Accessibility links

"Қасақана у берген". Кремль сыншысы Кара-Мурзаның жұмбақ сырқаты және ФБР-дың жаңа деректері


 Ресей оппозициясының белсендісі кіші Владимир Кара-Мурза. 8 қаңтар 2016 жыл.
Ресей оппозициясының белсендісі кіші Владимир Кара-Мурза. 8 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ билігі Ресейдің оппозициялық белсендісі кіші Владимир Кара-Мурзаның кенеттен ауырып, өлім аузынан қалуын "қасақана улау" деп қарастырады. АҚШ Әділет министрлігінің Азаттық танысып шыққан құжаттарында америкалық дәрігерлер мен ғалымдар оппозиционер биотоксин немесе радиоактивті заттан уланған болуы мүмкін деген тұжырымда.

Ресми құжаттар АҚШ Федералды тергеу бюросының (ФБР) кіші Кара-Мурзаның екі рет аяқ астынан, жұмбақ жағдайда ауырып қалу себебін анықтау әрекеттері туралы көбірек ақпарат береді.

Кара-Мурза АҚШ үкіметіне өзінің 2015 және 2017 жылдары екі рет ауыр сырқатқа шалдығуына қатысты не білетіні туралы ресми сауал жолдаған. Аталмыш құжаттар Әділет министрлігінің осы сауалға байланысты белсендіге берген жауабының бір парасы саналады.

Кара-Мурза қазір отбасымен Вашингтон маңында тұрады. Ол өзін АҚШ-тың адам құқықтарын бұзуға қатысы бар делінетін ресейлік шенеуніктерге салған санкциясын дайындауға араласқаны үшін Мәскеуде өзін қасақана екі рет улағанына сенімді. Екі жағдайда да ресейлік дәрігерлер науқас "белгісіз заттың" улы әсерінен ауырды деген тұжырым жасаған.

Азаттық танысқан құжаттың алғашқы бөлігінде ФБР-дің Кара-Мурзадан оның қанын АҚШ-тың озық әскери зертханасына талдауға жіберуге рұқсат алғаны айтылады.

Құжаттарда сонымен қатар тергеуге ФБР директоры Кристофер Рэйдің өзі қатысқаны және мұны конгрессмендер талап еткен болуы мүмкін екені туралы ақпарат бар.

Владимир Кара-Мурза АҚШ сенатындағы тыңдауда. Вашингтон, 29 наурыз 2017 жыл.
Владимир Кара-Мурза АҚШ сенатындағы тыңдауда. Вашингтон, 29 наурыз 2017 жыл.

Федералды сот бұған дейін Кара-Мурзаның өзіне қатысты тергеу мәліметтерін сұратқан сауалын заңды деп тапқан еді. Бірақ осыған қарамастан Әділет министрлігі ұлттық қауіпсіздік мәселесі және ведомстволардың келісімі қажеттігін алға тартып, Кара-Мурзаға тергеудің жүздеген парақтан тұратын бөлігін бермей отыр.

АҚШ билігі Кара-Мурзаның қан және зәр сынамаларын күрделі улы заттың бар-жоғын анықтауға тексергенімен, қорытындысы нендей екенін әзірге айтпай отыр.

Сотта Кара-Мурзаның мүддесін қорғайтын Стивен Рейдмейкер Азаттыққа істің 275 парақтан тұратын бөлігі "басқа да агенттіктермен кеңесуге байланысты", тағы 10 парақтан тұратын бөлігі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты берілмейтінін айтты. "Бәлкім, олар Владимирдің неден уланғанын анықтай алмай отырғанын мойындаудан ұялып, ұлттық қауіпсіздікке сілтеп отырған шығар" дейді Рейдмейкер. "Алайда АҚШ үкіметінің техникалық мүмкіндіктері зор екенін ескерсек, оның қандай у екенін анықтай алды деп санауға болады".

Владимир Кара-Мурза кім?

39 жастағы Владимир Кара-Мурза Ресей президенті Владимир Путин билікке келген 2000 жылдардан бері оппозициялық қызметпен айналысып келеді. Әкесі, танымал журналист Владимир Кара-Мурза былтыр қайтыс болды. Кіші Владимир Вашингтонда тележурналист болып, кейін бұрынғы мұнай магнаты Михаил Ходорковскийдің саяси жобаларында жұмыс істеді. Он жылдан астам уақыт түрмеде отырған, қазір Еуропада тұратын Ходорковский Путиннің қарсыласы саналады.

Кара-Мурза сонымен қатар 2015 жылы ақпанда Кремльге жақын жерде қастандықтан қаза тапқан либерал саясаткер Борис Немцовтың досы әрі ізбасары болды. Ол Мәскеу мен отбасы орныққан АҚШ-та қатар тұрады. Ресейде көпшілік оның немен айналысатынын біле бермейді. Дегенмен, оның АҚШ конгресінің танымал өкілдерімен және Еуроодақ елдерінің ресми тұлғаларымен байланысы бар. Ол АҚШ пен Еуропа Одағының Ресей билігнің кейбір өкілдеріне санкция салуына ықпал еткен.

Кара-Мурзаның ісі тергеліп жатқанына бес жылдан асты. Алайда оның ісі Ресейге қатысы бар және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған екі улау оқиғасының аясында қайтадан өзекті бола түсті.

Алғашқы оқиға – сыбайлас жемқорлыққа қарсы кампания бастаған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануы. Ол 2020 жылы тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатып, аяқ астынан хәлі нашарлап есінен танған. Ұшақ төтенше жағдайда Омск әуежайына қонып, саясаткер жергілікті ауруханада екі күн жатты. Осыдан кейін оны Германияға емдеуге алып кетті. Ал 2018 жылы наурызда Ресейдің бұрынғы тыңшысы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Ұлыбританияның Солсбери қаласында уланды. Екі оқиғада да Совет одағы тұсында жасалған, адамның жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уы қолданылған.

Осы аптада Навальный Bellingcat зерттеу жобасымен және оның медиа серіктестерімен бірге өзін Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) улағанына дәлелдерін жариялады.

Навальный өзін улауға президент Владимир Путинді айыптады, Кремль болса у беруге Ресей билігінің қатысы барын жоққа шығарды.

Кара-Мурзаны улау оқиғасының басқаларынан ерекшелігі, оны тергеумен ФБР айналысып жатыр және оған көптеген тергеу және ғылыми зерттеу ресурстары жұмылдырылып отыр.

Стивен Рейдмейкер Германия Навальныйдың ісіне қатысты қорытындысын жылдам жариялап жатқанда Вашингтонның Кара-Мурзаның ісіне қатысты егжей-тегжейлі мәлімет беруден тартынып отырғанына қынжылады.

"Германия Алексей Навальныйды улаған уды жедел анықтай алды. АҚШ үкіметінің тергеу қорытындысын не себепті жарияламай отырғаны түсініксіз. Ол Владимирдің денсаулығына қатысы бар ғой" дейді Рейдмейкер.

ФБР Азаттықтың тергеуге қатысты сауалына комментарий беруден бас тартты, ал Әділет министрлігі жауап бермеді.

"ҚАСАҚАНА УЛАУ"

2018 жылдың ортасында жасалған тұжырым бойынша, ФБР тергеушілері 2015 жылы ресейлік дәрігерлердің Кара-Мурза циталопрам дәрісін мөлшерден артық ішіп уланды деген болжамын терістеген. Кара-Мурзаның аталмыш антидепрессантты және қыжылды басатын дәрі ішкенін оның әйелі Евгения айтқан.

Кара-Мурзаның саяси қарсыластары, интернет-тролльдер мен Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары оны нашақор деп сипаттайды. Олар сонымен қатар белсендіні дұрыс дәрі ішпегеннен уланды дейді. Алайда Кара-Мурза 2017 жылы екінші рет уланған кезінде циталопрам ішпеген.

"Дәрігерлер мен ФБР зертханасы сараптамаларының қорытындысы рецепт бойынша тағайындалған дәріні немесе ішімдікті артық мөлшерде ішілгенін жоққа шығарады. ФБР бұл істі әдейі улау деп тергеп жатыр" делінген ФБР-дің Вашингтондағы кеңсесінің 2018 жылдың 13 маусымында дайындаған есебінде.

ФБР-дың Ресей оппозициясының белсендісі Владимир Кара-Мурзаның жұмбақ сырқаты жөніндегі баяндамасының скриншоты.
ФБР-дың Ресей оппозициясының белсендісі Владимир Кара-Мурзаның жұмбақ сырқаты жөніндегі баяндамасының скриншоты.

