Полиция "Демпартия" белсенділерін ұстады, біреуі өзіне күш қолданылғанын хабарлады

Желтоқсан құрбандарына арналған мемориалда плакат ұстап тұрған тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділері. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.

24 желтоқсанда күндіз тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділері Абзал Достияров пен Ырысбек Тоқтасынды полиция көшеден ұстап әкеткен. Бұл жөнінде партия жетекшісі, саяси белсенді Жанболат Мамай хабарлады. Белсенді Ырысбек Тоқтасын полицияның өзін "ұрып, дәрігер көмегіне зәру" екенін мессенжер арқылы хабарлады.

– Жаңа ғана ұстаған сияқты. 10 минут бұрын Ырысбек Тоқтасыннан хабар келді. Оның алдында Абзалды алып кеткен. Маған әйелі хабарласты, – деді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.

Мамайдың пікірінше, оларды 16 желтоқсан күні Республика алаңында өткен "Демпартия" митингісіне байланысты ұстауы мүмкін.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Ырысбек Тоқтасынның "Не болды? Неге түсіндірмейсіңдер...Мені полицияға күштеп [әкетейін деп жатыр]" деп айтқаны естіледі. Оның соңғы сөздері үзіліп кеткен. "Демпартия" жақтастары түстен кейін Алматы қалалық полиция департаментіне барды.

Жұма күні түстен кейін партияның өзге белсенділері Мейірхан Жолаев пен Аружан Дүйсебаеваның да ұсталғаны хабарланды. Кешке қарай белсенді Ырысбек Тоқтасын мессенжер арқылы полицияның "өзін ұрып, дәрігер көмегіне зәру екенін" хабарлады.

16 желтоқсанда Қазақстанның әр қалаларында жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, марқұмдардың рухына құран бағыштаған. Алматыда еске алу шарасының соңы тіркелмеген Демократиялық партияның митингісіне ұласып, белсенділер 2011 жылғы қантөгістің шындығы ашылмағанын айтты. Митинг өткен Республика алаңында бірнеше сағат интернет өшірілді. Аумақта полиция күзеті күшейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Желтоқсан, Жаңаөзен. Кешірмейміз, ұмытпаймыз!" Алматыда жүзге жуық адам алаңға жиналды