Accessibility links

Міндетті вакциналауға кім және не үшін қарсы?


Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.
Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.

Қазақстанда ерікті сипатта басталған вакциналау науқаны бір ай бұрын міндеттіге айналды. Қызмет көрсету саласында жұмыс істесеңіз, не екпе салдырасыз, не жұмысты тоқтатасыз. Бұған көнбегендер наразылық білдіріп, коронавирус екпесін салдыруға қарсылық танытып жатыр. Міндетті вакциналауға қарсы шыққандар кімдер? Олар оған не үшін қарсы? Билік не дейді?

Қазақстанда міндетті вакциналауға қарсы шыққандардың сипаты әрқалай. Бірі вакцина атаулыға қарсы, бірі Қазақстанда бар екпелерге сенбейді, бірі коронавирус вакциналары толық зерттелген жоқ, салдары ауыр болуы мүмкін дейді. Кейбірі вакциналау ерікті түрде болуы тиіс, міндеттеуге болмайды деп санайды. Билік қойған мерзім (бірінші компонентті 10 тамызға дейін, екіншісін 1 қыркүйекке дейін алып үлгеру керек) жақындаған сайын, екпе науқанына қарсылық та күшейіп барады.

ПЕТИЦИЯ, НАРАЗЫЛЫҚ, ЧЕЛЛЕНДЖ

Коронавирус екпесін міндеттеуге қарсы электронды петицияға 165 мыңнан астам адам қол қойды. Одан бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қағаз түрінде 69 мың қол жиналған. Бұл петициялар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жіберілген. Бірақ президент пен оның әкімшілігінен жауап болмады.

— Президенттің өзіне арнайы жіберілген петицияға ешқандай реакция білдірмегені, өтінішімізді жауапсыз қалдырғаны өкінішті. Петицияға қол қойған адамдар үміттеніп, күтіп отыр ғой. Бұл халыққа ұнамайды. Олар (билік) вакциналаудың ерікті сипатта екенін айтады, бірақ артынша жұмысқа кіргізбейміз деп қорқытып, екпе салдыруға міндеттейді. Еңбек департаменті "қызметкерді мәжбүрлеп жатса, бізге айтыңыздар" дейді. Бұл сонда қалай болғаны? Неге вакцина салдыруға міндеттеп жатқандар "бір жағдай бола қалса, бүкіл жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз" деп қолхат бермейді? Ешқашан екпеге қарсы болған емеспін, бірақ қазір жағдай солай болып тұр, жаңа вакцинаға сенім жоқ. Вакцина барлық клиникалық зерттеуден өтуі керек, оған біраз уақыт қажет (Қазақстанда бар екпелердің QazVac-тан өзгесі клиникалық сынақтың барлық үш кезеңінен өтіп барып салына бастады. Сәуірден бастап салынған QazVac-тың үшінші кезеңі 9 шілдеде аяқталуы керек болған – ред.). Вакцина салардың алдында адамдарды тексеруден өткізбейді, бірден екпе салуға жібереді. Жақында маған толық тексеруден өтуге жолдама беруді талап еттім. Бермесеңдер, 102-ні шақырып, хаттама толтырамын дедім. Тек содан кейін ғана маған барлық дәрігердің қарауынан өтуге жолдама берді, — дейді екпеге қарсы науқанға қосылған Қарағанды тұрғыны, үш баланың анасы Белла Филимонова.

Ольга Юрковская — міндетті вакциналау мен санитар дәрігердің қаулысына қарсы петиция дайындаған заңгерлердің бірі. Оның сөзінше, міндетті вакциналауға наразылар да, өзі де жалпы вакцина атаулыға қарсы емес. Олар тек вакциналауды міндеттегенді және адамдарға зерттеудің барлық кезеңінен өтпеген екпені салғанды құптамайды.

— Шынымды айтсам, елде не болып жатқанын түсіне алмай отырмыз. Неге бүкіл ел санитар дәрігердің қаулысы бойынша өмір сүріп жатыр? Прокуратура үнсіз, сот өтінішімізді қанағаттандырмайды, дәлел үшін ақпарат сұрағысы келмейді, депутаттар бәріне көз жұма қарайды. Үкімет қайда қарап отыр? Адамдар митингіге шыға бастады, — дейді Ольга Юрковская.

Міндетті вакциналауға қарсылардың митингі өтеді деген жерді күзетіп тұрған полицейлер. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.
Міндетті вакциналауға қарсылардың митингі өтеді деген жерді күзетіп тұрған полицейлер. Алматы, 17 шілде 2021 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласында міндетті вакциналауға қарсы наразылық акциялары өткен. Акция қатысушылары жұмыс берушілер вакцина салдырудан бас тартқан адамдарға қысым көрсетіп, "жұмыстан шеттетемін, қызметіңнен босатамын" деп қорқытып жатқанын айтқан. 6 шілдеде Оралда өткен митингіге жүздеген адам жиналған. Басқа өңірлерде де шағын қарсылық акциялары болған.

20 шілдеде астанада денсаулық сақтау министрлігіне барған вакцинаға қарсы топ өкілдері өздерінің алдына шығып, вакциналау науқанының принциптерін түсіндірмек болған шенеуніктерге шабуыл жасаған. Бәрінен де бас санитар дәрігердің өкілі Ержан Байтанаев көп зардап шекті. Бірнеше әйел оны соққыға жығып, Байтанаев олардан әрең қашып құтылған. Алты әйелге бұзақылық бабы бойынша айыппұл салып, осы оқиғадан кейін Тоқаев "Вакцинаға қарсы шағын топқа бола азаматтардың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз" деді. Ол үкіметке тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізіп, вакцинаға қарсы азаматтың портретін анықтауды тапсырған.

Кей азаматтар Тоқаевтың бастамасын әзілге айналдырып, әлеуметтік желіде "Антиваксер портреті" деген челлендж бастаған.

— Қолданушылардың бірі президенттің сөзін іліп әкетіп, әлеуметтік желіге суретін қойып, өзі туралы ақпарат жазған. Мен қолдап, репост жасадым. Өз суретімді жарияладым. Басқалар акцияны ары қарай жалғап, суреттерін сала бастады. "Антиваксер портреті" челленжін 100-ден астам адам қолдады. Бәрі бұған әзілмен қарауға тырысты, — дейді Белла Филимонова.

Қазақстанда Covid жұқтырғандар көбейді. Неге?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Мұндай креативті әдістерге вакцинаның өзге қарсыластары да қосылған. "Қазақстандық ата-аналар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі міндетті вакциналау туралы шағымдардан кейін "Жүйені бұз" деп аталатын басқа челлендж бастаған. Челлендж авторлары вакцинаға қарсы болғаны үшін қысымға ұшыраған адамдарды жұмыс берушіден немесе емханадан олардың екпенің кері салдары үшін жауап беруге дайын екенін растайтын қолхат сұрауға, мүмкіндік болса, осының бәрін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салуға шақырған. Бірақ қоғам белсенділерінің айтуынша, видеоға түсіру қиын болған, өйткені мемлекеттік мекемелерде видеотүсірілім жасауға тыйым салынған.

