Ауғанстанның Саманған уәлаятында тұратын қазақ отбасылары ресми Нұр-Сұлтаннан Қазақстанға алып кетуді сұрады. Олар бұл туралы Азаттыққа жолдаған видеоүндеуінде мәлімдеді.
– Біз соғыстың астында қалдық. Бізге көмек қажет. Қоңыратпыз. Ата-бабамыз Қазақстаннан келген. [Қазақстанның бұрынғы президенті, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы] Нұрсұлтан Назарбаевтан, [Қазақстан президенті] Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Саманғанда бес отбасы тұрамыз, – дейді өзін Нұролқақ Абдулқақ деп таныстырған жас жігіт.
Оның айтуынша, Саманған уәлаятының орталығы Айбақ қаласында тұратын бес қазақ отбасыда 50-ге жуық адам бар, бәрі Қазақстанға көшуге дайын отыр.
– Біз бір үйде 10 адамбыз. Ата-анам, аға-бауыр, іні-қарындастарым бар. Кейбір отбасыда тоғыз, кейібірінде жеті-сегіз адамнан. Қазір жағдаймыз ауыр. Үйден шыға алмаймыз. Қорқамыз. Бізді Қазақстанға алып кетіңіздерші, – дейді.
Саманған – Ауғанстандағы 34 уәлаяттың бірі. Елдің солтүстік бөлігінде орналасқан.
Қазақстан сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұған дейін Азаттыққа Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде іс-шараның басталғанын, алайда ондағы саяси-әскери ахуалдың нашарлауына байланысты қазақтарды қайтарудың нақты мерзімі белгіленбегенін айтқан.
Ресми өкілдің Азаттыққа берген жазбаша жауабында "Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігінің жанында этникалық қазақтарды анықтайтын арнайы комиссия құрылды және ол өз жұмысын жүргізіп жатыр. Аталған комиссия елшілікке жүгінген әр тұлғаның құжаттарын кешенді қарастырып, шешім қабылдайды. Өтініш білдірушімен жан-жақты сұхбат өткізіп, ауған тарапы берген төлқұжаттарын тексереді. Сондай-ақ, қазақ тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі бойынша сұрақтар қояды" деп жазылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Аяғыма бомба жарықшағы тиді", "тәліптер өлтіруі мүмкін". Ауған қазақтарының жанайқайыБұған дейін Ауғанстанда тұратын қазақтар "өздеріне берілген құжатта ұлты деген жерге "ауған" деп жазылғанын, Қазақстан елшілігінің соған сілтеп көмек көрсетуден бас тартқанын айтқан.
"Талибан" қозғалысы Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта этникалық қазақ бар" деген. Алайда Ауғанстанда тұратын қазақтар өздерінің бұдан көп екенін айтып, 30-ға тарта отбасын санап шықты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауғанстанда қанша қазақ тұрады?