"Сатушы көп, алушы аз". Жем-шөптің қымбаттауы шаруаны малын сатуға мәжбүр етті

Қарабұлақ базарына сатуға әкелген малды, өзге қоймен араласып кетпес үшін, темір шарбақтың ішінде ұстайды. Түркістан облысы Сайрам ауданы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Түркістан облысында биыл қуаңшылық салдарынан мал азығы қымбаттады. Жергілікті билік баға өссе де, қысқа жеткілікті шөп бар деп сендіреді. Бірақ астық түсімі аз болғандықтан жем тапшы, әлі де қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді. Қымбат жем-шөпті алуға шамасы жетпеген шаруа қолдағы малын азайтуға мәжбүр болғанын, қазір базарда мал сатушы көбейіп, баға түсіп кеткенін айтады. Азаттық тілшісі облыстағы ең ірі мал базары орналасқан Сайрам ауданына барып қайтты.

ҚАРАБҰЛАҚ МАЛ БАЗАРЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС

Қазақстанның өзге аймақтарындағы сияқты биыл Түркістан облысында да шөп бітік шыққан жоқ. Жаздай жауын-шашын болмаған өңірде шөп қымбаттап, малшы қауым қиналып қалды. Жұрттың көбі былтырғыдан екі есе қымбат жем-шөпті алуға шамасы келмеген соң, қолдағы мал басын азайтуды ұйғарған.

Облыстағы ірі мал базары Шымкенттен 30 шақырымдай қашықтағы Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан. Аумағы 11 мың гектарға жуық ауыл округінде, ресми мәлімет бойынша, 50 мың астам адам тұрады. 1500-ден астам шаруа қожалығы тіркелген.

Қарабұлақ мал базарының қақпасы. Түркістан облысы Сайрам ауданы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Сайрам ауданындағы Қарабұлақ мал базарына Түркістан облысының барлық ауданынан сатуға мал әкеледі.

Коронавирус пандемиясына байланысты қазір бұл базар аптасына бір рет – сәрсенбі күні ғана жұмыс істейді. Бұл күні алыс-жақын ауылдан төрт түлік малмен күнкөретін жұрт осы базарға ағылады.

Шаруалар биыл қуаңшылық қысып, жем-шөп қымбаттаған соң базарда мал сатушы көбейіп, баға түсіп кеткенін айтады. Қарабұлақ мал базары. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Жұрт сатуға әкелген малды базарға түнгі сағат 12-ден бастап кіргізе бастайды. Таңертеңнен сауда-саттық басталады.

Әдетте мал алуға келетін жұрт азайған соң, түс ауа сауда саябырсып, кеш түспей мал базары жабылады. Мал сатушы көбейіп, сатып алушы азайған соң кейінгі кезде базар одан да ерте жабылатын болған.

Қарабұлақ мал базарындағы алыпсатарлар.

Қарабұлақ мал базарының аумағы бетонмен дуалмен қоршалған. Адам кіретін есігі көп болғанымен, сатуға әкелінген малды бір ғана есіктен кіргізіп, шыққанда бөлек есіктен шығарады.

Базар күні малы өтпей қалса сатушыға тиімсіз. Базардан мал шығарып бара жатқан адам, ірі я ұсақ екеніне қарамай, шығар кезде мал басына 500 теңгеден төлеуі тиіс. Сондықтан сатушы малды сатып жіберуге барынша тырысады, әйтпесе базар аяқталғанда қолында қалған мал оған қосымша шығын.

Қарабұлақ мал базарындағы автотұрақ. Аптаның сәрсенбісінде ғана жұмыс істейтін базарға мал сатуға және алуға жұрт облыс аудандарынан келеді.

Базар маңындағы үш автотұрақта жүздеген орын бар, оған жеңіл я жүк көлігін қоюға болады.

Автотұрақтан орын таппағандар көлігін жақын маңдағы жол жиегіне қояды. Базар алдында ішке кіруге кезек күтіп мал тиелген жүк көліктері тұр.

Қарабұлақ мал базарына кіруге кезек күтіп тұрған жүк көліктері.

Қарабұлақ мал базары үш бөліктен тұрады. Бірінде қой-ешкі, екіншісінде – сиыр, үшіншісінде – жылқы сатылады. Біз базарға барған күні үшеуі де сатуға әкелінген малға лық толы екенін байқадық.

Кейбір мал базар қақпасына жақын маңда тұр. Кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой даусы азан-қазан қылып тұрған базардың іші ығы-жығы адам. Мал сатушы көп те, алушы аз.

Базардың іші ығы-жығы халық. Сатуға мал әкелгендер кіреберіске дейін отыр.

"ҚЫСТА ЖАҒДАЙ ҚИЫНДАЙДЫ"

Қарабұлақ базарында біз жолықтырған Бақпан Қоспанов Бәйдібек ауданы Кеңес ауылынан келген. Бүгін ол мұнда сатуға төрт қой әкеліпті.

