Алматының Алатау аудандық әкімдігінің күзетшісі республикалық "Хабар 24" телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірбергенді мемлекеттік мекеме ғимаратынан күшпен шығарып жіберді. Оқиғаның видеосын журналист Facebook-тегі парақшасында сейсенбі кешкісін жариялады.
Кадрдағы видеоға қарасақ, күзетші журналисті лифтіге кіргізбей қояды да, артынша көтеріп алып, шыңғырғанына қарамастан, ғимараттан шығарып, есікті жабады. "Міне, әкімдік күзетшілері осылай жұмыс істейді" дейді Ақбөпе Тәңірберген ентігін баса алмай. "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының мәлімдеуінше, журналистің айқайлағанына қарамастан, әкімдіктің бірде-бір қызметкері оған араша түспеген.
Алатау аудандық әкімдігі "күзет қызметі өкілінің әрекеті ақылға сыйымсыз" деп, қызметтік тергеу бастағанын мәлімдеді. Әкімдіктің хабарлауынша, оқиғаға журналист пен видеооператордың коронавирус жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшін Ashyq жүйесінде тексерістен өтпегені себеп болған.
Сәрсенбі күні Facebook-тегі парақшасындағы постында Ақбөпе Тәңірбеген әкімдіктен ешкім хабарласып, кешірім сұрамағанын жазды. Оның айтуынша, қызметкерлердің ешқайсысы Ashyq жүйесіндегі статусын тексеруді сұрамаған. "Мені әу баста кіргізу ойларында болмаған. Сондықтан ешкім менен Ashyq-ты көрсет деп сұраған да жоқ" деген Тәңірберген жүйедегі қауіпсіз "жасыл" статусының суретін де қоса жариялады.
Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Instagram-дағы парақшасында тілшіге күш қолдануды сынға алып, күзет қызметкерінің әрекетін заңға қайшы деп сипаттады.
"Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамасы мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес толық ақпарат алуға қай кезде де құқылы" деген Балаева әкімдік қызметкерлерінің бұл іске қатысты "еш шара қолданбауы" - “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай" деді.
Қазақстанда қауіпсіздік күштері журналистердің жұмысына жиі кедергі жасайды.
Парламент сайлауы өтіп жатқан 10 қаңтар күні Шымкенттің Әл-Фараби аудандық полиция қызметкерлері оншақты полицейдің бақылаушыны алып бара жатқанын видеоға түсіріп тұрған Азаттық тілшісі Дилара Исаның телефонын тартып алуға әрекеттенген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Азаттық тілшісі Аян Қалмұраттан коронавирусқа қатысты ПТР тест анықтамасын талап етіп, тілшіні күшпен сыртқа шығарып жіберді. Ереже бойынша, ақпарат құралы өкілдерінің ПТР тест тапсыруы міндетті болмаған.
Сол күні полиция астанада белсенділерді ұстау сәтін видеоға түсіріп жатқан Азаттық тілшісі Сәнияш Тойкеннің телефонын тартып алып, ондағы бірнеше видеоны өшіріп тастады. Былтыр қазанда Нұр-Сұлтанда бейбіт шара қатысушыларын ұстау кезін түсіріп жатқанда Сәнияш Тойкенге полицейлер күш қолданды. Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды тілшіге шабуыл жасаған оқиғаларды толық зерттеп, кінәлілерді жазалауға шақырған.
2019 жылы Алматы мен Нұр-Сұлтанда Азаттық журналистерінің жұмысына кедергі келтіру, оларға күш қолдану оқиғалары болды. Барлығы құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, кінәлілер жазаға тартылған жоқ.
Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірген адам үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сарапшылардың айтуынша, "жұмысыма кедергі келтірді" деп арызданған журналистер шағымының көбі қараусыз қалады.
"Шекарасыз репортерлер" (Reporters sans frontières, RSF) халықаралық баспасөзді қорғау ұйымы Қазақстанды "сөз бостандығы ахуалы нашар" елдер тізіміне қосқан. Құрамына 180 ел кіретін "Баспасөз бостандығы индексінде" Қазақстан 155-орында тұр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Учаскеге кіргізбеу, аңду, полиция шақыру. Азаттық тілшілері сайлау күні не көрді? "Мемлекеттік тапсырыс, ішкі цензура, билікке жалтақтау". Елдегі баспасөз еркіндігі қандай?