Тоқаев: Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне енсе, оған үлес қосуға тырысады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 76-сессиясына видеоүндеу жолдады. Үндеу ұйым сайтында жарияланды.

Тоқаев COVID-19 пандемиясымен күрес, климат дағдарысы және Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай мәселелерін қозғады.

Президент Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцинасын әлем елдерімен бөлісуге әзір екенін айтты. Сонымен бірге құрғақшылық мәселесін сөз етті.

— Осыған байланысты Қазақстан 2060 жылға қарай көміртектен таза ел болуды көздейді. Келесі айдан бастап 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің энергия шығынын 50 пайызға азайтуға бағытталған 2050 жылға дейін көміртегі аз ұлттық стратегияны дамытуды бастаймыз, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Ауғанстанда келіссөздер өткізу арқылы инклюзивті және сайланған жаңа үкімет құру жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үндеуін құптайтынын айтты. "Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл маусымда Қазақстан үкіметі Адам құқығы саласындағы кезек күттірмейтін шаралар жоспарын бекіткенін, 2022-2024 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына ену үшін өз кандидатурасын ұсынғанын мәлімдеді.

- Таңдалған жағдайда Қазақстан Кеңес жұмысына өз үлесін қосуға тырысады, – деді Президент.

Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстанды адам құқықтарын бұзды деп айыптап жүр. Сыншылардың пікірінше, қазақ үкіметінің адам құқықтарына қатысты жариялаған реформаларының көзбояушылық сипаты басым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақтөбеде полиция Назарбаевқа санкция талап еткен құқық қорғаушыны ұстап әкетті"Тұманды" һәм "үміт сыйлайтын" жарлық. Тоқаевтың адам құқығы жайлы жарлығына реакцияТоқаев адам құқығы саласында басымдық берілетін шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды"Пандемияны сылтаурату". Орталық Азия мен Еуропа елдері адам құқығын қалай шектеді?"Адам құқығының жайына алаңдаймыз". Еуропарламент депутаты Хейди Хауталамен сұхбат