— Бізге медициналық көрсеткіштеріне байланысты вакциналаудан босату қағазын бермегені, адамды толық тексеруден өткізбей, бірден екпе салуға жібергені туралы көп шағым түсті. Мүмкін адамда тромбоз, қан қысымы немесе жүрек ауруы бар шығар? Адамдар вакцинаны ерікті түрде салдырып жатқаны туралы қағазға қол қоятындықтан, бір жағдай бола қалса, олар (дәрігерлер, билік өкілдері) жауап бермейді. Заңгерлермен отырып, бүкіл құжаттарды қарап, не істеуге болатынын ойластырдық. Дәрігерлер адамдарды алдын-ала тексеруге жібергісі немесе вакциналаудан босатылатыны туралы медициналық құжат бергісі келмесе, біздің заңгерлер дайындаған қолхатты толтырсын деген шешімге келдік. Қолхатқа сәйкес, вакциналаудан кейін адамның денсаулығында қандай да бір кері әсер байқалса, бұл үшін дәрігерлер жауапқа тартылады. Адамдар дайын қолхаттарды алып, оны терапевт дәрігерге немесе жұмыс берушіге апарған. Күніне 20 шақты адамнан өтініш түсіп жүрді. Әлі де сұрап жатқандар бар. Осыдан кейін кей адамдарды тексеруге жібере бастады. Бірақ олар қолхатқа қол қоюдан бас тартқан. Бірнеше адам дәрігермен денсаулығына байланысты вакциналаудан босату қағазын сұрап, осы әңгіменің видеосын жіберді. Біз оны әлеуметтік желіге жарияладық. Басқа да видеолар болды, бірақ оларды салған жоқпын, өйткені онда балағат сөздер бар, — дейді "Қазақстандық ата-аналар одағы" қоғамдық бірлестігінің Алматы облысындағы өкілі Елена Моисеева.

Оралдағы Abyroi сауда орталығының қызметкерлері міндетті вакциналауға наразылық білдіріп тұр. 5 шілде 2021 жыл.
Оралдағы Abyroi сауда орталығының қызметкерлері міндетті вакциналауға наразылық білдіріп тұр. 5 шілде 2021 жыл.

ШЕНЕУНІКТЕРМЕН ЖӘНЕ КОМИТЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІМЕН "ӘҢГІМЕГЕ" ШАҚЫРУ

Елена Моисеева бірлестік өкілдері вакцинаға қарсы науқанға қосылғаннан кейін мемлекеттік органдардың жіті назарына ілінгенін айтады.

— Біз бар болғаны Конституция мен адам құқықтары бұзылмағанын қалаймыз. Бірлестік өкілдерін полицияға шақырып, сұрақ қойып жатыр. Жақында бір әйелдің үйіне учаске полицейі келіп, әңгімелесуге шақырып кеткен. Мені әкімдікке шақырды, ол жақта қаланың бас санитар дәрігері, медицина қызметкері, ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі саясат бөлімінің өкілдері отырды. Олар менен "Вакциналауға қарсы саясатты неге жүргізіп отырсыз?" деп сұрады. Мен вакциналауға қарсы емес екенімді, бірақ клиникалық зерттеулер аяқталмай жатып, екпеге сенім жоқ кезде адамдарды мәжбүрлеу шарасын қолдамайтынымды айттым. Жұмыстан шығарамыз деп неге қорқытады, неге мәжбүрлейді? Еңбек шартына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерін екпесі болмағаны үшін ғана жұмыстан шығара алмайды. Ал қызметкерлерге қысым көрсету жалғасып, адамдар амалсыздан вакцина салдырып немесе жұмыстан шығып жатыр. Әкімдікте осы мәселені талқыладық, олар "вакцина — эпидемияны тоқтатудың жалғыз жолы" деп есептейді. Бірақ қазірге дейін вакцина салдырған төрт жарым мың адам (28 шілде күні денсаулық министрлігі мұндай адамдар саны 6420-ға жеткенін хабарлады – ред.) коронавирустық инфекциясын жұқтырғанын көріп отырмыз. Яғни, вакцина кепілдік бермейді. Әкімдіктегі кездесуден кейін петицияға қол қойған кей азаматтарға хабарласып, "Шынымен вакциналауға қарсы пікірдесіз бе? Не үшін?" деп сұраған. Олардың жалған қолданушылар емесіне көз жеткізгілері келген сияқты. Кейінгі кездері мемлекеттік органдардың бізге деген назары күшейді, — дейді Елена Моисеева.

Қазір қоғам белсенділері мен заңгерлер міндетті вакциналауға және қазақстандықтарды эпидемиялық мәртебесіне қарай бөлетін, "қауіпсіз" топқа кіретін азаматтарға қоғамдық орындарға кіруге рұқсат беретін Ashyq мобильді қосымшасының үстінен арыздануға дайындалып жатыр.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: АЗАМАТТАР ЕКПЕДЕН БАС ТАРТУҒА ҚҰҚЫЛЫ

Азаттық тілшісі денсаулық сақтау министрлігінен вакцинаның қандай кері әсері немесе салдары болуы мүмкін екенін сұрады. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың екпенің салдарынан қорқып, препаратқа сенбейтінін айтып, вакциналаудан бас тартып жатқанына қатысты пікір білдіріп, вакцинаның қазірге дейін тіркелген салдарын санамалап шықты.

"Иммунизациядан кейінгі күтілген реакцияларға келсек. 16 шілдедегі дерек бойынша, коронавирусқа қарсы екпеден кейін 19 745 күтілген реакция тіркелген: 9 150 жалпы реакция (дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, бас ауруы, өзін нашар сезіну, әлсіздік, катаралды синдром және тағы басқа) және 10 595 жергілікті реакция (ине салған жердің қызаруы, ауыруы, ісуі, қышуы және т.б). Тіркеуге алынған күтілген реакциялардың жалпы саны вакцина салдырған адамдардың 0,4 % пайызында ғана кездескен. Иммунизациядан кейін салмақты жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ", — деді денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.

Министрлік осыған дейін вакцина салдырған азаматтар арасында коронавирус жұқтырған науқастар саны аз екенін (0,1 пайыз), бұл вакциналаудың тиімділігін көрсететінін айтқан. Ведомство сондай-ақ вакцина салдырған адамдар коронавируспен ауырған күннің өзінде сырқаты жеңіл формада өтеді деп мәлімдеді.

Билік мәжбүрлеуді күшейткенде вакцинаға қарсылар көбейді. Себеп неде?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:44 0:00

Азаттық денсаулық сақтау министрлігінен "Неге азаматтарды екпені ерікті түрде салдырып жатқанын растайтын құжатқа қол қоюға мәжбүрлейді? Бірақ дәрігер немесе басқа жауапты маман адамға вакцинаның ықтимал салдары туралы ақпарат бергені, бұған өзі де жауапты екені туралы қағазға қол қоймайды?" деп сұрады. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі соңғы сұрақты жауапсыз қалдырып, азаматтардың ақпараттық келісім беруіне қатысты толық емес ақпарат берді. "Ақпараттық келісімге қатысты. 77-баптың 18-тармағына сәйкес, азаматтар ақпараттық келісім беруге немесе емнен, медициналық шаралардан, оның ішінде профилактикалық екпелерден бас тартуға құқылы", — деді Есмағамбетова.

Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа елде "Гам-КОВИД-Вак" ("Спутник V"), отандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac деп аталатын төрт вакцинаны салып жатқанын хабарлады. Бірақ аталған вакциналар барлық өңірде бірдей табыла бермейді. Әзірге көбіне "Спутник V" екпесін салып жатыр.

10 шілде күні Тоқаев Pfizer екпесінің 2 миллион дозасын Қазақстанға алдырту жөніндегі келіссөздің бұзылғанын айтып, вакцинаны алдырту мәселесін жедел шешуді тапсырған еді. Санаулы күннен соң денсаулық сақтау министрлігі америкалық екпенің елге төртінші тоқсанда келетінін айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі келіссөз құпиялығына сілтеп, өзге деректерді ашпады.

Сауда орталығындағы вакциналау орны. Алматы, 25 шілде 2021 жыл.
Сауда орталығындағы вакциналау орны. Алматы, 25 шілде 2021 жыл.

Елде коронавируспен ауырған науқастар саны артып келеді. Індет балалар арасында да өрши бастаған. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда 34 мың балаға коронавирус жұғып, екі бала көз жұмған. 23 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елге Pfizer вакцинасы келсе, оны балаларға салу ерікті түрде, ата-анасының рұқсатымен ғана жүретінін айтты.

Қазақстанның эпидемиялық картасында барлық өңір "қызыл аймақта" тұр. Мақала жазылып жатқан тұста, Түркістан облысы "сары аймақта" болатын, бірақ жексенбі, 1 тамыз күні облыс өзге өңірлердің қатарына қосылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG