Бірнеше күн бұрын жалақы өсіруді талап етіп, "талаптарымыз орындалмаса ереуілге шығамыз" деп ескерткен жаңаөзендік жедел жәрдем станция жүргізушілерінің ереуілі 13 қарашада таңертең басталып, жарты күнге созылды. Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станция басшылығы жүргізушілердің жалақысын 2022 жылдан бастап 23 пайызға өсіруге уәде беріп, қалған бөлігін (68 пайыз) "Өзенмұнайгаздан" ақша сұрап шешуге тырысып жатқандарын айтты. Жұмысшылар хаттамаға қол қойғанмен басшылықтың уәдесін орындайтынын-орындамайтынын уақыт көрсетеді деп отыр.
Жаңаөзендегі жедел жәрдем станция жүргізушісі Мұрат Белбаевтың Азаттыққа мәлімдеуінше, жүргізушілер сенбі таңертеңгі сағат 9-да қаладағы жедел жәрдем станция кеңсесі алдына жиналған. Жұмысты жартылай тоқтатып (линиядағы он бригада жұмысын жалғастырған – М.Б), талаптары орындалмайынша ереуілді жалғастыра беретінін ескерткен. Оларға облыстық жедел жәрдем станциясы басшысы Айларбек Шыршықбаев пен Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов келіп, талаптарының "заңсыз екенін" ескерткен. Бірақ олар тарамаған.
Ақпаратқа қарағанда, жұмыс беруші жүргізушілерге жалақыны жаңа жылдан бастап 23 пайызға көтеруді ұсынған. Жүргізушілердің сөзінше, олар 52 мың теңге жалақы алады, егер жұмыс беруші оны уәде еткендей 23%-ға көтергенімен ол бар болғаны 12 мың теңгені құрайды және түнгі ауысым мен ковидке байланысты ай сайынғы қосылатын төлемдерді есептегенде қолдарына іс жүзінде 112-120 мың теңге тиеді.
– Бұл ешнәрсеге жетпейді, азық-түлік бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан біздің талабымызды Жаңаөзен халқы түсінеді деп үміттенеміз, - деді жалақыны жүз пайызға өсіруді талап еткен олар.
Жұмыс беруші жүргізушілер сұрап отырған жалақы мөлшерінің қалған бөлігін аймақтағы негізгі шикізат өндіруші "Өзенмұнайгаз" компаниясы есебінен толтыруды да ұсынған". Ақыры жүргізушілер мен фельдшерлер наразылығы түс ауа тоқтаған. Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станция бастығы Айларбек Шыршықбаев жұмыс беруші, жұмысшы және Жаңаөзен қаласы әкімдігімен үш жақты хаттамаға қол қойылғанын айтты.
Оның айтуынша, кейінгі екі жылда жүргізушілер жалақысы 25 мың теңгеге өскен. Түнгі ауысымдағы төлемдерді қосқанда қолдарына 100-105 мың теңге алады дейді ол.
– Олар бүкіл жедел жәрдем көлігін тоқтатып тастаймыз деп қорқытты. Соны тоқтатпауға келістік. Әлеуметтік желіден видеоларын алып тастауды сұрадық. Жалақыны 2022 жылдан бастап 23%-ға көтеретін болдық. Оған жүргізушілер келіспейді, бірақ ол менің құзырымдағы нәрсе емес, оны Еңбек министрлігі шешеді. Наразылықты шешудің бір жолы ретінде олар өздері Жаңаөзен қаласы әкіміне барып "Өзенмұнайгазды" ай сайын жалақыға 20-30 мың теңге қосу үшін демеуші ретінде тартуды сұрауды ұсындық, - дейді Айларбек Шыршықбаев.
Бұған дейін наразылар бригадаларды толықтырып, фельдшерлер санын арттыруды да сұраған. Маңғыстау жедел жәрдем станция бастығы бұл талапты әзірге шеше алмайтынын, бюджеттің бекітіліп кеткенін айтты. Ол Жаңаөзеннен басқа Ақтау және Бейнеу аудандық жедел жәрдем станция жүргізушілері мен фельдшерлері наразылығының қалай шешілгені туралы ештеңе айтпады.
10 қарашада Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Бейнеу ауданы жедел жәрдем станция жүргізушілері мен фельдшерлері наазылыққа шығып жалақыны көбейтуді, бригадалар қатарын толтырып, фельдшерлер санын арттыруды талап еткен болатын. Олар талаптары орындалмаса 13 қарашада жұмысты тоқтатындарын айтқан еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны өсіруді талап еттіБиыл 14 шілдеде Жаңаөзен қаласындағы 45 жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жұмысты ішінара тоқтатып, жалақыны өсіруді талап еткен еді. Олар жалақы мәселесінің 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, кейінгі екі жылда жалақы екі рет 12 мың теңгеге ғана көтерілгенін, басқа өзгеріс болмағанын айтқан болатын.
Маңғыстау облысында бір ауысымда 53 бригада тұрғындарға қызмет етеді. Жалпы облыстағы жедел жәрдем стансасында 86 фельдшер жұмыс істейді.