«ҰЛЫ ТҰРАН» КІМГЕ ҚАУІПТІ?
Түркі халықтарының бірігуінен тек Мәскеу ғана қорқа ма? Бұл интеграциядан Иран неге секем алады? «Ұлы Тұран» тек түркі мемлекеттерімен шектеле ме? АҚШ-тағы Jamestown қорының сарапшысы Пол Гобл түркі мемлекеттерінің интеграциялық жұмылу әрекетіне Ресей сарапшыларының реакциясын бақылап, осы сұрақтарға жауап іздейді.
Мәскеу Халықтар достығы университетінің сарапшысы Камран Гасановтың ойынша, орыстар арасында «Орыс әлемі» қаншалық күшті идея болса, түріктер үшін «Ұлы Тұран» да сондай. Алайда, «әлі де тұманды, түсініксіз» көрінетін бұл идеяға Ресей «жеңіл қарайды» дейді сарапшы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу түркі мемлекеттерінің бірігуінен неге қорқады?Гасановтың айтуынша, «Ұлы Тұран» тұжырымдамасы Түркия үкіметінің ресми құжаттарында жоқ, бірақ ол «түрік ресми тұлғаларының дүниетанымынан және жүргізіп отырған саясатынан хабар береді». Оның айтуынша, Түркияның бұған қатысты «шынайы жоспары» бар, ал Мәскеу «бұл шынайылықты мойындауы керек». Гасанов және басқа Ресей сарапшыларының айтуынша, «Ұлы Тұран» идеясының аясына тек түркі елдері ғана емес, финн-угор халықтары да кіреді. «Яғни, бұл екі топты біріктіретін кез келген қозғалыс Ресейдің Кавказ бен Орталық Азияға ықпалына ғана емес, Мәскеудің Ресей Федерациясының қазіргі аумағы аясында түркі және финн-угор аймақтарын бақылау мүмкіндігіне де қауіп төндіреді» деп жазады Гобл.
Тұранның бірігу ықтималдығы тек Ресейді ғана емес, басқаларды да алаңдатады. «Иранның мұндай түркі экспансиясын қаламайтыны анық. Ұзақ мерзім тұрғысынан Қытай да мұны қош көрмейді, оған өз елінде түркі халықтары (негізінен ұйғырлар, қазақтар және басқалар) тұрғаны ғана себепкер емес. Пекин түптің түбінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда үстем ойыншыға айналуды көздейді» деп жазады сарапшы.
Оның айтуынша, ықтимал «түркі экспансиясының» алдында ең қауқарсыз ел – Ресей. Ресей ғалымдары мен ресми адамдары заманауи тұрантануға көбірек көңіл бөле бастады, тіпті осы тақырыпқа арналған орыстілді портал ашылды.
Ресейліктердің алаңдауына Түркі мемлекеттер ұйымының жақында өткен жиыны ғана емес, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Түркі әлемі» картасын ұстап түскен суреті де түрткі болған. Картада «Түркі әлемінің» құрамына Ресейдің біраз бөлігі еніп кеткен. «Сондықтан түркі халықтарынан да кең ауқымды қамтитын «Ұлы Тұран» туралы Түркия мен басқа түркі мемлекеттерінде айтылып жатқан әңгіме Ресей астанасында дабыл қоңырауын қаққызды» деп сипаттайды Гобл.
ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ЖАҢАӨЗЕННЕН САБАҚ АЛДЫ МА?
Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша сарапшысы Мира Риттман Жаңаөзен оқиғасының қарсаңында Қазақстандағы еңбек құқықтары ахуалын талдап, Diplomat басылымына мақала жариялады. Оның айтуынша, билік Жаңаөзенде өз құқықтарын қорғамақ болған мұнайшыларға құлақ асудың орнына, оқ жаудырған, байланысты өшіріп, жүздеген адамды қамап, олардың көбін азаптаған.
«Қазақстан басшылығы жаппай тәртіпсіздікке қарсы әрекет етіп жатырмыз деді. Бірақ Жаңаөзенде сол күні болған оқиғаның қарсаңында мұнайшылардың жеті ай бойғы талабы орындалмай тұрды. Үкімет басқаша айтып сендіргісі келгенімен, содан кейін жұмысшылардың тәуелсіз түрде бірігуіне кедергі жасалды» дейді Риттман.
Оның айтуынша, Қазақстан билігі Жаңаөзен оқиғасынан сабақ алған жоқ, себебі елде еңбек құқықтарын шектеу 2011 жылғы оқиғадан бұрын да болған, кейін тіпті қарқынды түрде жалғасты. Ең белсенді деген мұнайшыларды ұзақ мерзімге соттағаннан соң кейін кәсіподақ туралы жаңа «репрессияшыл» заң қабылданып, елдегі тәуелсіз кәсіподақтар жабылды, олардың басшылары түрмеге қамалды.
«Қазақстанның кәсіподақтарға қарсы әрекеттері елеусіз қалмады. Қазақстанның 2015 жылдан бері Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұйымдарға бірігу ковенциясын қайта-қайта бұзуы ХЕҰ-ның стандарттарды қолдану комитетінде Қазақстан мәселесін бірнеше рет бөлек қарауына түрткі болды. 2018 жылы Қазақстан ХЕҰ-ның жоғары деңгейдегі үшжақты миссиясын қабылдауға, ал 2020 жылы кәсіподақ туралы репрессиялық заңға өзгерістерді әупіріммен енгізуге мәжбүр болды».
