Accessibility links

Алматыда Илияшевтің саяси қуғын жайлы өтініші сотта қаралады


Белсенді Әлнұр Илияшев. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.
Белсенді Әлнұр Илияшев. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.

Алматыда апелляциялық сот өзінің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын "саяси қуғын" деп тануды талап етіп, бірақ істі сотта қарата алмай жүрген белсенді Әлнұр Илияшевтің өтінішін қанағаттандырды. Бұған дейін төменгі инстанциядағы сот Илияшевтің қажетті құжаттар әкелмегенін алға тартып, "саяси қуғын" туралы өтінішті қабылдаудан бас тартқан.

"Қалалық сот жеке шағымды қанағаттандырды. Саяси қуғын барын мойындау мәселесі аудандық сотта кәдімгі процесте қарастырылады" деп жазды белсенді Facebook парақшасында.

Маусым айында № 2 Алмалы аудандық соты Илияшев "қажетті құжат әкелген жоқ" деп істі қараудан бас тартқан. Бұдан соң белсенді апелляциялық сотқа жүгінген. Шағымда ол бірінші инстанцияда шыққан сот анықтамасының күшін жойып, істі аудандық сотқа өзге судьяның қарауына беруді сұраған.

Алматы қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы белсендінің өтінішін қанағаттандырып, аудандық соттың анықтамасының күшін жойды. Енді іс материалдары бірінші инстанцияға жіберіледі.

Бұған дейін белсенді аудандық соттың өтінішті қабылдаудан саяси себеппен байланыстырған.

Белсенді Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.

Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Жоғарғы сот пен бас прокуратура Илияшевке апелляциялық шағымын қаратуға мүмкіндік бермеді.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған. Сәуір айында Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырған Алматы сотының шешіміне өкініш білдіріп, белсендіні қудаламауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG