Accessibility links

Навальный, Кремль, АҚШ, Германия. "Газпром" құбыры Ресейді санкциялау тетігіне айнала ала ма?


GERMANY -- The pipe-laying vessel Fortuna, which may be used to complete the construction of the Nord Stream 2 Baltic Sea gas pipeline, makes its way to Wismar, September 30, 2020. Ресейдің құбыр төсейтін кемесі "Фортуна". 30 қыркүйек 2020 жыл.
GERMANY -- The pipe-laying vessel Fortuna, which may be used to complete the construction of the Nord Stream 2 Baltic Sea gas pipeline, makes its way to Wismar, September 30, 2020. Ресейдің құбыр төсейтін кемесі "Фортуна". 30 қыркүйек 2020 жыл.

Ресейден Германияға газ таситын Nord Stream 2 құбырының құрылысы кідірістен соң қайта жалғасты. Қазір ең соңғы бөлігі салынып жатыр. Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың қамалуынан соң бұл құбыр Ресейге жаңа санкция салудың бас объектісіне айналды. АҚШ пен кей Еуроодақ елдері бұл жоба Еуропаны Ресейге тәуелдірек етеді деп оны тоқтатуға шақырып отыр. Бірақ соңғы сөз Германияда.

ДАУ НЕДЕН ТУДЫ?

6 ақпан күні Ресей газын Германияға жеткізетін 1,2 мың шақырымдық Nord Stream 2 (Солтүстік ағыс 2) суасты құбырының соңғы бөлігі салына бастағаны хабарланды. Құрылыс жұмыстары Балтық теңізінің Данияға қарасты бөлігінде жүрмек.

АҚШ бұл жобаға бұрыннан қарсы. Ресми Вашингтон Nord Stream 2 Еуропаны Ресей энергетикасына тәуелдірек етеді деп алаңдайды. Бұл алаңдаушылықты Шығыс Еуропа елдері де қуаттайды. Қарсылық танытушылар арасында Украина да бар. Өйткені суасты газ құбыры салынса, миллиардтаған долларлық табысынан айырылады. Осыған дейін Ресей газының бір бөлігі Еуропаға Украина арқылы тасымалданған. Ресми Киев осы үшін ақы алып отырған.

Навальныйдың қамалуы, наразылыққа шыққан жақтастарының ұсталуы және қудалануы, еуропалық дипломаттардың елден қуылуы Ресейге жаңа санкция салу мәселесін көтерді. Осы ретте Батыс елдерінің назары экономикалық және стратегиялық маңызы жоғары Nord Stream 2 жобасына түсіп отыр.

Nord Stream 2 жобасы картада.
Nord Stream 2 жобасы картада.

ГЕРМАНИЯНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?

Ресей билігі наразылық акциясына қатысты деп Германия, Швеция және Польша дипломаттарын еліне қайтару туралы шешім шығарған соң, Германия канцлері Ангела Меркель 5 ақпан күні Nord Stream 2 жобасын әлі де қолдайтынын, ұстанымы өзгермегенін айтты.

"Ресейдегі оқиғаларға келер болсақ, санкцияларды жалғастыру құқығымыз әлі де бар. Әсіресе жеке адамдарға қарсы" деді Меркель Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлескен соң. "Әзірге бұл [Германия үкіметінің] Nord Stream 2 жөніндегі ұстанымына әсер етпейді".

Желтоқсанның соңында ресейлік "Фортуна" кемесі құбырдың Германия суларындағы 2,6 шақырымдық бөлігін салған. Nord Stream 2 жобасына жауапты консорциум 6 ақпан күні "Фортунаның" Дания суларына ойысып, құбырдың сол жердегін бөлігін төсей бастағанын мәлімдеді.

Ресейлік кеме АҚШ санкциясына ілінген. Бірақ бұл құбыр төсеуге кедергі бола алмады.

"Жұмыстардың бәрі рұқсатпен жүріп жатыр" деді консорциум Reuters агенттігіне.

Навальныйға түрме жазасы кесілген тұста Франция Германияны Nord Stream 2 жобасын қайта қарауға шақырды.

"Біз бұл жағдайда осы жобаға күдікпен қарайтынымызды әрдайым айтып келеміз" деді Францияның Еуропа істері жөніндегі министрі Клеман Бон 1 ақпан күні France Inter радиосына берген сұхбатында.

Бірақ соңғы сөз Германияда дейді министр.

АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден осыған дейін Nord Stream 2 жобасын Еуропа үшін "тиімсіз мәміле" деп атаған. Ал Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки 26 қаңтарда Байденнің пікірі өзгермегенін айтты.

Бірақ Дания суларындағы 120 шақырым мен Германия жағалауындағы шағын бөлік қана қалғанда бұл жобаны тоқтату мүмкін бе?

Ресейдің мемлекет иелігіндегі "Газпром" компаниясы Nord Stream 2 жобасын британ-нидерландтық Shell, германиялық Wintershall және Uniper, франциялық Engie, австриялық OMV компанияларымен бірлесе жүзеге асырып отыр.

ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ЫҚПАЛ

Nord Stream 2 құбыры қазіргі газ тасымалын екі есе көбейтіп, жылына 110 миллиард текше метр көлеміне жеткізуге мүмкіндік береді.

Газ бен мұнай экспортына қатты байланған Ресей үкіметі үшін бұл жоба аса маңызды.

Желтоқсанның соңында Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың жаңа әкімшілігі құбыр құрылысына кедергі келтірмейді деп үміттенетінін айтқан. Бұл "халықаралық нарықтағы әділ бәсекеге жол ашады" деді ол жобаға салынған санкцияларды меңзей отырып.

Nord Stream 2 жобасына арналған құбыр және жұмысшы. Ленинград облысы, Ресей, 5 маусым 2019 жыл.
Nord Stream 2 жобасына арналған құбыр және жұмысшы. Ленинград облысы, Ресей, 5 маусым 2019 жыл.

Мәскеу АҚШ Ресейді газ нарығынан ығыстырғысы келеді, санкцияларды сол үшін салды дейді.

АҚШ бұл айыппен келіспейді. Ресми Вашингтонның пікірінше, жоба Еуропаны Ресей газына тәуелдірек етіп, Мәскеудің аймақтағын ықпалын арттыруы ықтимал.

Кейінгі он жылда "Газпром" Еуропаға тасымалданатын газ көлемінің артқанын айтып мақтанған. 2011 жылы Еуропа нарығы импорттаған газдың 27 пайызы "Газпром" үлесінде болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 37 пайызға жеткен. Екінші орында 27 пайызбен Норвегия тұр.

Құбыр жобасының тағдыры негізінен АҚШ пен Германияға тәуелді. Олардың ұстанымы өзгере ме, жоқ па келесі апталарда не айларды белгілі болмақ.

"Nord Stream 2 тағдыры әлі анық емес... АҚШ-Германия келіссөздері қалай жүретініне байланысты" деді Цюрих университетінде тағылымдамадан өтіп жатқан зерттеуші Мария Шагина.

УКРАИНА ЖӘНЕ РЕСЕЙ ГАЗЫ

АҚШ Еуропаның Ресейге тәуелдігімен қатар Украинаның табысынан айырылуына да алаңдап отыр. Ресей газының Еуропаға айналма жолмен жеткізілуі бірнеше жыл бойы Мәскеу қысымына ұшырап отырған Украинаның жағдайын нашарлатуы мүмкін.

Еуроодақ елдері мен Ресейдің ортасында орналасқан Украина 2014 жылға дейін Ресей газының ең ірі импортері болған. Сол жылы Ресей Қырым түбегін тартып, Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдай бастаған соң, екі ел арасы суып кетті. Қақтығыс кезінде кемі 13,2 мың адам қаза тапқан.

Ресми Киев Ресей газын сатып алуды 2015 жылғы қарашада тоқтатты. Газды Еуропадан ала бастады. Ал "Газпром" болса, Украина арқылы тасымалданатын газ көлемін азайтты. Шагинаның сөзінше, Nord Stream 2 жобасы іске қосылса, Украина жыл сайын алатын 3 миллиард долларлық табыстан айырылады. Газды территориясынан өткізу ақысы осы шамада.

ГЕРМАНИЯ ҰСТАНЫМЫНА НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?

АҚШ пен Еуроодақ елдерінің ұстанымы қандай болса да, ресми Берлиннің ақырғы шешімі елдің ішкі жағдайына қарай жасалады. Қыркүйек айында Германияда сайлау өтпек. Елді 15 жыл басқарған Меркель қызметінен кетеді деп болжанып отыр.

Ангела Меркель басқарып келген Христиан-демократиялық одағы партиясының жаңа сайланған лидері Армин Лашет.
Ангела Меркель басқарып келген Христиан-демократиялық одағы партиясының жаңа сайланған лидері Армин Лашет.

Меркельдің орнын басуы ықтимал деген Армин Лашет Nord Stream 2 жобасын қолдайды. Бірақ оның ықтимал серіктестері – экологияшыл Жасылдар құбырға қарсы шығып отыр.

Навальный оқиғасы Жасылдар талабының күшеюіне әкеліп, келесі канцлердің жұмысы қиындауы мүмкін дейді сарапшылар.

Жасылдар партиясының лидері Анналена Баербок жақында мәлімдеме жасап, үкіметтер саясиланған құбыр жобасынан бас тартуды талап ететінін айтты.

Ал Фритьоф Нансен атындағы норвегиялық институттың энергетика жөніндегі зерттеушісі Арильд Мо газ құбырына қажеттілік жоқ дейді. Оның сөзінше, Еуроодақта газға деген сұраныс болжанғандағыдан баяу артып отыр.

"Еуропада Nord Stream 2 жобасына деген қызығушылық тасымалдау мәселесінен ғана туған жоқ, газға деген сұраныс артады деген болжам да рөл атқарды" деді Мо Азаттыққа.

"Бүгін сұраныс соншалық қатты артпайтыны көрініп тұр. Бұл дегеніміз Nord Stream 2 жобасына деген аса үлкен қажеттілік жоқ екенін білдіреді" деп жазды ол пошта арқылы Азаттыққа. "Ол импортерлерге ешқандай қиындық туғызбай бірнеше жыл бойы аяқталмаған күйі тұра алады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG