Алматыда ереуіл алдында Glovo компаниясының бірнеше курьері ұсталды

Glovo курьерлері компания басшыларының келуін талап етіп тұр. Шілде айы, 2021 жыл.

Алматыда сәрсенбі күні өтеді деген ереуіл алдында Glovo компаниясының бірнеше жұмысшысы ұсталды. Олардың арасында курьерлердің тіркелмеген кәсіподақ жетекшісі Жеңіс Орынәлиев те бар. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды. Ақпаратқа қарағанда, курьерлерді полиция Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізген.

"Белсенділерді таңертеңгі сағат 11:30 шамасында ұстап әкеткенін білеміз, бірақ нақты қай жерде – үйінде ме әлде әкімдікке барған кезде ұстады ма, ол жағы белгісіз. Біздің [телефондарымыз] тыңдалды ма деген күдік пайда болды. Құқық қорғау органдары әрдайым біздің акцияларымыз жөнінде хабардар" деді курьерлердің бірі Vlast сайтына.

Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Компания жұмысшылары ұсталғандарды қолдау үшін полиция басқармасына баратынын да айтқан.

Бұған дейін Glovo курьерлерінің 27 қазанда Алматы әкімдігі алдына жиналып, 20 талабын жеткізетіні жөнінде хабар тараған.

Биыл Glovo жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, бірнеше рет наразылық білдірген. Соңғы рет 20 қазанда Нұр-Сұлтанда 70 шақты жұмысшы наразылыққа шықты. Олар километражды есептейтін Google картасының қосымшасымен жұмыс істейтін бұрынғы жүйені қайтаруды талап еткен. Компания басшылығы мәселені қарастырып, бірнеше күнде жауап беретінін айтқан.

Осыған дейін Wolt компаниясының курьерлері де ереуілге шығып, бұрынғы төлем жүйесін қалпына келтіруді талап еткен еді. Олардың талаптары орындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Нұр-Сұлтанда Glovo курьерлері наразылық білдірдіАлматыда "Glovo" курьерлері басшылыққа қарсы наразылыққа шықтыАлматыда ереуілге шыққан Glovo курьерлері көшені жабуға тырысты