"Газпром" 1 қазаннан бастап Венгрияға Украина арқылы табиғи газ тасымалдауды тоқтатты. Бұл жөнінде "Оператор ГТС Украины" компаниясы хабарлады.
1 қазаннан бастап "Түрік ағысы" мен Оңтүстік Шығыс Еуропа құбырлары арқылы газ тасымалдау жөнінде Венгрия мен Ресей арасында жасалған келісім күшіне енеді. Ол 15 жылға жарамды.
Украина келісім-шартты сынады. "Оператор ГТС Украины" жетекшісі Сергей Макогон "Газпромды" Еуропаға газ тасымалдайтын бағыттардың барлығын монополиялап, аймақта газ бағасы шарықтаған шақта соны саяси мақсатта пайдаланып отыр деп айыптады. Ал Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей бар болғаны келісім-шартта жазылған міндеттерін орындап жатыр және ешкімнің құқығын бұзған жоқ деп мәлімдеді.
Қыркүйектің соңында Еуропада биржада алғаш рет бір текше метр газдың құны мың долларға жетті. Жыл басынан бері газдың құны шамамен төрт есеге өскен.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның шарықтауына 2020 жылы қыстың қатты және жаздың аптап ыстық болғаны әсер еткен. Еуроодақ пен Ұлыбританиядағы қоймалардың төрттен үш бөлігі ғана толған. Бұл соңғы он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.
РБК-ның жазуынша, газ бағасының құнына Украина арқылы қосымша газ тасымалдау жөнінде аукциондар да әсер еткен. Онда күніне 15 млн текше метр газ саудаға түседі. Бірақ "Газпром" кемінде төрт пайыздан астамын сатып алған. 20 қыркүйекте компания аукционда қосымша тапсырыс бермеген.
Бұл Еуропарламенттің ресейлік "Газпромнан" нарыққа саналы түрде қысым жасап, монополия жасады деп күдіктенуіне түрткі болды. Ал ресейлік концерн тасымал көлемін ұлғайтқысы келетінін айтқан.
Мәскеу "Солтүстік ағыс – 2" газ құбыры іске қосылғаннан кейін де бағалар тепе-теңдігі сақталатынын алға тартқан. АҚШ, Украина және ЕО-ның бірқатар мүшелері қарсы болған "Солтүстік ағыс – 2" жобасы салынып біткенмен сертификаттау рәсімінен өтпегендіктен пайдаланылған жоқ. Сертификаттау процесі 8 қыркүйекте басталған және төрт айға созылуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Газпром" "Солтүстік ағыс — 2" жобасының аяқталғанын хабарлады"Газпром" Ресейдің "Солтүстік ағын – 2" газ құбырының жартысын ғана пайдалана алады Навальный, Кремль, АҚШ, Германия. "Газпром" құбыры Ресейді санкциялау тетігіне айнала ала ма?