"Полицейлер көбейді, күні-түні жүреді". Жанжалдан кейінгі Пенжім ауылы

Пенжім ауылының кіреберісі. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

27 қазанда қазақ-ұйғыр жанжалынан кейін жұрт білген Пенжім ауылындағы тіршілік қазір бұрынғы қалпына көшкен. Ауыл адамдары мектептен басталып, бүкіл ауылды алаңдатқан жанжал туралы көп айтқысы келмейді. Азаттық тілшісі Алматы облысы Панфилов ауданындағы жанжал болған қазақ-ұйғыр ауылына барып, қазіргі жай-күйімен танысып қайтты.

Пенжімде күзгі науқан қызған. Ауылдағы жұрттың көбі жүгері егіп күн көреді. Пенжімге кіреберісте жүгері қоймасы көрінді. Әр жерге үйілген жүгері. Үш-төрт адам жұмыс істеп жүр. Техникамен жүгері тазартып жатқан кісілер қоршауға қарай келмеді. Ешбірімен тілдесуге мүмкіндік болмады.

Жүгері қоймасында жұмысшылар техникамен өнімді сұрыптап, тазалап жатыр. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

- Ауылда осындай екі қойма бар. Көбіміз жиған жүгеріні соларға өткіземіз, - деді осыдан кейін алдымнан шыққан Пенжім тұрғыны Әзім Нәдіров. Жүрісі ширақ көрінген 86 жастағы қарияның сөзінше, жұрт жүгерісін реті келсе ғана егістік басында сатады, әйтпесе "жергілікті кәсіпкерлер Юлдаш пен Әділжанға қарайтын" осы екі қоймаға өткізеді.

Пенжім ауылының 86 жастағы тұрғыны Әзім Нәдіров. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

27 қазанда болған жанжалдан кейін ертеңінде Панфилов ауданы әкімдігі ауыл халқын жиналысқа шақырған. Сол кезде жергілікті ұйғыр кәсіпкерлер техникасын алдымен ұйғыр азаматтарға, кейін қазақтарға береді, бөлінеді деген шағым айтылған еді.

Пенжім ауылдық округі айналасындағы егіс алқаптары. Google Earth скрині.

Әзім қария он шақты күн бұрын болған жанжалға байланысты ештеңе айтқысы келмеді. Ол "сыртқа шықпаймын. Үйдемін. Не өзгеріс болып жатқынан да білмеймін" деді де аялдай бергенді жөн көрмей келесі көшеге қарай бұрылып кетті.

Көшедегі тәртіпті бақылап жүрген полиция патрулі. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

Тағы бір ауыл тұрғыны Ахмет кейінгі күндері полиция патрулі көбейгенін айтты.

- Күнімен, түнімен жүреді. Бақылайды. Бұлардың бар болғаны жақсы. Бұдан кейін ондай жанжал болмасын. Қазақ-ұйғыр деп бөлініп не керегі бар? Жас балалардың шығарып жүргені ғой, - дейді ол.

Ауыл ішін бақылап жүрген полицияның көбейгенін мен де байқадым. Жарты сағаттың ішінде үш патруль көлігін көрдім.

Пенжімдегі учаскелік полиция пункті. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Біреуін тоқтатып, "Кімдер тергеліп жатыр, ұсталғандар бар ма?" деп сұрадым. Полиция бөлімшесіне жол сілтеді. Бірақ ол жерде де ешкім мардымды жауап бермеді. Бөлімшеге келгенде алдымнан шыққан учаскелік полицей "аудандық полиция бөліміне барыңыздар" деді. Ол Пенжім округі аумағындағы қоғамдық тәртіпті жеті-сегіз полиция көлігі бақылап жүргенін айтты.

Бұған дейін Алматы облыстық полиция департаменті жанжалға байланысты Қылмыстық кодекстің "бұзақылық" және "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Департаменттің мәліметінше, қылмыстық істерге қатысы бар адамдардың бәрі анықталған және сараптама тағайындалған. Ресми хабарламада әлдекімнің ұсталғаны жөнінде ақпарат жоқ.

