Мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Парламент ғимараты.

27 қазанда мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат авторларының айтуынша, заң жобасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілетін кеңейтіп, Қазақстан бойынша өкілдерін тағайындауды қарастырады. Уәкілге тиіспеушілік мәртебесі бекітіліп, оның сотқа шағым түсіру мүмкіндігі пайда болады.

Сәрсенбі күні заң жобасын сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров таныстырды. Оның айтуынша, омбудсмен бес жылға сайланады. Конституцияның 55-бабына сәйкес, оны сенат тағайындайды немесе босатады. Мүдделер қақтығысы болмас үшін омбудсменнің саяси, мемлекеттік қызметпен айналысуына, өзге де ақылы жұмыстармен шұғылдануына болмайды. Тек оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық жұмыстармен айналыса алады.

Заң жобасына сәйкес, омбудсменнің адам құқығын қалпына келтіру бойынша өкілеті кеңейеді. Атап айтқанда, ол:

  • Өтініш берушінің құқықтары мен бостандықтарын бұзған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік қызметкерлерге бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін рекомендациялар жібере алады.
  • Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгіне алады;
  • Мемлекеттік органдар мен лауазымды түлғалардың адам құқығын бұзуына қатысты сотқа жүгіне алады. Омбудсмен сотқа жүгінген жағдайда сот шығынын өтемейді.

Құжат авторларының айтуынша, заң жобасы сонымен бірге омбудсменге тиіспеушілік мәртебесін береді. Атап айтқанда, құжат оны қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылудан қорғайды. Жоба бойынша оның қызметіне араласуға, заңда қарастырылмаған қандай да бір міндет жүктеуге, өкілетіне кедергі келтіруіне жол берілмеуі тиіс.

Заң жобасына сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аймақтарда өкілі бекітіледі. Қазақстан бойынша барлығы 17 өкілдік пайда болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың айтуынша, ол үшін бюджеттен қосымша 2,4 млрд теңге бөлінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткендер омбудсмен Эльвира Әзімовамен кездестіОмбудсмен Шыңжаңда қамалған туыстарына араша сұрап, айыппұл алғандар жөнінде пікірін айттыҚұқық қорғаушы омбудсменнен изоляторда жарақаттанған белсенді жайлы сұрады