Accessibility links

"Бес күн бойы тойға барды". Коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары не дейді?


Коронавирус пандемиясы. №2 қалалық ауруханада жатқан науқастар. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
Коронавирус пандемиясы. №2 қалалық ауруханада жатқан науқастар. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

"Емделуден бас тартып, аурухадан шығып кеткен, өкпесінің 95 пайызы зақымданған... сегіз баламен қалдым...", "Бір аптадағы алтыншы тойға барам деп жатқан еді...". Кейінгі күндері коронавирустан көз жұмған марқұмдардың туыстары Азаттыққа сұхбат берді.

"РЕНЖІМЕҢІЗ, ҚҰТҚАРА АЛМАДЫҚ"

Алматы облысының Талғар ауданында тұратын Ержан (кейіпкердің аты өз қалауы бойынша өзгертілді) 4 тамызда жұбайын жерледі. Марқұмның ПТР талдауы теріс шыққанымен, дәрігерлер өкпесінің 95 пайызы зақымданғанын айтқан.

– Жұбайымды ауруханаға екі рет жатқызды. Жас баласы бар еді, соны уайымдап, басында емнен бас тартатын құжатқа қол қойып, ауруханадан шығып кетіпті. Онысын мен де білмедім. Дәрігерлер мұны маған кейін айтты, – дейді ол.

Марқұм ауруханадан шыққан соң он күндей үйінде болған. Осы уақытта ауруы асқынып кетіпті. Талғардағы ауруханаға екінші рет барып, ПТР тапсырғанда да нәтижесі теріс шыққан. Өздігінен тыныс ала алмаған келіншекті дәрігерлер жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосады. Бірақ ол төрт күннен соң жан тапсырған.

– "Өкпесі қабынған, ренжімеңіз, әрекет жасадық" деп, денесін қолыма берді, үйге әкеліп, мұсылманша жерледік. Бұрыннан жүрегі ауыратын, арасында дәрілерін ішіп жүретін. Базарда сауда жасайтын. Вирусты сонда жұқтырып алды ма екен деп ойлаймын. Коронавирусқа қарсы екпені салдырмаған еді, – дейді Ержан.

Жұбайынан айырылған отағасы сегіз баламен жалғыз қалды. Балалардың үлкені он бес жаста, кенжесі бір жастан екі ай асқан. Азаттық тілшісімен сөйлескен кезде Ержан қайта-қайта жөтеліп, қинала жауап беріп отырды. Айтуынша, өзінің де өкпесі 45% зақымданған, бірақ балаларын қалдыратын адам болмаған соң, "үйде емделемін, әзірге шыдауға болады" деп қысқа қайырды.

Covid орталығынан репортаж:

"35-40 жастағы науқастар да қайтып жатыр". Ковид ауруханасынан репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00

"ҮЙДЕ ЕМДЕЛІП, ТӘУІР БОЛАМЫН ДЕП ОЙЛАДЫ"

Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылында тұрған Сейсенбек Ізетбаев та коронавирус жұқтырып, 67 жасында бақилық болды. Азаттыққа сұхбат берген марқұмның қызы Құралай әкесінің күнде тойға барғанын айтады.

Марқұм Сейсенбек Ізетбаев қызы Құралаймен. Жамбыл облысы, Талас ауданы. Отбасы мұрағатынан алынған сурет.
Марқұм Сейсенбек Ізетбаев қызы Құралаймен. Жамбыл облысы, Талас ауданы. Отбасы мұрағатынан алынған сурет.