Пенжім ауылдық округі әкімдігінің сыртқы көрінісі. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Полиция бөлімшесі мен ауыл әкімдігі бір ғимаратта отырады. Демалыс болғандықтан (Пенжім ауылына 6 қарашада бардым – авт.) әкімдік есігі жабық тұрды.

Әкімдік пен мәдениет үйі арасындағы алаңқай. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Әкімдіктің алдын "орталық алаңға" ұқсаттым. Асфальт та, фонтан не гүлзар орнатуға арналған цемент тұғыр да ескірген. Алыстан ауылдың мәдениет үйі көрінеді.

Пенжім көшесінде келе жатқан қос қария. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Округке қарайтын төрт ауылда 12 мың тұрғын бар. Оның 7 мыңы – қазақ, 5 мыңы – ұйғыр. Бірақ Пенжімнің өзінде ұйғырлардың саны басым. Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, ауылда 2783 ұйғыр, 2519 қазақ тұрады.

Қазақ-ұйғыр жанжалы кезінде терезесі сынған дүкеннің сырты. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

Ауылдың орталық көшесінде көлік те, адам да жиі жүреді. 27 қазан күні түнде терезесі шағылған дүкенді, төлем терминалын жөндеп қойған. Сатушылар кімнің жөндеп бергенін айтқысы келмеді.

Тұрғындар кафеде өтетін асқа жиналып жатыр. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

Ал осы дүкеннің қарсы бетінде тұрған "Керуен сарай" кафесіне жұрт асқа жиналып жатты. Ұйғыр азаматтардың бірі бұл жоралғыны "нәзір" деп атады. Адам өмірден өткенде бала-шағасы кезектесіп елді нәзірге шақырып, қайтқан кісіге құран бағыштайды.

Кафе әкімшісі Раушангүл Гаитова палау басып жатыр. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

Нәзір өтіп жатқан кафе терезесінің көбі ауыстырылған. Жанжал болған түні кафенің барлық терезесі сынғанын айтқан кафе әкімшісі Раушангүл Гаитова палау басып жатыр екен. Оның айтуынша, жұмысшылар жұмысты аяқтап үлгермей жатыр.

- Кузиев пен Ақсубаевтың (Панфилов ауданының кәсіпкерлері – ред.) адамдары [жөндеп жатыр] ғой деймін. Алдымен үйлердің терезесін салып, содан кейін кафенікін аяқтайды екен, - дейді.

27 қазандағы жанжал күні сынған терезе. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

Он күн бұрынғы жанжалдың белгісі болып әлі ауыстырылмаған терезелер тұр. 27 қазанда мектептегі төбелес болып, арты қазақ-ұйғыр тұратын Пенжімде жанжалға ұласқан. Жанжал кезінде бірнеше үй мен нысанның терезесі сынған еді.

Пенжімде қазақ-ұйғыр жанжалы болған күні сынған кафе терезесі. Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылы, 6 қараша 2021 жыл.

- Жақсы нәрсе емес. Бөліну бұған дейін болған. Бұдан кейін де болатын шығар. Ол өзгермейді. Бірақ біздің кезімізде бұлай асқынбап еді. Бір-бірімізді қонақ етіп, тамақ ұсынушы едік. Қазір ондай емес, - дейді 62 жастағы Раушангүл Гаитова.

Оның сөзінше, ауылдағы үйлерде балаларға "ұйғырдың үйіне кірме, қазақтың үйіне кірме" деген әңгіме жиі айтылады.

Пенжім ауылының орталық мешіті. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Жанжалдан кейінгі жиналыста ауылдағы екі ұлттың мешітте де, таксиге отырар сәтте де бөлінетіні айтылған. Пенжімдегі ескі мешіт апатты жағдайда деп танылып, біржолата жабылған. Қазір орталық көше бойындағы бір мұнаралы мешіт жұмыс істеп тұр.