Бақпан жастайынан мал бағатынын, биыл жыл басында жылқы, сиыр, қойын қосқанда жетпіс бас малы болғанын айтады.

Бүгін базарға шығарып сатуға төрт қой әкеліпті.

Қарабұлақ мал базарына Бәйдібек ауданынан сатуға қой әкелген Бақпан Қоспанов. Түркістан облысы Сайрам ауданы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Бақпанның сөзінше, бұған дейін ол жылда 500 мың теңгеге 1700-1800 десте шөп, 2 тонна жем сатып алып, малы сонымен қыстан шығады екен.

Бірақ биыл қырық бас малға мың десте шөпті 1,2 млн теңгеге сатып алған. Енді жемге тағы 200 мың теңге керек дейді.

– Жоңышқа екі есе, сабан – үш есе қымбаттады. Осы малмен күнкөріп отырмыз. Ауылда басқа жұмыс жоқ. Мемлекет жәрдем бермейді. Жер болса жекешеленіп кеткен. Қазірдің өзінде шөп жоқ. Қыста бұдан да қиын болады деп ойлаймын. Сондықтан сатып жатырмын, – дейді малшы.

Cатып алушыға қойды көрсетіп жүрген сатушы. Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ мал базары. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Бақпан Қоспанов төрт қойын базарға түнгі сағат екіде кіргізген. 30 келі ет беретін әр саулықты 60 мың теңгеден сатқысы келеді. Бірақ таңертеңгі сағат он кезінде сұрағанымызда, әлі бірде бір малы сатылмағанын айтты.

Бұл күні Қарабұлақ базарында сатуға әкелінген жүздеген қой болды.

Бес қойға дейін әкелгендер малын біріне бірін жіппен байлап қойыпты. Ал одан көп қой әкелгендер, бөтен малға қосылып кетпес үшін өз малын темір шарбақтың ішіне кіргізіп қойған.

Сатылатын қой бағасын келісіп, қол алысып тұрған сатушы мен сатып алушы.

Базар нарқын да сұрап көрдік. 3-4 айлық қозының бағасы 25 мың теңгеден басталады екен.

Тоқты, ісек, саулықтың бағасы етіне қарай 40-50 мың теңгеден аспай тұр. Ал үш-төрт жасар қошқар салмағына қарай бағаланып жатыр.

Базардағы қойдың көбі арық екені байқалады.

"ҚОЛДАҒЫ МАЛДЫҢ ЖАРТЫСЫН САТУҒА ӘКЕЛДІМ"

Қарабұлақ мал базарының қой сататын бөлігінен жоғары өрлеп, сиыр сатып жатқан жерге келдік. Малдың көптігінен жұрт жалғыз аяқ жолмен ары-бері әрең өтіп жатыр.

Мал сатушы мен сатып алушы бағасын келісіп тұр. Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ мал базары. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Сиыр, тана, бұқа, бұзауды сатушылар біріне бірі жақын қойған. Мұнда да мал сатып тұрған адам көп, алушы аз.

Мал таңдап сатып алып жүргеннің дені малды бордақылап, кейін етін өткізетіндер. Сауынды сиыр сұрап жатқандар жоқтың қасы.

– Қолымда 30 бас сиыр бар. Мына әкелген 15 құнажынды сатып, қалған 15 сиырды сақтап қалу үшін жем-шөп сатып аламын. Қыс қатты болады деп жатыр. Басқа амал жоқ, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген шаруа.

Қарабұлақ мал базарынан сатып алған сиырды жеңіл көліктің тіркемесіне тиеп, әкетіп барады. Сайрам ауданы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Оның сөзінше, жоңышқа дестесінің бағасы 800 теңгеден 1500 теңгеге, бір қап кебек мың теңгеден 2200 теңгеге дейін өскен.

Бұрын 60-70 теңгеден сатылған бидайдың келісі қазір 120-130 теңгеге жеткен. Кезінде егістікте шашылып тегін жататын сабанның дестесі мың теңгеге дейін барды дейді ол.

– Бір сиыр қыс бойы жүз мың теңгенің жем-шөбін жейді. Ал мен бір құнажынды 140 мың теңгеге сата алмай тұрмын. Малдан пайда қалмады, – дейді малшы күйініп.

Кей шаруа қолындағы екі сиырдың бірін сатып, түскен ақшаға жем-шөп алып, екінші сиырды сақтап қалғысы келетінін айтады.

Базарда сиыр бағасы бұрынғымен салыстырғанда шамамен 30-40 мың теңгеге түскен дейді алыпсатарлар. Мысалы, көктемде 140-150 мың теңгеге сатылған тайынша қазір 110-120 мың теңге тұрады.

– Мал бағасы осылай түсіп, базар лық толғанын ешқашан көрген емеспін. Күннен күнге мал сатушы көбейіп жатыр, – дейді шаруадан арзанырақ сатып алған малды үстіне ақша қосып қайта сатумен айналысатын Нұрлыбек Сиқымбаев.

Қарабұлақ мал базарына Түлкібас ауданынан екі құлынды биесін сатуға әкелген адам.

Әсіресе жылқы қатты арзандаған. Түлкібас ауданынан екі құлынды биесін сатуға әкелген азамат қазір базарда жылқы өтпей жатқанын айтып шағынды.

Көктемде 700 мың теңгеге сатылған құлынды биені қазір 550 мың теңгеге сата алмай тұр. Ол да мал асырау тиімсіз бола бастағанын айтады.

– Саумалын ішіп отырған едік. Міне, күз түсті, шөп жоқ. Сатып алайын десек жем-шөп тіпті қымбат. Бір құлынды биені қыстан шығаруға 300 мың теңгедей ақша кететін болған соң қыста аштан өлтіріп алмай тұрғанда сатайық деп шештік, – деді ол.

Қарабұлақ мал базарында бес құлын сатып тұрған жігіт. Түркістан облысы Сайрам ауданы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

Дәл осы сәтте жанымыздан өтіп бара жатқан екінші шаруа:

– Зарымызды кім тыңдайды дейсің қазір? Ешкім. "Мал ұстайсың ба, өзің үшін бақ" дейді. Сатпағанда қайтеміз? Қазір бізде аз да болса жем-шөп бар. Маңғыстауда мал аштан қырылып қалды. Кім көмек берді? Ешкім. Неге оларға үкімет көмектеспейді? – деп ренжи сөйледі.

Your browser doesn’t support HTML5

Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық

"ҮКІМЕТ ХАЛЫҚТЫ ОЙЛАУЫ КЕРЕК"

Сайрамдық зейнеткер Сайдикарим Абдиазимов 400-дей қой, 150-дей жылқы, 150-дей ірі қара ұстайды. Ол биылғы қуаңшылық малшы қауымға ауыр тигенін айтады.

– Бағасы екі есе өскен жем-шөпті сатып алуға жұртта жағдай жоқ. Ешкім бала-шағасын асырап отырған малын базарға шығарып, арзанға жетіскеннен сатып жатқан жоқ, – деп кейіді шаруа.

Шаруа Сайдикарим Абдиазимов жем-шөп тапшылығы мен қымбатшылық қысса да, қорасындағы малын сақтап қалғысы келетінін айтады.

– Жерді жалға алып, егін егіп, шөбімізді жинадық. Көктемге дейін жетсе екен деп тілеп отырмыз. Бізді асырап отырған жер мен мал ғой. Ауылда зауыт-фабрика істеп тұрған жоқ. Малын сатып жіберген шаруа ертеңгі күні бала-шағасын немен асырайды? Обал ғой. Үкімет халықты ойлауы керек, – дейді Сайдикарим Абдиазимов.

Жергілікті әкімдік өкілдері биыл өңірде жаңбыр болмай, шөп бітік шықпағанын, жем-шөптің қымбаттап кеткенін растайды. "Бағасы өссе де шөп жеткілікті, ал бірақ жем әлі де қымбаттауы мүмкін" деп ескертеді олар. Шөп бағасына бензин мен шөпті жинап, дестелеу құнының қымбаттауы әсер етіп отыр деп түсіндіреді.

Көк шөп тиелген жүк көлігі. Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы. 15 қыркүйек 2021 жыл.

– Шөп болмайды деген үрей де бағаның өсуіне әкелді. Мысалы, бұрын шөпті 40 теңгеден дестелейтін болса, қазір ол жұмысқа 80 теңге алатын болды, – дейді Түркістан облыстық ауылшаруашылық басқармасының өкілі Нұржігіт Мырзахметов.

Оның сөзінше, әсіресе Келес және Сарыағаш ауданында шаруаны қуаңшылық қысып тұр. Жайылымда шөп жоқ. Аймақта жем тапшы. "Облыста биыл 216 мың гектар жерге астық егілген, әр гектардан алынған өнім 10 центнерден аспайды" дейді ауылшаруашылық басқармасының өкілі.

Ресми мәлімет бойынша, Түркістан облысында 1 млн-нан аса жылқы мен сиыр, 7 млн-нан астам қой-ешкі бар. Малды қыстан алып шығу үшін 4 млн тонна шөп қажет.

Кейбір сарапшылар биыл күзде арзандап кеткен мал алдағы қыстан бастап күрт қымбаттауы мүмкін, онда тиісінше ет және сүт өнімдерінің бағасы да көтеріледі деп болжайды.

Қуаңшылық салдары: жем-шөп қымбат, мал арзан