Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесер қарсаңда Вашингтон Тайваньдағы ахуалға алаңдады

АҚШ вице-президенті болып тұрған тұста Джо Байденнің Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуі. 2011 жыл.

АҚШ Қытайдың "Тайваньға әскери, дипломатиялық және экономикалық қысымына" алаңдайды. АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің виртуал саммиті қарсаңында Вашингтон осындай мәлімдеме таратты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының ресми өкілі Нед Прайс 13 қараша күнгі мәлімдемесінде бір күн бұрын мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.

"Мемлекеттік хатшы президент Джо Байденнің Қытай басшысы Си Цзиньпинмен виртуал кездесудің дайындық барысын талқылады. Бұл кездесу екі басшыға АҚШ пен Қытай мүдделері түйісетін салаларда жауапты түрде бәсекелесу мәселесін талқылауға мүмкіндік береді" деді Прайс.

Оның айтуынша, Блинкен "АҚШ-тың Тайвань аралында бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына мүдделі екенін айтып, Қытайдың әскери, дипломатиялық және экономикалық қысымына алаңдаушылық білдірген".

Ол "Тайвань бұғазымен байланысты мәселелерді бейбіт жолмен және Тайвань халқының мүддесі мен тілектерін ескере отырып шешу үшін" Пекинді конструктивті диалогқа шақырған.

"Интерфакстың" жазуынша, сенбі, 13 қарашада Қытай СІМ Блинкенге Қытайдың Тайвань бойыншы ұстанымын жеткізген. Қытай сыртқы істер министрі Ван И "Тайвань тәуелсіздігі" бұғаздағы "бейбітшілік пен тұрақтылыққа төндіретін ең үлкен қатер" екенін тарих пен қазіргі ахуал толық дәлелдеді" деп мәлімдеген.

Екі ел басшыларының кездесуі Вашингтон уақытымен дүйсенбі, 15 қараша – Пекин уақытымен сейсенбі, 16 қарашаға жоспарланған. Пекин мен Вашингтон арасындағы уақыт айырмашылығы – 13 сағат.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тайвань сыртқы істер министрі Қытаймен жақын қатынастағы елдерді сақ болуға шақырдыДжо Байден: АҚШ Тайванды қорғауға міндетті"Пекин бізге демократия бере алмайды". Қытай мен Тайвань арасында не болып жатыр?АҚШ және Қытай басшылары жарты жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет телефонмен сөйлестіТайваньға байланысты даудан кейін Пекин Литва елшісін қайтаратынын айтты