– Былтыр пандемия басталған кезде әкем "ешқайда баруға болмайды" деп, 24 қап ұн алып қойған. Туған бажасы қайтыс болса да жерлеуіне бармаған еді. Бірақ биыл індетке еті үйреніп кетті ме екен, тойдың легі басталған кезде тоқтамай тойға барды. Ешқайсымызды тыңдамады. Бір атадан жалғыз болған соң көпшіл еді. Көшеде танымайтын адам қуанышына шақырса бара беретін. Осы ақкөңілдігі түбіне жетті ме деп ойлаймын. Бес күн қатарынан тойға барды. Соңғы тойы – беташар мен құдалық болды. Сол құдалықтан келгеннен кейін қатты ауырып қалды. Есіктен кіргеннен біртүрлі әлсіреп тұрғандай көрінді. Сонда да бір аптадағы алтыншы тойға барамын деп, киініп алды. Бірақ "әлсіреп тұрмын, шамам келмейді" деп, бара алмады. Әкемнің осылай әлсірегенін бірінші рет көрдім, – дейді Құралай Сейсенбекқызы.

Құралайдың айтуынша, тойдың бәрі Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында болған. Әлсіреген әке бес күн бойы үйде төсек тартып жатып қалған. Бірақ ауруханаға баруға көнбеген.

– Сол күні әкем 24 сағат бойы ұйықтады. Қайта-қайта барып, демін тексеріп жүрдім. Күн ыстық болғанына қарамастан, екі қалың көрпе жамылып жатты. Тек су сұрап ішті. "Әке, сіздің осылай жатып қалғаныңыз, әлсіздігіңіз ковидке ұқсайды" дедім. Бірақ "ауруханаға бармаймын, онда барған туыстарымыздың ешқайсы қайтқан жоқ" деді. Былтыр ата-анам да, аяғы ауыр келінім де үйде емделіп, коронавирусты жеңіп шықты. Әкем биыл да сөйтіп үйде емделіп, тәуір боламын деп ойлады, – дейді Құралай.

Құралай Сейсенбекқызы коронавирустан қайтыс болған әкесі Сейсенбек Ізетбаев туралы айтып отыр. 8 тамыз 2021 жыл.
Құралай Сейсенбекқызы коронавирустан қайтыс болған әкесі Сейсенбек Ізетбаев туралы айтып отыр. 8 тамыз 2021 жыл.

Ауырғанына бес күн болғанда Сейсенбек Ізетбаев басын тік ұстап отыра алмай қалған. Туыстары сол күні аудан орталығы – Қаратау қаласының ауруханасына апарған, сол жерде өкпесін компьютерлік томографияға түсіріп тексерген. Дәрігер науқастың өкпесі 56% зақымданғанын айтқан.

– Ауруханаға жатқан соң қоңырау шалып сөйлестім. Сау адамдай өте көңілді еді. "Жатқаным дұрыс болыпты, мұнда жақсы емдейді екен, бір күнде жазылып кеттім. Сәл ғана әлсіздік сезіледі" деді. Және сол күні "мен бүгін ас іштім" деп мақтанды. Бірақ ертесіне телефон пайдалана бастағалы бері өшпеген әкемнің телефоны сөндірулі болды. Телефонын ешкім көтермеді, кейін қаралы хабарды естідік, – деді көз жасын сүртіп отырған Құралай.

"АПАМНЫҢ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНЫНА СЕНБЕЙМІН"

Азаттыққа сұхбат берген ақтөбелік Асқар Қаласов та 27 шілде күні әпкесі Гүлнәр Алдамжаровадан айрылған. Ол туысының өліміне коронавирус себеп болғанына сенбейді. Айтуынша, алдымен ауылдық, кейін аудандық ауруханадағы дәрігерлер "дұрыс емдемеген". Асқар дәрігерлердің білім-білігіне күмән келтіргенімен, құзырлы органдарға шағым түсірмеген.

Асқар Қаласов коронавирустан қайтыс болған әпкесі туралы айтып отыр. 9 тамыз 2021 жыл.
Асқар Қаласов коронавирустан қайтыс болған әпкесі туралы айтып отыр. 9 тамыз 2021 жыл.

– 16 шілдеде апамның температурасы көтерілді. Сол күні [туыстары Ақтөбе облысы, Тереңсай] ауылдық емханасына хабар берген. Бірақ олар 19-20 шілде күні ғана таблетка беріп, 21 шілдеде цефозалин деген дәрі құйған. Болмаған соң ұлы 23 шілдеде [Әйтеке би ауданының] орталығына апарады. Апам өз аяғымен ауруханаға кірген. Ол күні де ыстығы көтеріліп тұр екен. Менің ойымша, [дәрігерлер] шақырғанда келіп, уақтылы емдемей, асқындырып жіберген. Апам коронавирустан өлді деп айта алмаймын. Ол вирус жұқтырса үйінде жездем бар, келіні бар, үш немересі бар. Олар да ауыратын шығар, – дейді Асқар.

Марқұм Гүлнәр Алдамжарова бір отбасының үлкені болған. Биыл зейнетке шыққан. Артында жұбайы, екі баласы мен немерелері қалды. Ол ауруханада төрт күн жатып, жан тапсырған. Жақындары Азаттыққа Гүлнәр Алдамжарованың ауруханада аппарат көмегімен тыныс алып жатқан кезде өзі түсірген суретін жолдады.

Азаттық марқұмның тағы бір туысымен сөйлесті. Ол да Алдамжарованың Covid жұқтырғанына сенбейді. Марқұмның қайтыс болғаны туралы куәлігінде өлім себебі "расталмаған Covid" деп жазылған. Жақындары дәрігерлер оны дер кезінде емдесе, тыныс алу аппаратына жеткізбей, аман алып қалуға болар ма еді деп қынжылады.

Марқұм Гүлнәр Алдамжарованың аурухана төсегінде жатқан кезі. Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық ауруханасы.
Марқұм Гүлнәр Алдамжарованың аурухана төсегінде жатқан кезі. Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық ауруханасы.

Әйтеке би аудандық ауруханасының аты-жөнін атамаған дәрігері марқұм "ковидтектес пневмониядан" қайтыс болды дейді. "...[Қолдан келгеннің] бәрін жасадық. Реаниматолог науқастың аппаратта жатқанын тустарына көрсетті. Аппаратқа салуға тура келді, өздігінен демала алмаған соң аппаратқа қостық. Демала алмай жатқан адамды қалай аппаратқа салмаймыз? Мәйітті союға беріңіз деп едік, өздері көнбеді. Біз де дәрігер ретінде алдымызға келген адамның жазылып шыққанын көргіміз келеді" деді аурухана өкілі.

2020 жылы жазда Қазақстанда коронавирус індеті өршіген тұста әлемдік ақпарат құралдары елдегі "өлімге душар ететін пневмония" туралы көп жазды. Сол тұста "өкпесі қабынған" көп адам коронавирус статистикасына енбей, өлім-жітім күрт артқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабынан кейін Қазақстан билігі кей науқастардың тест нәтижесі теріс шықса да, оларға ауру белгілеріне қарай "ковидтектес пневмония" диагнозын қойып, оның санағын бөлек жүргізе бастады.

Кейінгі күндері Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар көбейіп барады. Тамыздың басынан бері өлім көрсеткіші жүз адамнан кемімеді. 3 тамызда бір күнде 158 адам осы дерттен бақилық болды. Пандемия басталғалы мұндай көрсеткіш тіркелген емес.

Қазіргі мәлімет бойынша, пандемия басталғалы бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ПТР анализімен расталған 642 мыңдай адам, ал "ковидтектес пневмонияға" шалдыққан 63 мыңнан астам адам тіркелген. 10 791 адам осы дерттен көз жұмған. Бірақ кей сарапшылар бұл санның растығына күмән келтіреді.

Қазақстан коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар жөнінен Орталық Азияда бірінші орында тұр. Постсоветтік кеңістікте оның алдында Ресей (6,3 млн) мен Украина (2,3 млн) ғана бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG