Израильдің Covid-ке қарсы екпе салдырған 12 жастан асқан тұрғындары жексенбіден бастап вакцинаның үшінші дозасын салғыза алады. Сарапшылардың айтуынша, бұл адам иммунитетін нығайта түсуге көмектеседі. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.
Мұның алдында қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдардың қайта вакцина салғызуына рұқсат етілген. Кейін үшінші доза салғызуға рұқсаты бар тұрғындардың жасы төмендей берді. Соңғы рет 30-дан асқандардың бәріне қайта екпе алу мүмкіндігі берілді.
Израиль денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешімге екі негіз бар деді.
Біріншіден, қайта салынған вакцина қатты ауырғандар санын едәуір азайтқан. Мұны елдің премьер-министрі Нафтали Беннетт те айтты. Екіншіден, алдын ала мәліметке қарағанда, Pfizer екпесінің күші (Израиль азаматтарының көбіне осы вакцина салынған) екінші вакцинаны салғаннан жарты жыл өткен соң төмендей бастайды. Израильде екпе салдырғандар арасында коронавируспен ауырғандардың көбеюіне осы жайт та себеп болған.
Қазір Израиль тұрғындарының 20 пайызы, яғни 2 миллиондай адам вакцинаның үшінші дозасын алған.
Америка Құрама Штаттары да бұрын толық вакцина алған азаматтарына екпенің үшінші дозасын салатынын жариялады. Дегенмен, екі елде де халықтың біраз бөлігі (Израильде – халықтың 20 пайызы, АҚШ-та – 40 пайызы) әлі мүлде екпе салдырмаған. Бұл елдерде Covid-ке қарсы вакцина салу міндетті емес.
Израиль, АҚШ және Еуропаның кей елінде коронавируспен ауырғандардың қайта көбеюіне екпе салдырмағандар арасында аса жұқпалы "дельта" штамының таралуы себеп дейді сарапшылар.
Израиль – тұрғындарына коронавирусқа қарсы екпені жаппай салуды алғаш бастаған елдердің бірі. Науқанды желтоқсанда бастаған Израиль бірнеше айда ересек тұрғындарының жартысына вакцина салып үлгерді. Ал жаңадан коронавирус жұқтырғандар саны күрт азайды. Індет өршіген тұста елде тәулігіне 10 мыңдай адам коронавирус жұқтырса, бұл кездері ондаған адамнан ғана вирус табылып жатты.
Алайда "дельта" штамы тарағалы бері вирус жұқтырғандар қайта көбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Балалардың Covid жұқтыруы неге жиіледі? Балалар инфекционисімен сұхбатҮш өңірде "ковидтектес пневмониямен" ауырғандар көп. Себеп неде?"Бес күн бойы тойға барды". Коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары не дейді?