Accessibility links

Трамп әкімшілігі Навальныйдың улануы жайлы неге үнсіз қалды?


Қатты уланғаннан кейін комаға түсіп, кейінірек Шарите ауруханасында есін жиған ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальный отбасы мүшелерімен бірге. Германия, 15 қыркүйек 2020 жыл.
Қатты уланғаннан кейін комаға түсіп, кейінірек Шарите ауруханасында есін жиған ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальный отбасы мүшелерімен бірге. Германия, 15 қыркүйек 2020 жыл.

АҚШ заңы бойынша, Трамп әкімшілігі Конгрестің "Алексей Навальныйға қарсы химиялық қару қолданылды ма?" деген сұрағына жауап беруі тиіс еді. Бірақ бұрынғы президент пен командасы жауаптан жалтарып кеткен.

Былтыр күзде Германия канцлері Ангела Меркель "Ресей Алексей Навальныйды Совет одағы тұсында өндірілген, жүйке жүйесін зақымдайтын у беріп өлтірмек болды" деп айыптағаннан кейін алты күннен соң, 8 қыркүйекте Конгрестің екі мүшесі АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жазған.

Өкілдер палатасының сыртқы істер комитетіндегі Демократиялық және Республикалық партиялардың екі өкілі бірлесіп дайындаған хатта "Бұл мәселені қарауға 60 күн уақыт беріледі. Химиялық қару қолданылғаны расталса, 1991 жылы қабылданған "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі акт" туралы заңға сәйкес, санкциялар қолданылуы керек" деп жазылған.

Конгресс мүшелері хатында "Ресей үкіметінің тағы да өз азаматына қарсы химиялық қару қолданғаны анықталса, қосымша санкциялар салынуы керек" деп ескерткен.

Хатты қарауға берілген 60 күндік мерзім 8 қарашада аяқталды, бірақ АҚШ үкіметінен ешқандай жауап болмады. Бір айдан кейін Конгресс мүшелері Ақ үйге тағы да хат жазды.

20 қаңтарда Трамптың президенттік мерзімі аяқталды, бірақ АҚШ үкіметі бұл хатқа да жауап бермеді.

АҚШ және Еуропа сарапшылары "құпия химиялық қарумен жасалған шабуыл" деп бағалаған оқиғаға байланысты Трамп әкімшілігінің қандай шара қолданып, нендей әрекеттен қалыс қалғаны кейінгі кезде басты жұмбаққа айналды.

Қазіргі және бұрынғы ресми тұлғалар, қарулану мәселесін бақылау жөніндегі сарапшылар мен Конгресс өкілдері Трамп әкімшілігінің әрекетсіздігін қызметіне немқұрайды қарау, ведомствоаралық бюрократия даулары және АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты бұл тақырыптың назардан тыс қалуы сияқты бірнеше себеппен түсіндіреді. Бірақ "Трамп Кремльдің көңілін қалдырғысы келмеген" деген болжамдар да айтылады.

Навальный жайлы сізге беймәлім 5 дерек
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Бір қызығы, Трамп әкімшілігі кейінгі апталарда Қытай, Иран, Куба, Венесуэла мен Танзанияға қарсы санкция салып, Ресей туралы ұмытып кеткендей болды.

"Заң бұзу фактісі болуы мүмкін күдікті жайтқа байланысты президент әкімшілігінің жауап беруден бас тартуы сәтсіз қадам болып есептеле ме?" деген сұраққа Конгресс мүшелерінің бірі "Әлбетте солай" деп жауап берді.

22 қаңтарда жаңа президент Джо Байден ресми түрде қызметіне кіріскеннен кейін екі күннен соң Конгрестің өкілдер палатасы сыртқы істер комитетінің жетекшілері үшінші рет "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі актіге" назар аударуды сұрап, Трамп әкімшілігін "заңды бұзды" деп айыптады.

Хатта "АҚШ бұрынғы президент әкімшілігі тұсында "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі актіні" бұзып, Конгрестің улану жөнінде ақпарат сұраған өтінішін елеусіз қалдырды" деп жазылған.

Бұрын мемлекеттік хатшының көмекшісі болған, Мемлекеттік департаментте химиялық қаруға байланысты салынған санкциялар мен қаруды бақылау саясатын қадағалаумен айналысқан Кристофер Форд қолында "Трамп әкімшілігінің әрекетсіздігіне Ресейге қатысты саяси мүдде себеп болған" деген пікірді растайтын ешқандай ақпарат жоғын айтады.

"Трамп әкімшілігінің үнсіздігі сайлаудан кейін басқа мәселелерге бас қатырумен байланысты болса керек. Ол кезде бұрынғы президенттің сайлауға байланысты мәселелерден тынысы тарылып отырған" дейді 8 қаңтарда отставкаға кеткен Форд.

"Бұл бар болғаны өткізу қабілетіне байланысты мәселе еді" дейді ол.

"КҮМӘН ЖОҚ"

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың улануына АҚШ-тың реакциясы тағы да бірінші кезектегі мәселеге айналды. Бұған осыдан он шақты күн бұрын Ресей билігінің Навальныйды тұтқындауы және содан кейін елде жаппай наразылық акцияларының басталуы себеп болып отыр.

Былтыр тамыздың соңына қарай Сібірге сапармен барғанда аяқ астынан ауырып, ес-түссіз қалған Алексей Навальныйды емдеуге Берлинге апарған. Бірнеше күннің ішінде Германияның дәрігерлері мен әскери ғалымдары Навальныйдың Совет одағы тұсында жасалған, жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" деп аталатын химиялық заттан уланғанын анықтаған.

2 қыркүйекте Германия канцлері Ангела Меркель "Навальныйдың жүйке жүйесін зақымдайтын химиялық заттан уланғанына күмән жоқ" деп мәлімдеді. Бір айдан кейін Германия, АҚШ пен Ресей мүше "Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым" да Меркельдің сөзін растады.

Кейінгі айларда ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша зерттеу жүргізетін Bellingcat тобы, Навальный басқаратын ұйым және Азаттықтың Орыс қызметі Ресейде құпия химиялық қару бағдарламасы барын, арнаулы қызметте адамдарға қарсы у қолданатын топтар жұмыс істейтінін растайтын дәлелдер тапқан.

Кремль құпия химиялық қару бағдарламасы барын, арнаулы қызметке Навальныйды улау туралы бұйрық бергенін, 2018 жылы наурызда Ұлыбританияда Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын Новичокпен улағанын мойындамаған. Байқаусызда уға қолы тиіп кеткен Ұлыбритания азаматы сол жылы шілде айында көз жұмған.

Бес ай бойы Германияда емделген Навальный биыл 17 қаңтарда Мәскеуге ұшып келген бойда бірден тұтқындалды.

Полиция бөлімінде өткен көшпелі сот шешімімен 30 тәулікке қамауға алынғанға дейін Алексей Навальный жақтастарын билікке наразылық білдіріп көшеге шығуға үндеді. Бір аптадан кейін Ресейде кейінгі жылдары болған ең ірі наразылық акциялары өтті.

АҚШ үкіметі химиялық қаруға байланысты саяси шешімді бірінші рет қабылдап отырған жоқ. 2018 жылғы наурызда Ұлыбританияда Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияға қастандық жасалғаннан кейін араға үш апта салып Трамп әкімшілігі еуропалық әріптестеріне қосылып, Ресейдің 60 дипломатын елден шығарып жіберген.

Тамызда мемлекеттік хатшы Майк Помпео "Ресей Скрипальге қарсы тыйым салынған химиялық қару қолданды" деп мәлімдеп, "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі актіге" сәйкес Ресейге санкция жариялаған.

Скрипальдің оқиғасына дейін химиялық қару қолданғаны үшін 2013 жылы Сирияға, 2018 жылы Солтүстік Кореяға санкциялар салынған.

Былтыр 4 қыркүйекте журналистер Трамптан Навальныйдың улануына байланысты Германия ұсынған деректерге қалай қарайтынын сұраған.

Трамп "Нақты не болғанын білмеймін. Бірақ бұл — сұмдық. Бұл қорқынышты. Мұндайға жол бермеу керек. Әзірге қолымызда ешқандай дәлел жоқ, бірақ бұл мәселені қарап көремін" деп жауап берген.

"ХИМИЯЛЫҚ ҚАРУ ҚОЛДАНЫЛҒАНЫ РАС БОЛСА…"

1991 жылы "Химиялық, биологиялық қаруды бақылау және әскери қимылдарға тыйым салу" туралы заң қабылдауға содан үш жыл бұрын Ирак басшысы Саддам Хусейннің елдегі күрдтерге қарсы улы газ бен өзге де химиялық заттар қолдануы себеп болған. Бұл шешімге Совет одағының химиялық және биологиялық қару бағдарламасында қолданылатын кей материалдар ұрланып, үшінші елдердің, қылмыстық топтардың не террористердің қолына түсуі мүмкін деген қауіп те әсер еткен.

Белгілі бір мемлекеттің химиялық қару қолданғаны анықталса, заң бойынша АҚШ оған қарсы санкция салып, қаржы активтерін бұғаттап, гуманитарлық көмек беруді және қару сатуды тоқтатуы керек.

"Бұл заң Байден әкімшілігіне Навальныйдың басында болған оқиғаны жіті зерттеп, нәтижесін халықаралық әріптестерімен бөлісуге мүмкіндік береді" дейді Вашингтондағы "Қарулануды бақылау қауымдастығы" талдау орталығының қаруды таратпау жөніндегі зерттеушісі Джулия Мастерсон.

Бірақ Трамп әкімшілігі Навальныйға қарсы химиялық қару қолданылғанын ресми түрде растаған жоқ. Конгрестің хаттарына да жауап бермеді.

Помпео 25 тамызда жасаған мәлімдемесінде "АҚШ Германияның медициналық сарапшыларының алдын-ала жасалған қорытындысына қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр" деп, Еуропа одағының зерттеуге үлес қосуға шақырған үндеуін қолдайтынын, "айтылған деректер расталса", АҚШ бірден шара қолданатынын айтқан.

Кейінірек Навальныйдың улануы жайлы Германияның жасаған қорытындысын Франция мен Швеция қолдады, бірақ АҚШ мемлекеттік департаменті мен Ақ үйден хабар болмады.

"Трамптың тұсында мемлекеттік департамент пен Ақ үй Навальныйдың улануы мен тұтқындалуына үнсіз қарап отырғанын атап өткім келеді" дейді Колумбия округіндегі Джордж Мэйсон университеті биоқорғаныс бағдарламасының директоры Грегори Кобленц.

"Трамп Навальныйды улағаны үшін Ресейге қосымша санкциялар салуда қауқарсыздық таныту арқылы бұрынғы президент әкімшілігінің осыған дейінгі химиялық қару қолданысы, сайлауға араласу және кибершабуыл сияқты маңызды тақырыптар бойынша Мәскеуге қарсы тұра алмаған қылығын қайталады" дейді ол.

"БІРДЕН" ШАРА ҚОЛДАНУ

Химиялық қару және "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі акті" тақырыбын жақсы білетін сарапшылардың дерегінше, Конгрестің өкілдер палатасы сыртқы істер комитетінің сол кездегі төрағасы, Демократиялық партия атынан сайланған Элиот Энгель мен республикашыл Майкл Макколдың 8 қыркүйекте Ақ үйге жіберген хаты аталған заң аясындағы қозғаушы күшке айналған.

Үш аптадан кейін сенаттың халықаралық қатынастар комитетіндегі демократтар мен республикашылдар да осындай мазмұнда жазылған хат жіберген.

Заңды жақсы білетін сарапшылардың айтуынша, Конгрестің екі хатына да Трамп әкімшілігі жауап беруі керек болған. Бұрынғы президент әкімшілігінің мәлімдемесі "Химиялық қару қолданылды ма?" деген сұраққа нақты жауап табуға көмектесер еді. Химиялық қару қолданылған болса, заң бойынша бірден санкция салынуы керек.

Белгісіз заттан уланып, комаға түскен Алексей Навальный Ресейден ұшақпен жеткізілгеннен кейін Шарите ауруханасына жатқызылды. Берлин, Германия, 22 тамыз 2020 жыл.
Белгісіз заттан уланып, комаға түскен Алексей Навальный Ресейден ұшақпен жеткізілгеннен кейін Шарите ауруханасына жатқызылды. Берлин, Германия, 22 тамыз 2020 жыл.

Ендеше неге Трамптың әкімшілігі 1991 жылы қабылданған заңға және АҚШ-тың бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп, Ресейге қарсы кең көлемді санкциялар салмады? Неге Конгрестің хатын жауапсыз қалдырды?

"Бірнеше апта бойы осы сұраққа жауап табуға тырыстым. Президент Трамптың бұл мәселеге басымдық бермегеніне қарағанда министрлер кабинеті Алексей Навальныйдың улануына заңды баға беру кезінде бағытын өзгерткенге ұқсайды" дейді Вашингтондағы "Демократияны қорғау қоры" талдау орталығының зерттеушісі Андреа Стрикер.

Бұл жұмбаққа қосымша тағы бір дерек бар: қарашаның екінші жартысында АҚШ үкіметінің екі шенеунігі – мемлекеттік департаменттің кең таралған мәселелер жөніндегі ресми өкілі және АҚШ-тың химиялық қаруды бақылау қызметіндегі елшісі Ресейді "жасырын химиялық қару өндіру бағдарламасы бар" деп айыптаған.

"Трамп ешқандай әрекетке барғысы келмеген сияқты. Олар Скрипаль уланған кездің өзінде "Химиялық және биологиялық қару жөніндегі акт" аясында санкция салу мерзімін кешіктіріп, заңда талап етілген шаралардың кішкене бөлігін ғана жүзеге асырды" дейді санкция салумен айналысатын Қаржы министрлігі шетелдік активтерді бақылау басқармасының бұрынғы аға кеңесшісі Брайан О’Тул.

Қазір Вашингтондағы Атлант кеңесінде ғылыми қызметкер болып істейтін Брайан О’Тул "Трамп әкімшілігі аталған заң бойынша Ресейге Скрипальдің улануына байланысты санкциялар салынғанын, осы жолы жаңа санкциялар енгізу қолданылған шараны қайталау болатынын айтып, сытылып кетсе де болар еді" деп есептейді.

"Бұл әрине сылтау, бірақ логика жағынан дұрыс айтылған нәрсе" дейді Трамптың Ресейге қарсы амал қолданбай, тағы да сәтсіздікке ұшырағанын айтқан сарапшы.

Мемлекеттік хатшының бұрынғы көмекшісі Форд Навальныйдың улануына байланысты Ресейге санкция салу заңды екенін айтады.

"Ресей "Химиялық қару жөніндегі конвенцияны" бұзды ма? Иә, әрине" дейді Форд.

"Ресейдің кейінгі жылдары жасаған жаман әрекеттерінің ауқымына қарап… Байденнің "қайтадан күшіне енген" Ресеймен қарым-қатынасын қалай жалғастыратынын елестетудің өзі қиын. Кремльдің өзін ұстау мәнері жақсармайынша, біз жаман бақталас болып қала береміз" дейді ол.

БАЙДЕННІҢ БЕТАЛЫСЫ

Мемлекеттік департамент пен Байден әкімшілігінің өкілдері анонимді түрде жаңа президенттің Ресейге қатысты саясатында қарулану мәселесін бақылау және Навальный тақырыбына басымдық берілетінін жеткізді.

17 қаңтарда Алексей Навальный Мәскеудің Шереметьево әуежайында тұтқындалғаннан кейін шамамен екі сағаттан соң Байденнің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан ресейлік белсендіні қолдайтын мәлімдеме жариялады. Бұл мәлімдеме мемлекеттік департаменттің Навальныйдың тұтқындалуына байланысты айтқан сын-пікірін жолда қалдырды.

Мемлекеттік департамент Азаттықтың "Неге АҚШ Конгрестің хатына жауап беріп, белгіленген мерзім ішінде санкция салған жоқ?" деген сұрағына тікелей жауап бермеді. Қаржы министрлігі де бұл жағдай туралы пікір сұраған өтінішті елеусіз қалдырды.

Мемлекеттік департамент спикері Азаттыққа Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің 21 қаңтардағы Навальный, АҚШ-тың мемлекеттік агенттіктеріне жасалған кибершабуыл және Ресей арнаулы қызметінің АҚШ әскерилерін өлтіру үшін Ауғанстандағы бүлікшілерге ақша төлегені туралы мәлімдемесін жіберді.

26 қаңтарда Байден қараша айында АҚШ президенті болып сайланғалы бірінші рет Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесті. Кремль 5 ақпанда мерзімі аяқталатын ядролық қаруды бақылау туралы келісімді ұзарту жоспарын ұсынды.

Ақ үйдің мәлімдемесінде Байденнің әңгіме барысында жаңа келісім мен қарулануға байланысты өзге де мәселелерді талқылап, Украина тәуелсіздігі, кибершабуыл, сайлауға араласу, Ауғанстандағы жомарттық… және Алексей Навальныйды улау сияқты алаңдаушылық туғызатын жайттарды айтқаны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG