саны бұдан әлдеқайда көп деп санайды.

Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, содан бері 4,6 млн адамға вакцинаның екі дозасы салынған. Ал әзірге вакцинаның бірінші дозасын алғаны - 1,37 млн адам.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 205 миллионнан астам адамға коронавирус жұққан. 4,3 млн адам қайтыс болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Балалардың Covid жұқтыруы неге жиіледі? Балалар инфекционисімен сұхбатҮш өңірде "ковидтектес пневмониямен" ауырғандар көп. Себеп неде?"Бес күн бойы тойға барды". Коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары не дейді?"35-40 жастағы науқастар да қайтып жатыр". Ковид ауруханасынан репортаж"Бір күнде 26 адам көз жұмды". Шымкентте індет өршіп тұр