Риттманның айтуынша, ХЕҰ-ның стандарттарды қолдану комитеті биыл Қазақстанды қатты сынаған есебін жариялап, елді конвенция шарттарын орындау үшін кәсіподақ өкілдерімен «тікелей байланыс» орнатып, ол жөнінде есеп беруге міндеттеген.
«Арнайы ұйымдастырусыз болған сол ереуілден бері он жыл өтсе де билік мұндай жиындардың көбін «заңсыз» деп танып келеді. Биыл Covid пандемиясы кесірінен экономиканың төмендеуіне байланысты олардың саны арта түсті, ереуілшілер қатарына гиг-экономика (азаматтық келісім-шартпен жұмыс істейтіндер – ред.) қосылды. Жұмысшылар ерекше қолдауды қажет ететін кездердің өзінде үкімет кәсіподақ ұйымдарын құруға кедергі келтіріп бақты» деп жазады Риттман.
ЖАҢАӨЗЕННІҢ ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАРЫ
2011 жылғы 16 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасына қатысты блогында сарапшы Симон Пирани бұл қайғылы күннің көп жұмбағы әлі ашылмағанына тоқталып, халықалықаралық тергеу жүргізу қажет деген пікірді қайталайды.
«Алаңда бүлік шығарған арандатушылар кім? Қарусыз халыққа ішкі істер министрлігінің қарулы әскерін қарсы жіберу туралы бұйрық берген кім? Оқ атқан кім?» Автор қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Жаңаөзен қасіретіне қатысты осы сияқты жауапсыз сұрақтарын топтап қояды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Жаңаөзендегі жағдайға халықаралық тергеу жүргізу керек, себебі «тіпті қазірдің өзінде Қазақстан басшылығы шындықты жабуға қатты тырысып келеді».
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жендеттер", өңештен тиген оқ және "іште қалған" шындық. Жаңаөзен куәгерлерінің естеліктеріБұған қоса, құқық қорғаушылар тек алаңдағы оқиғалар ғана емес, оған дейінгі, одан кейінгі жайттар да мұқият тексерілуі керек деп санайды. Мәселен, «үш күндік басып-жаныштау кезінде ұсталған мұнайшылар мен олардың қолдаушыларын азаптау істері», әйел адамдарды зорлау, сексуалдық зорлық жайттары бар.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтың айтуынша, мұның жан-жақты айғақ-дәлелі әлдеқашан жарияланған. Зорлық көргендер арасында мұнайшылар кәсіподағын ұйымдастырушы Роза Төлетаева, кәсіподақ белсендісінің қызы Жансәуле Қарабалаева, және белсендінің қызы Әсем Кенжебаева бар.
«Әйелдер мен еркектерді [қыстыңгүні] тырдай жалаңаштап, ұрғаны, үстіне суық су құйғаны жайлы айғақтар бар» дейді Ағелеуов.
Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар кезінде 16 адам қаза тауып, 100-ге тарта кісі жарақат алған. Автордың айтуынша, бұл дерек те қайта қаралуы керек. Себебі оқ тиіп қаза болған кей адамдардың туыстары «жүрек талмасынан қайтыс болды» деген медициналық анықтамамен келісіп, қол қойғанда ғана марқұмның мәйіті берілген. Кей мәйіттер аты-жөні жазылмастан жерленді деген айғақтар бар, сондай деректердің бірін Жаңаөзенге алғашқылардың бірі болып жеткен Ресейдегі «Новая газета» тілшісі Елена Костюченко келтірген.
«Полицияның бірнеше офицері «қызметін асыра пайдаланғаны үшін» қысқа мерзімге сотталғанымен, Қазақстан үкіметі оқ атуға кім бұйрық бергенін әлі айтпай отыр» деп жазады автор.
«ҚАЗАҚЫЛЫҚ ҚАЙТА ОРАЛЫП ЖАТЫР»
National Geographic Қазақстаннның тәуелсіздігі мерекесіне қазақ халқының дәстүр-салты мен тұрмысын суреттейтін репортаж жариялады. Автор Түркістан қаласында тұратын Жанболат пен Гүлзираның үйінде қонақта болып, онда көрген-білгенін баяндайды.
«Жанболат көз қиығымен қарап еді, ұлы аты белгісіз халық әнін ойнай жөнелді. Домбыраның екі-ақ шегі болғанымен, оның үні бір тылсым гипноз сияқты: әуезді, жұмсақ бірақ ырғақты, құдды бір орта ғасырдағы той-думанның ортасында отырғандайсың» деп сипаттайды автор.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мың өліп, мың тірілген". Еділ бойындағы қазақтар ана тілінен ажырап барадыҚазақтың қонақ күту, ет асып, мейманды төрге шығару дәстүрін тәптіштей түсіндірген автор Жанболаттың үйіндегі дәстүрлі тұрмыстық заттар мен ою-өрнекке, ұлттық нақышқа ерекше мән береді.
«Алтын, көк, қызыл, күміс сияқты түрлі түстен жасалған ою-өрнек жастықтан бастап, перде, қабырға, кілемге дейін салынған. Көк аспан астында соғысқа оқталып тұрған алтын қанатты пырақтар бейнеленген Қазақстан елтаңбасы төбеге ілінген».
«Қазақстанда мұндай асүйлер көп қалған жоқ. Совет кезінде қазақ дәстүрлері басып-жанышталды. Қазір бәрі өзгеріп жатыр» дейді Жанболат.
«Қазақылық қайта оралып жатыр. Жас кезімде қолөнер шебері болып күн көре алмас едім. Қазір қалаларда қазақ қолөнерін үйретуге болатын шеберханалар бар, Наурыз сияқты түркі мейрамдары қайта тірілді» дейді Жанболат.