Түркіменстанда биыл қыркүйекте бірнеше маңызды іс-шара өтеді. Бұл оқшау өмір кешіп жатқан елде маңызды өзгерістер болатынын білдіретіндей.
27 қыркүйекте Түркіменстан тәуелсіздік күнін атап өтеді. Сол мереке тұсында парламенттің жоғары палатасы – "Халық мәслихаты" жиыны өтпек. Президент басқаратын елде болмашы рольге ие бұл палата – ең жоғарғы заң шығарушы мемлекеттік орган.
Ал 22 қыркүйекте Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов 40 жасқа толады.
Түркіменстан конституциясы бойынша дәл осы жасқа келген "кез келген адам" президенттікке үміткер бола алады. Осы екі оқиғаның қатар келуі елде ерекше өзгеріс болғалы жатыр ма деген ойға жетелейді.
Кейінгі кезде президент Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовті өз орнына дайындап жатқаны анық байқалып жүр.
СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВТІҢ "ЕҢБЕК" ЖОЛЫ
Сердар Бердімұхамедов 2014 жылы тамызда университет бітірген. Ал 2016 жылғы қарашада парламенттегі бос орынға сайланып, депутат болған. Сайлауда Сердар Бердімұхамедовтің парламентке өткені ерекше жаңалық болды.
Ал президенттің ұлы орнын иеленген депутат сайлаудың алдында ғана отставкаға кеткені кейін мәлім болған.
Сердар Бердімұхамедов әлі де парламент депутаты болып отыр. Сондай-ақ ол премьер-министрдің экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ол 2018 жылғы наурызда қайтадан депутат болып сайланған. Содан кейін билік басына қарай жылдам өрлей бастаған Сердар Бердімұхамедовтің лауазымын санар болсаңыз, жаңылып қалуыңыз мүмкін.
Ол сыртқы істер министрінің орынбасары, аймақ басшының орынбасары, ел астанасы Ашғабат орналасқан Ахал уәлаятының басшысы, өндіріс және құрылыс министрі, министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, жоғары бақылаушы орган төрағасы қызметтерін атқарып, қауіпсіздік кеңесінің құрамына кірген. Бұған қоса ол түркімен алабай иті қауымдастығының, ақалтеке жылқысын өсіру қауымдастығының президенті. Түркіменстанда ерекше қастерленетін бұл екі жануарға тіпті ескерткіш те қойылған.
Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік баспасөз құралдары Сердар Бердімұхамедовті жиі көрсете бастады. Ал жақында осындай адамы бар Түркіменстанның жолы болғанын айтты. Ол Токио олимпиадасына түркімен делегациясын бастап барып, тәуелсіз ел тарихында алғаш рет олимпиада ойындарынан жүлдемен оралған ұлттық құрама команданың құрметті бапкері атанған.
Токио олимпиадасында түркіменстандық ауыр атлет Полина Гурьева күміс медаль алды. Ал мемлекеттік баспасөз құралдары бұған Сердар Бердімұхамедовтің зор үлес қосқанын, ол елге оралған соң Гурьеваға су жаңа Lexus автокөлігін сыйлағанын жарыса хабарлады.
Мемлекеттік телеарналар Сердар Бердімұхамедовтің спортшыларды марапаттағанын, мектепке барып, оқушылармен сөйлескенін де жиі көрсетеді.
МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕАРНА ЖӘНЕ СЕРДАР БЕРДІМҰХАМЕДОВ
Бұрын мемлекеттік телеарна тек президент Гурбангулы Бердімұхамедов туралы жаңалық тарататын. Кейінгі кезде оның ұлын да жиі көрсететін болған.
Тәуелсіздік күні ерекше оқиға болатыны жайлы ештеңе айтылмады. Тек жұрт арасында Арқадағтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы тараған қауесет оның орнына ұлы отырады-мыс деген долбар жасауға себеп болды. "Арқадағ" (жебеуші, жарылқаушы деген мағына білдіреді - ред.) – президент Гурбангулы Бердімұхамедовке парламент берген атақ.
Орталық Азия елдерінде авторитар басшының денсаулығы нашарлағаны үнемі айтылады. Ондай сөз деспотизмнен құтылар күн туа ма деген үмітпен тарағандай әсер қалдырады.
Гурбангулы Бердімұхамедов қант диабетімен ауырады. Мемлекеттік телеарналар оның велосипед мініп серуендеп жүргенін, жаттығу жасап я түрлі қарудан нысананы көздеп атып жатқанын жиі көрсетеді.
Соған қарамастан 2019 жылы жазда ол біршама уақыт жұрт көзіне көрінбей қалған кезде әлгіндей қауесетті дәлелдей түскендей болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бердімұхамедовтің "Тозақ қақпасына" баруыСердар Бердімұхамедовтің президент қызметіне қарай жылдам өрлеп келе жатқаны анық. Тек жұртты билік қалай және қашан ауысады деген сауал мазалайды. Халық мәслихатының тәуелсіздік күні өтетін отырыстың көпшілікті бұрынғыдан бетер қызықтыратыны содан.
Негізі, 27 қыркүйек Түркіменстан тәуелсіздігі жарияланған күн емес. 2017 жылғы 27 қыркүйекте Түркіменстанда жауынгерлік өнер түрлерінен жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындары аяқталған. Он күнге созылған бұл шараға үкімет қыруыр қаржы жұмсаған. Ал оған дейін, 1991-2017 жылдары Түркіменстанда тәуелсіздік күні 27 қазанда тойланып келген.
ХАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ЖИЫНДАРЫ
Сайып келгенде, Халық мәслихаты тәуелсіздік күні жиын өткізуге міндетті емес. Әйткенмен күмәндануға негіз бар, себебі әдетте маңызды шешімдер Халық мәслихаты жиынында қабылданады.
1996 жылы қыркүйекте Халық мәслихаты сол кездегі президент Сапармұрат Ниязовты өмір бойы президент етіп қалдыруды ұсынды. Ниязов "келіспейтінін" айтты. Халық мәслихаты 1999 жылы Түркіменбасының (Ниязовқа ел парламенті берген атақ – ред.) өмір бойы президент болып қалуын қолдап дауыс беріп, оны дәм-тұзы таусылғанша билікте қалдыруға "көндірген".
Ниязовқа ерте кездегі Мұхаммед пайғамбардыкіне ұқсас ақ шапан мен асатаяқ беріп, "Тәуелсіз Түркіменстанға деген ұлы махаббаты үшін" орденімен марапаттаған. 1999 жылы наурызда бекітілген бұл орденде Ниязовтың бейнесі болған, бірақ Бердімұхамедов билікке келген соң орденнен Түркіменбасының суреті жоғалған.
2002 жылғы тамызда Халық мәслихаты Ниязовтың апта мен ай аттарын өзгерту туралы пікірін қолдаған. Ниязовтың отставкаға кету немесе жаңа президент сайлауын өткізу туралы жасаған "ұсынысына" үнемі қарсылық білдіріп отырды.
2006 жылдың аяғында Сапармұрат Ниязов дүниеден өткен соң Халық мәслихаты парламент спикері Овезгелді Атаевқа қарсы қылмыстық іс қозғады. Түркіменстан Конституциясына сәйкес, президент өз міндетін атқара алмаса, оның қызметі парламент спикеріне өтуі тиіс еді.
2008 жылы қыркүйекте Гурбангулы Бердімұхамедов Конституцияға өзгеріс енгізді. Халық мәслихатын таратып, оның өкілетін парламент пен атқарушы билікке бөліп берді. Бірақ 2017 жылы Халық мәслихатын қайта енгізіп, оған парламенттің жоғары палатасы статусын берді.
2018 жылы Халық мәслихаты тәуелсіздік күнін 27 қазаннан 27 қыркүйекке ауыстыру жөніндегі ұсынысты қолдап, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халыққа табиғи газ, электр жарығы мен суды тегін пайдалануға мүмкіндік беретін ереженің күшін жоюды мақұлдап дауыс берді.
2019 жылы Түркіменстан парламенті президент Гурбангулы Бердімұхамедовке "елдің құрметті ақсақалы" атағын берген. Билік өкілдері Бердімұхамедовке осы атақ "халықтың сұрауы" берілгенін айтқан. Бұл кезде елде азық-түлік қымбаттап, халықты тапшылық қысып жатқан еді.
Биыл тәуелсіздік күнінде Түркіменстанда кезекті саяси қойылым болады деуге негіз жоқ емес. Оның қалай болатынын көру үшін 27 қыркүйекті немесе 2002 жылы қабылданған түркімен күнтізбесі бойынша "27 рухнаманы" күту керек.
Блог авторының пікірі Азаттық редакциясы көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қызметі – "президент немересі". Орталық Азия сарайларындағы еркетотай үшінші буын