Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 желтоқсанда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Шаңырақ оқиғасы және сол іс бойынша сотталған диссидент Арон Атабек жөнінде айтты.
Депутат 15 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы кезінде үйлерін қорғауға тырысқан халықтың наразылығын күшпен басуды "заңды әрекет" деп сипаттауға тырысты. Оның сөзіне қарағанда, 2006 жылдары депутат болып тұрған тұста Арон Атабек Шаңырақ мәселесін көтеріп, депутаттың назарын үйлерін заңдастыра алмай жүрген азаматтардың мәселесіне аудартқан. Ол сол кезде "эмоцияға беріліп" мәселенің байыбына бармай "қызу кіріскенін", артынан "опық жегенін" айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Диссиденттен саяси тұтқынға айналды". Арон Атабек және Шаңырақ оқиғасы– Басында түсіндірген кезде ол кісі (Арон Атабек – ред.) керемет шешен болды. Елпілдеп кеттім. Шынымен қызу кірістім. Шаңырақтың мәселесін парламент қабырғасында кәдімгідей қозғадым. [Әріптестерім] "Бекболат, сен эмоцияға салынба, тұра тұр, бұл нәрсені тексеріп ал!" деді. Мен тексерместен кірістім. Сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты парламентке шақырдым... Кейін [істің мән-жайын] маған түсіндірген кезде істеп жатқан нәрселердің барлығы қарап отырсақ, шынында да бәрі дәлелденген, айтып отырған айғақтардың барлығына көзімді жеткізді, – деді Бекболат Тілеухан.
Ол сөз арасында сол кездегі Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен де, өзге адамдармен кездесіп, "бүкіл нәрсенің бәріне көзін жеткізгенін" айтты.
Тілеуханның сөзіне қарағанда, ол Шаңырақ ісі бойынша сотқа шақырылмаған. "Шақырылғанда келер едім. Бірақ сотқа дейін қажетті ақпараттың бәріне қол жеткіздім" деді ол.
Арон Атабек – 2007 жылы Шаңырақ ісі бойынша "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 18 жылға сотталған. Диссидент ақын өмірінің соңына дейін тағылған айыппен келіспей, өзін ақтауды талап еткен. Оның ісін мұқият зерттеген құқық қорғаушылардың айтуынша, Атабек "тәртіпсіздікті қоздырған жоқ", керісінше билік пен халық арасында ара ағайындық жасап, Шаңырақ ықшам ауданындағы баспана мәселесін ушықтырмай, бейбіт жолмен шешуге күш салған.
Жақтастары және құқық қорғаушылар билік оны саяси белсенділігі үшін қудалады деп санайды. 15 жыл түрмеде отырып, жуырда денсаулығына байланысты босатылған диссидент 24 қарашада ауруханада көз жұмған еді. Белсенділер Арон Атабектің белсенділігінің арқасында 2 мыңға жуық адамның жер мен баспанаға ие болғанын айтады.
8 желтоқсанда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында депутат "Арон Атабек қазақ үшін жүгірді" деген тіркеспен келіспейтінін де жеткізіп, оны кінәлай сөйледі.
"Қандай да бір саяси күштердің мүдделерін қорғағанын білген жоқпын, бүкіл күшіммен салындым, ең соңында опық жедім, осы нәрсені ашық айтайық" деді ол.
Шамамен 15 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы бойынша пікір білдірген шенеуніктер көп жағдайда ресми көзқарасты жақтайды.
2007 жылы Шаңырақ ісі бойынша шыққан үкімді құқық қорғаушылар сынап, қайта қарауды талап еткен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары осы іс бойынша ұзақ жылға сотталған Арон Атабекті "саяси тұтқын" деп танып, жылдар бойы босатуды талап етіп келді.
Түрмеде отырған кезде ақынның азаптау туралы арыз-шағымын билік жоққа шығарды. Абақтыда отырған ақын ауруханаға сұранғанымен, билік "ол емделуді қажет етпейді" деп, өтінішін орындамады. Саяси тұтқынмен жүздесуге тілек білдірген еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға Атабекпен кездесуге рұқсат бермеді.
Осыған дейін Арон Атабекті қорғау комитетінің өкілдері Шаңырақ ісі бойынша сотталғандарды ақтауға күш салатынын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шаңырақ оқиғасы кезінде Арон Атабек "Бекболат Тілеуханның қоғамдық көмекшісі болған"