Бүгін, дүйсенбі 4 қыркүйекте Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендерді қабылдады. Бұл жөнінде Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендердің бірі Байболат Күнболатұлы Азаттық тілшісіне айтты.
-Эльвира Әзімоваға 4-5 жылдан бергі арызымыздың бәрін айттық. Арыздан нәтиже шықпаған соң Қытай елшілігінің алдына барып, туыстарымызды Қазақстанға жіберуді талап еткеніміз, бірнеше рет қамалғанымыз туралы, Қытай елшілігінің алдында акция өткізгеніміз үшін екі миллион теңгеге жуық айыппұл салынғаны жайлы айттық. Құқығымызды қорғауды, күштеп әкетіп, айыппұл салдуды тоқтату жөнінде өтініш жасадық. Өтінішімізді тыңдап, мәселенің қарастырылатынын айтты,- дейді ол.
Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова журналистер алдына шықпады.
Өткен аптада Нұр-Сұлтан соты Қытай елшілігіне барған бірнеше адамға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" әрқайсысына 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салған (Сот жауапкерлердің кейбіріне жеңілдік жасап, айыппұлдың 70 пайызын ғана төлеуге рұқсат берген). Тұрақты жұмысы жоғын айтқан жауапкерлер өткен демалыс күндері оны өтеу үшін жылу жинай бастаған еді.
"Табысы жоқтарға көп айыппұл салу қаншалықты дұрыс? Адам құқықтарына қайшы емес пе?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына омбудсмен Эльвира Әзімова 28 қыркүйекте "Ол негізі соттың шешімі ғой. Соттың шешімдерімен келіспесе, оған арыз түсіре алады. Заң бәріне бірдей" деп жауап берген болатын.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүрген топ бұған дейін наразылықты Алматыдан Нұр-Сұлтанға ауыстырған. Бірақ бұл жолы да полиция оларды ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан еді. Ал Қытай елшілігінен ешкім шықпаған. .
Наразылар акцияларын ақпанда Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кей күндері консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген.
БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп сипаттайды. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.
ПІКІРЛЕР