9 қыркүйекте Шымкенттің Абай ауданы Қызылжар ықшамауданының ондаған тұрғыны елді мекендегі жалғыз спорт алаңының орнында емхана салуға қарсылық білдірді. Полиция мен арнайы жасақ алаңға жақын Гүлістан көшесін жауып, ішке кіріп шығуды шектеді. Тұрғындар емхана салуға қарсылық білдіріп, құрылысшыларды алаңға өткізбеуге тырысқан бірнеше адамды полиция ұстап әкеткенін айтады.
Көлемі 2 гектардан асатын спорт алаңы ықшамаудандағы N53 мектепке қараған. Онда әр жастағы жүздеген бала түрлі спорт түрімен жаттығады. Стадион орнында емхана салынатынын тұрғындар 8 ай бұрын білген. Наразы болып жергілікті әкімдікке, прокуратураға, президент әкімшілігіне де шағымданған. Бірақ нәтиже болмаған.
- Таңертең полиция мен құрылысшылар арнайы техникамен келді. Отыз шақты адам оларды спорт алаңына кіргізбеуге тырыстық. Полиция араласып, бірнеше жігітті алып кетті де жолды жауып тастады, - дейді наразылардың бірі Вахиджан Ташбулатов.
Наразы тұрғындардың арасында "полиция баламды алып кетті" деп жүргендер де болды. Олардың бірінің айтуынша, екі ұлын полиция спорт алаңының алдына барғаны үшін алып кеткен.
"Полиция басқармасына барып таппай келдік. Балаларымның бір тал шашы түссе мына тұрған полицейлердің бірін де аямаймын" дейді ол ашуланып.
Ақпаратқа қарағанда, ықшамауданда 500 орындық емхана салу туралы шешім былтыр шыққан. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвестор есебінен бой көтереді дейді жергілікті билік.
Бейсенбі күні оқиға орнында болған Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың Азаттыққа айтуынша, тұрғындар бұған дейін бірнеше рет наразылық білдірген. Бірақ бұл емхана ықшамаудан тұрғындары үшін өте қажет. Себебі, қазір 9-емхананың ғимараты апатты жағдайда тұр. Ал емханаға 68 мың адам тіркелген.
Қазір спорт алаңында құрылысшылар мен арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Наразы тұрғындардың бір тобы алаңда тұрғындар есебінен орнатылған орындықтар мен футбол қақпаларын жинай бастаған.
Спорт алаңының салынғанына 70 жылдан асқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкентте "лай су ішіп отырған" тұрғындар көшені жапты