Алматының №2 Алмалы аудандық сотында "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін сотталған белсенді Әлнұр Илияшевтің шағымы бойынша сот басталды. Белсенді өзін саяси қуғынға ұшыраған тұлға ретінде тануды талап етіп отыр.
Сотқа Илияшевпен байланысты екі істі қараған судья Жомарт Асқаров төрағалық етіп жатыр. Белсенді судьяны ауыстыру туралы өтініш түсірді. Асқаров оған "негіз жоғын" айтып, судьяны ауыстыру туралы өтінішті жеке беруге кеңес берді. Илияшев келіскен.
— Биыл судья Жомарт Асқарұлы Асқаров менің өтінішімді үш рет негізсіз қайтарды. Екі өтініш – саяси қуғын-сүргін, тағы біреуі жалақыны өндіріп беру туралы шағыммен байланысты. Ол қажетті процедураның сақталмағанын алға тартты. Ал осыған ұқсас құжаттарды қараған Алматының өзге судьялары басқаша шешім шығарды, ал апелляциялық инстанция менің сот арқылы қорғалуыма құқығым бар екенін мойындады, — деді Илияшев Азаттық тілшісіне.
Сот отырысы судьяны ауыстыру туралы өтінішке байланысты кейінге шегерілген.
Белсенді Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.
Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Жоғарғы сот пен бас прокуратура Илияшевке апелляциялық шағымын қаратуға мүмкіндік бермеді.
Қазір Илияшев соттан қылмыстық қудалауды "саяси қуғын" ретінде тануды талап етіп отыр. Маусымда Алмалы аудандық соты оның өтінішін қабылдамаған. Сот сол кезде оған тұжырымдарын дәлелдейтін құжаттар көрсетпегенін айтқан. Артынша белсенді апелляциялық сотқа жүгінген. Ол шағымда бірінші инстанциядағы анықтаманың күшін жойып, істі аудандық сотқа қайтаруды және басқа судьяның қарауын сұраған.
Қыркүйекте Алматы апелляциялық соты белсендінің шағымын қанағаттандырған.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, оған шыққан үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған. Сәуір айында Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырған Алматы сотының шешіміне өкініш білдіріп, белсендіні қудаламауға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Алматыда Илияшевтің саяси қуғын жайлы өтініші сотта қараладыПолиция белсенді Ильяшевтің пәтерін тінтіп, бауырын бөлімшеге жеткізген"Нұр Отанды сынағаны үшін қудаланған" белсенді соттан "саяси қуғын" барын мойындауды талап етедіКлуни қоры соттың Илияшевке үкімді түсіндіруден бас тартуын айыптап, белсендіні қудаламауға шақырдыКлуни қоры Нұр-Сұлтанды белсенді Ильяшевті қудалауын доғарып, үкімді қайта қарауға үндеді