ФБР есебінде Кара-Мурза 2015 жылы ауруханаға түскен соң оның серіктерінің шақыртуымен Мәскеуге Израильдің екі дәрігері келгені айтылады.

Тергеу құжаттарында екі дәрігердің есімі үстінен көрінбейтін етіп боялған. Дегенмен олардың бірі – сол кезде британиялық BBC арнасына Кара-Мурзаның симптомдары оның циталопрам дәрісінен артық ішіп қойғаннан улану белгілеріне ұқсамайтынын айтқан дәрігер екені анық. Кейін мұны 2015 жылы Азаттықтың сұрауы бойынша Кара-Мурза ісінің материалдарын зерттеген америкалық токсиколог дәрігерлер растаған.

Бірақ жаңа құжаттарда израильдік екінші дәрігер жасаған тұжырым бар. Ол дәрігердің де есімі боялған және Азаттық оның кім екенін әзірге анықтай алмады.

ФБР тергеуі материалдары бойынша, ол дәрігерге "Кара-Мурзаның өңеші, асқазаны мен ішегі күйгені айтылған", бірақ сыртқы күйіктің белгілері жоқ. Дәрігер бұл күю "дәрі-дәрмектен болмағанын" және "дәрінің әсерінен уланған жоқ деп санайтынын" мәлімдеген. Екінші дәрігердің бұл ақпаратты қайдан алғаны белгісіз. Іс материалдары бойынша, оны Мәскеу ауруханасында жатқан Кара-Мурзаны тексеруге кіргізбеген.

"БИОТОКСИННІҢ БІР ТҮРІ"

Кара-Мурза Мәскеу ауруханасында алты апта жатты. Есін жиып, өз-өзіне келгенде оны ауруханадан шығарды. Осыдан кейін ол әйелі Евгениямен бірге АҚШ-қа үйіне қайтты. Материалдарда аты-жөні боялған дереккөздің ФБР-ге талдау жасау үшін Кара-Мурзаның құсық қалдығы бар футболкасын, іш киімін, шашы мен тырнағы салынған құты мен "қанға ұқсас нәрсесі бар құты" бергені айтылады.

Федералды тергеу бюросының 2015 жылғы 25 маусымдағы электрондық хатында бұл заттардың ФБР-дің Вирджиния штатындағы Куантико зертханасына "Кара-Мурзаның улану себептерін анықтау үшін талдауға жіберілгені" айтылады. Хатта "үлгілер тым аз болғандықтан зерттеу қиын әрі шектеулі болуы мүмкін екені" айтылады. Сол уақытта жазылған тағы бір хатта тергеу барысы туралы ақпарат бюроның жаппай қырып-жою қару-жарақтары жөніндегі басқармасына да түсіп отырғаны көрсетілген.

Бірнеше аптадан соң Кара-Мурза Вашингтонға жақын Вирджинияда ауруханада сауықтыру емін қабылдай бастайды. Ол жүріп-тұруды қайтадан үйреніп, бір жыл таяқпен жүреді.

Владимир Кара-Мурза (сол жақта) Вашингтон қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында Ресейдің Сочи қаласында болған 2014 жылғы Олимпиада ойындарындағы жемқорлық туралы баяндаманың көшірмесін ұстап тұр.
Владимир Кара-Мурза (сол жақта) Вашингтон қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында Ресейдің Сочи қаласында болған 2014 жылғы Олимпиада ойындарындағы жемқорлық туралы баяндаманың көшірмесін ұстап тұр.

Дәрігерлер оған ем тағайындап, ауруының себебін анықтау үшін көптеген тексеру жасаған. Солардың бірі – сирек кездесетін полоний-210 радиоактивті затына алынған сынама. Бұл зат туралы 2006 жылы, Лондонда онымен Ресей арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Александр Литвиненко уланған соң белгілі бола бастады. Литвиненко уланғаннан бірнеше аптадан соң қайтыс болды. Британ билігі Литвиненконың өліміне Ресей арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Андрей Луговойды айыптады. Луговой осы оқиғадан кейін Мемлекеттік дума депутаты болды.