Пенжім ауылынынан Жаркентке қатынайтын такси жүргізушісі көлігін сүртіп жүр. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Мешіттің іргесіндегі алаңқайда ауылдан 18 шақырым жердегі аудан орталығы Жаркентке жүретін таксистер тұрады. Адам басына – 500 теңге. Көлігін мұнтаздай етіп сүртіп, жолаушы күтіп тұрған жүргізуші Пахирдин Садриев жолаушының ұлтыма қарап, отырмай қойған кезі болмады дейді.

- Кейбіреу солай істейді деп естігенмін. Үнемі адам тасымаймын. Негізі жүк көлігімен Қорғастан тауар тасимын. Ол көлік қазір кезекте тұр, - дейді Пахирдин.

Пенжім ауылынынан Жаркентке қатынайтын такси жүргізушісі көлігін сүртіп жүр. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Шекара іргесінде тұрған ауыл көшесінде жүк көлігі мен тіркеме көзге жиі ұшырайды. Диқаншылықты кәсіп еткен жұрттың тауар тасымалдау ісіне де етене араласқаны байқалады. Бірақ қазақ-қытай шекарасындағы алыс-беріс пандемия басталғалы баяулаған. Пенжімдіктер де тауарларын қазақ-қытай шекарасындағы "Нұр жолы" өткізу бекеті арқылы тасиды.

Қазақстан-Қытай шекарасы маңында тұрақта тұрған жүк көліктері. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

"Нұр жолы" өткізу бекетінен Қытай арқылы кіріп тауар алып кетуге кезекте 10 мыңнан астам көлік тұр. Кеденнен өткен жүкті қоймадан алып кетуге де бөлек кезек түзілген. Арнайы тұрақтағы бұл кезекте 1500 көлік қаңтарылып тұр.

Қазақстан-Қытай шекарасына жақын жерде орналасқан Нұркент қалашығындағы құрылыс. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Шекара түбіндегі Нұркент қалашығы да Пенжім ауылдық округіне қарайды. Мұнда негізінен "Нұр жолы" өткізу бекетінде істейтін кеденшілер және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында жұмыс істейтіндер тұрады. Болашақта 100 мың халық тұрады деп жоспарланған қалашықтың бір шетінде жаңа үйлер салынып жатыр.

Пенжім ауылының орталық көшесінде кетіп бара жатқан шаруа. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Пенжім ауылының тұрғыны Ернат Ермекбаев деген азамат "27 қазандағы жағдай елді біраз дүрліктірді, бірақ тез тынышталды" дейді.

Пенжім ауылдық округінің тұрғыны Ернат Ермекбаев. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Пенжіммен көрші Алты үй ауылының тұрғыны Нұрдәулет "басқа ауылдарда қазақ-ұйғыр береке-бірлікпен өмір сүріп жатырмыз, Пенжім ауылында қазақтардың саны аз болған соң сондай жағдайлар қайталанып тұрады" дегенді айтады.

Ауылдың орталық көшесінен өтіп жатқан көліктер. Алматы облысы Панфилов ауданы, 6 қараша 2021 жыл.

Аты-жөнін атамаған полиция қызметкерінің айтуынша, 27 қазанда Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында мектеп ауласында 9-сынып оқитын 12 ұйғыр оқушы мен 10-сыныптағы үш қазақ оқушы төбелескен. Бір оқушының басы жарылып, ауруханаға түсті. Бұған наразы болған қазақтар бір ұйғыр оқушының үйіне тас лақтырған. Оқушының 53 жастағы атасына тас тиіп, ол да ауруханаға түскен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пенжімдегі жанжалдан бір апта өткенде ұлтаралық сипаты жоқ деп мәлімдеді. Бірақ елде халықтар достығын нығайту керек дегенді қосып айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Полиция күзеті, көзіне тас тиген тұрғын һәм Тик-ток. Пенжімдегі жанжалдан кейінгі ахуал"Ұлтаралық қақтығыс – билік жасыруға тырысатын тақырып". Пенжім жанжалы нені көрсетті?"Мектептегі төбелестен шықты". Пенжімде не болды?