The Guardian басылымының хабарлауынша, Мұхаммед Амерси – Ұлыбританиядағы Консерваторлар партиясының ірі доноры, Гүлнара Каримоваға пара беру кезінде кеңесші болған. Консерваторлар партиясының жетекшісі - премьер-министр Борис Джонсон.
Басылымда 4 қазанда жарияланған мақалада Telia швед телекоммуникация компаниясы (бұрынғы атауы Teliasonera – Ред.) Өзбекстанның мобильді байланыс нарығына Гүлнара Каримоваға 220 млн доллар пара беру арқылы кіргені айтылған.
Мұхаммед Амерсидің адвокаттарының айтуынша, осы келісім-шартқа қатысты негізгі келісімдер одан екі жыл бұрын жасалған. Адвокаттар Амерси Telia компаниясы Гүлнара Каримоваға пара береді деп "ойламаған" деп отыр.
Алайда The Guardian мен BBC Panorama Амерси Telia компаниясымен алты жыл бойы қатынас жасағанын, топ-менеджер осы компанияның Орталық Азия нарығына кіруінде маңызды рөл атқарғанын зерттеу барысында анықтаған.
The Guardian мәліметінше, осы уақыт аралығындағы жұмысы үшін Мұхаммед Амерси 65 миллион доллар алған. Жексенбі күні жарияланған "Пандора құжаттарынан" (Pandora Papers) ақшаның бір бөлігінің Ұлыбританияда қымбат жылжымайтын мүлік сатып алуға кеткенін білуге болады.
The Guardian басылымы 2017 жылы Мұхаммед Амерси Оксфорд университетіндегі іс-шараға қатысқанын, оған "жемқорлықпен күрескер" ретінде құрмет көрсетілгенін жазды. Амерси жемқорлықпен күрес - "жүрегіне жақын тақырып" деп айтқан.
61 жастағы Мұхаммед Амерси 2019 жылы Ұлыбританияда парламент сайлауы кезінде Консерваторлар партиясын 100 мың фунт-стерлинг (шамамен 136 мың доллар) берген. Оның алдында топ-менеджер Борис Джонсонның, Майкл Гоувтың және Джереми Ханттың науқанына қаржылай көмек берген.
Биыл ақпан айында Швеция соты Telia компаниясының бұрынғы жетекшілерін ақтау үкімін күшінде қалдырды. Олардың бәріне Өзбекстанның бірінші президентінің қызы Гүлнара Каримоваға пара берді деген айып тағылған.
Гүлнара Каримованың өзі елінде түрмеде отыр. Ташкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 2020 жылғы 18 наурызда Каримованы 13 жыл төрт айға соттады.
Сот президент қызын қылмыстық топ ұйымдастырды, алаяқтық жасады, өзгенің мүлкін тартып алды, оны талан-таражға салды деп таныды. Сонымен бірге Гүлнара Каримова қылмыспен келген табысты заңдастырды деп танылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жаңа ханшайым? Өзбекстанда Мирзияев қызының ықпалы артып келедіШвейцария сотында жеңген Гүлнара Каримова 350 млн долларын қайтарып алуы мүмкінӨзбекстан ІІМ Гүлнара Каримованың денсаулығына байланысты түсініктеме бердіКаримова активтері: Белсенділер Өзбекстанға қайтарылатын ақшаны қайта жымқыруға жол бермеуге шақырды "Шіріген жүйені" сынау. Каримовты еске алу. ОА елдері пандемияда Тәуелсіздік күнін қалай атап өтті?