Іс материалдарында талдаулардың нәтижесі қандай болғаны айтылмайды. Бірақ АҚШ Энергетика министрлігіндегі бір қызметкер байланыс көзі ретінде көрсетілген. АҚШ Энергетика министрлігі АҚШ-тың ядролық қорын және ядролық, химиялық және биологиялық қару-жарақтарды зерттейтін кейбір үкіметтік зертханаларын басқарады. Бұлардың арасында Калифорниядағы Лоуренс Ливермор ұлттық зертханасы да бар. Тергеу материалдарынан Кара-Мурзаның қаны мен зәр сынамасында полонийдің бар-жоғын анықтауды кім немесе қандай агенттік сұратқаны белгісіз болып тұр.

Сонымен қатар, диоксин затын анықтауға да сынама алынған. Бұл химиялық затты көп мөлшерде қолданса адам өліп кетеді. Алайда оны не үшін анықтамақ болғаны және нәтижесі қандай екені белгісіз. Диоксин затымен саясаткер Виктор Ющенко уланып, өлім аузынан қалған. Ол 2004 жылы Украинада президент сайлауына қатысып, жеңіске жеткен. Австрия ғалымдары оның ағзасындағы диоксин концентрациясы қалыпты мөлшерден мың есе асып кеткенін анықтаған.

Құжаттарда ФБР зертханасының ол кезде "сынамалардың мерзіміне байланысты" уды анықтай алмағаны айтылады. Дәрігерлердің бірі Кара-Мурзада басының қан тамырлары және жұлынының қабыну симптомдары бар деп жорамалдаған. Дәрігер ол оқиға уақыты күдік тудыратынын ескере келіп, "Мұның барлығы токсин немесе удың әсерінен болған жедел ауру екенін ескерсек, өз алдына жеке ауру емес, жанама белгі болуы мүмкін" деді.

ФБР 2015 жылғы оқиғаны үш жыл тергеп, 2018 жылғы 13 маусыма дәрігерлер "Кара-Мурза қасақана әлде кездейсоқ әлдебір биотоксиннің әсеріне ұшыраған" деген қорытындыға келген.

БІРТҮРЛІ СОРПА

Владимир Кара-Мурза 2017 жылы 1 ақпанда Мәскеуде мейрамханадан тамақтанып, бірнеше сағат өткенде аяқасты ауырып қалған. Ол тапсырыс берген сорпаны ұзақ күткенін және "оның дәмсіз және ішу мүмкін болмағанын" еске алады. Бұл – оның екінші рет улануы. Онымен бірге болған оппозиция белсендісі тек шәй ішкен және оған ешнәрсе болмаған.

ФБР-дің Кара-Мурза ісін тергеудегі бұл мәліметтері бірінші рет жарияланып отыр. Осы аптада Навальный биыл тамызда уланатыннан бір күн бұрын өзінің де осыған ұқсас жайды бастан өткергенін баяндады. Оның сөзінше, уланудан бір күн бұрын түнде ол Томскіде мейрамханада әріптестерімен демалып отырғанда коктейль ішкенін айтады. "Дәмі сондай жаман болды, одан бірер ұрттап қоя салдым. Сосын ұйықтауға кеттім" дейді ол.

Bellingcat пен оның серіктестері телефон жазбаларының деректерін зерттей келе, Навальный уланатыннан бір күн бұрын түнде ұйықтауға кеткеннен бір сағаттан соң оны улауға қатысы бар деген ФСБ қызметкерлері белсенді түрде хабар алмаса бастаған. Навальный сегіз сағаттан соң Томскіден Мәскеуге ұшып шыққанда халі нашарлаған.

Ал Кара-Мурза дәмсіз сорпа ішкеннен 12 сағат өткенде өзін жайсыз сезінген. Ол ФБР агентімен өзінің екінші рет улануына қатысты әңгімеде бұл фактіні ерекше маңызды деп атаған. Ол тамақта әлдебір улы зат болғанын дәлелдеу қиын екенін түсінген.

ӘДЕТТЕГІ ТЕКСЕР

Екі жыл бұрынғы, яғни 2015 жылғы алғашқы улану оқиғасынан ерекшелігі, 2017 жылы Кара-Мурзаның серіктері мен туыстары дереу оның қаны мен киімі сынамаларын Ресейден алып кетіп, АҚШ-қа ФБР тексеруіне жібере алды. Тергеу құжаттары бойынша, ФБР Куантико зертханасында жаңа тексерістер жүргізген. Тексеріс кезінде бір ғана күдікті жайт анықталған – зәрде барийдің мөлшері шектен тыс жоғары болған. Бұл нәтиженің рас-өтірігін тексеру үшін басқа бір зертханаға оппозиционердің қан үлгісі жіберілген. Алайда ол жерде жасалған талдау одан "қандай да бір токсикологиялық маңызы бар нәрсе таппаған".

2018 жылы қаңтардың басында Кара-Мурза тергеуге қатысқан ФБР агентімен кездескен.

Агенттің қағазға түртіп алған жазбасына қарағанда, ол Кара-Мурзаға талдау қорытындыларының сенімсіз екенін ескерткен. Кара-Мурза "нәтижеге таңданыс білдірген", бірақ ФБР-дің қан үлгісін Лоуренс Ливермор ұлттық зертханасына одан ары тексеруге жіберуіне келісім берген.

Бұл зертхана Энергетика министрлігіне қарайды және ол Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым "түпнұсқа биомедициналық үлгілерге талдау жасайды" деп таныған төрт зертхананың бірі саналады. Зертхана өкілі Азаттықтың зертхана Кара-Мурзаға қатысты талдау жасады ма деген сауалына жауап беруден бас тартты.

Биыл күзде Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары сол кезде жариялаған тергеу материалдары АҚШ билігінің белсендіге у қасақана берілмеген деген тұжырымын растайтынын хабарлады.

Алайда құжаттарда мұндай тұжырым жасалмаған. "Сараптамалық токсикология" журналының (Journal of Analytical Toxicology) бас редакторы әрі Америка криминалистік токсикология басқармасының президенті Брюс Голдбергердің айтуынша, зертхана деректері ФБР-дің сирек уларды емес, есірткі мен басқа да заттардың бар-жоғын анықтамақ болғанын көрсетеді.

Голдбергер Азаттықтың сұрауы бойынша аталмыш зертхана деректерін зерттеп, зертхананың "аса күрделі" әдістерді қолданғанын айтады. Оның сөзінше, зертхананың құрал-жабдықтары "заманауи, сараптамалық және криминалистік токсиколог мамандары өте тәжірибелі". Алайда бұл зертхана жаппай қырып-жою қаруларын немесе биотоксиндерді (мысалы, Сібір жарасы) анықтау тестін жасап көрмеген. "Зертхана есірткі мен басқа да заттарды анықтау үшін тест жасаған, бірақ жаппай қырып-жою қаруын анықтап жасамаған" дейді Флорида университеті сот медицинасы кафедрасын басқаратын Голдбергер.

Кара-Мурза бұрын губернатор, вице-премьер болып, кейін оппозиция жетекшісіне және Путиннің сыншысына айналған Борис Немцовпен бірге жұмыс істеді. Немцовты 2015 жылы ақпанда Кремль маңында, яғни Кара-Мурза алғаш рет кенеттен жұмбақ жағдайда ауырғаннан үш ай бұрын атып өлтіріп кетті. Ол өзін екі ретінде де саяси қызметі, оның ішінде 2012 жылы Вашингтонның Магнитский актісін қабылдауына ықпал еткені үшін кек алу мақсатында улады деп санайды. Магнитский актісі бойынша Ресейде адам құқығын бұзуға қатысы бар билік өкілдеріне санкция салынған. Кремль бұл заңға ашулы реакция білдірген.

Владимир Кара-Мурза (сол жақта) АҚШ сенаторы, марқұм Джон Маккейнмен бірге Сенаттың кіші комитетіндегі тыңдауда куәлік беруге дайындалып жатыр. Вашингтон, 19 наурыз 2017 жыл.
Владимир Кара-Мурза (сол жақта) АҚШ сенаторы, марқұм Джон Маккейнмен бірге Сенаттың кіші комитетіндегі тыңдауда куәлік беруге дайындалып жатыр. Вашингтон, 19 наурыз 2017 жыл.

Кара-Мурзаның ісі ФБР ғана емес, Ақ үй мен Мемлекеттік департаментінің де назарын аудартып отыр. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынған Энтони Блинкен 2015 жылы мемлекеттік хатшының орынбасары болып тұрған кезінде улану оқиғасын тергеу барысын қадағалаған.

2018 жылы қаңтарда, Скрипальді улаудан екі ай бұрын Вашингтонда өзгеше бір кездесу болды. Ресейдің негізгі үш барлау қызметтерінің басшылары америкалық әріптестерімен, оның ішінде сол кезде Орталық барлау басқармасын (ЦРУ) басқарған Майк Помпеомен кездесті.

Ақ үйдің бұрынғы қызметкерінің сөзінше, тараптар Барак Обама тұсында басталып, 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің киліккені белгілі болған соң айтарлықтай нашарлай түскен екі елдің қарым-қатынасын одан ары ушықтырмау мақсатында кездескен.

Ақ үйдің аты-жөнін атамаған бұрынғы екі қызметкерінің Азаттыққа айтуынша, Кара-Мурзаның жұмбақ жағдайда науқастануы АҚШ-Ресей қарым-қатынасы үшін аса маңызды деп саналып, кездесудің күн тәртібіне ұсынылған.

Алайда кездесуде Кара-Мурзаның ісі расымен талқыланғаны, егер талқыланған болса не айтылғаны белгісіз. Помпеоның Ресей барлау қызметі басшыларымен кездесуі туралы жалпылама ақпараттан өзге егжей-тегжейлі айтылмады. Ақ үй бұрынғы қызметкерінің айтуынша, кездесудің стенограммасы жарияланбады.

Америка барлауының ардагерлері Ресей барлау қызметі басшыларының бұл сапарын әдеттен тыс, бәлкім, бұрын-соңды болмаған жайт деп атады. Помпео тіпті конгресстегі демократтар өзін ашық сынаған соң ақталуға мәжбүр болды.

Вашингтондағы Ресей елшілігі Помпео мен Ресей арнайы қызметінің басшыларымен кездесуі туралы сауалына елшілік өкілдері кездесуге қатыспағанын және арнайы қызметінің қызметіне қатысты пікір білдірмейтінін айтты.

ФБР-дің зертханалық журналында Кара-Мурза қанының үлгісі сақтау орнынан 2018 жылғы 6 наурызда, яғни Сергей Скрипаль мен оның қызы "Новичокпен" уланып ауруханаға түскеннен екі күн өткенде әкетілгені жазылған. 27 минуттан соң қан үлгісі "айғақ заттар сақталатын тоңазытқышқа" қайта әкелінген. Үлгі тексеру үшін, әдеттегі бақылауға немесе басқа да мақсатта әкетілгені белгісіз. Келесі айда да Кара-Мурза ісі бойынша айғақ заттары Федералды тергеу бюросының арнайы сақтау орындарынан бірнеше рет әкетілген.

Кара-Мурзаның Конгресстегі серіктері ФБР-ден оның жұмбақ жағдайда ауыруына не себеп болғанын анықтауды талап етеді. Кара-Мурза бұл іске қатысты ресми құжат келешекте өзіне қарсы жасалуы ықтимал қастандықтан қорғаныш және оны ұйымдастырушыларға ескерту бола алар еді деп санайды.

ФБР 2018 жылдың ортасына дейін конгрессмендерге бұл іске қатысты мәлімдеме немесе ресми құжат жариялауға уәде беріп келген. Алайда кейін қандай да бір ақпарат бөлісуден бас тартып, ол конгресс мүшелерінің ашуын тудырды.

Тіпті бір сенатор ФБР-ге жазған хатында Кара-Мурзаның ауруына себеп болған затты құпиялап қойған болған мүмкін деген болжамын айтты.

Азаттыққа пікір берген Кара-Мурза өзіне қатысты тергеуді Навальныйдың ісімен салыстырды. Германия канцлері Ангела Меркель ел билігі Навальныйдың "Новичокқа" ұқсас заттан уланғанын анықтаған соң бұған Ресейді жария түрде кінәлаған.

Оның сөзінше, ФБР тергеуді "жоғары кәсіби түрде, күрделі және жан-жақты түрде" жүргізгенімен, саяси билікке келгенде мұндағы жағдай мүлдем өзгеше".

"Бар айтарым – Германия билігінің Навальныйдың ісіне қатысты реакциясы мен Америка үкіметінің менің ісіме қатысты реакциясы арасындағы айырмашылыққа қараңыз. Бұдан өткен айырмашылықты көре алмай тұрмын" деді Кара-Мурза.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG