Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын серігінің бірі болған Кәрім Мәсімов елде жағдай нашарлаған тұста "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен қамауға алынды. Ол 2016 жылдан бері елдегі ықпалды орынның бірі – ҰҚК басқарып келген еді. Мәсімов жайлы мәлім де беймәлім деректерді топтап шықтық.
"БЛОГЕР", "ИНТЕРНЕТЧИК"
Мәсімовтің саяси карьерасы Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста шарықтады. Қытайда білім алған ол Назарбаев командасына 90-жылдардың ортасында еніп, кейін оның биліктегі ең сенімді адамдардың біріне айналды. Кейбір саясаткерлер оны "биліктің мұрагері" ретінде де атаған еді.
Назарбаев Мәсімовке биліктегі ең беделді қызметтерді тапсырды және ылғи өзінің маңында ұстады. Мәселен, Мәсімов – Қазақстан тарихында үкіметті ең ұзақ уақыт басқарған және екі рет премьер-министр болған жалғыз адам.
Сарапшылар Мәсімовтің ұзақ уақыт премьер болғанын "Назарбаевқа адалдығымен", "берілгендігімен" байланыстырған еді.
Мәсімов 2007 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың қазанына дейін премьер-министр болды. Қазақстанда үкіметті ол сияқты ұзақ басқарған адам жоқ. Мәсімов үкімет басқарған бес жылда Қазақстан әлемдік экономикалық қаржы дағдарысының ықпалына тап болып, ел экономикасы құлдырап, теңге құнсызданды.
Оның үкіметі Назарбаевтың "Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу" идеясын, "100 мектеп – 100 аурухана" әлеуметтік жобасын және "Қазақстанның 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы" бағдарламасын жүзеге асыруға тырысты. Билік бұл бағдарламалардың көбі жүзеге асты дегенімен, сарапшылар керісінше мемлекеттік бағдарламалар экономикаға ықпал етпеді деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кәрім Мәсімовтің "көрінбейтін" жұмыс стиліМәсімов үкімет басына келген соң "блогер премьер" атанып үлгерді. Ол Twitter, Facebook желілеріне жиі пост жазып, оның блогы "елдегі ең үздік микроблог" деп танылған кездері де болды.
2008 жылы 12 желтоқсанда "Эхо Москвы" радиосына берген сұқбатында "Өзім интернетчикпін, өзім блогермін" деген Мәсімов кейін қазақстандық саясаткерлердің ішінде алғаш болып үкімет сайтында жеке блогын да ашқан. Мұны өзі "елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты сапалы, қызықты және пайдалы ақпарат беру" деп түсіндірген еді.
Кәрім Мәсімов алғашқы премьерлігі тұсында үкімет отырысынан онлайн-трансляция жасаумен де есте қалды. Ол мұнымен қоймай министрлер мен әкімдерді де блог жүргізуге міндеттеп, "халыққа жақындауды" тапсырған. Ол "менің блогымды менен бұрын шенеуніктер оқиды, сондықтан пайдасы көп" деген еді.
2012 жылы тамызда ол туиттерде #Тәуелсіздікке25жыл хэштегімен елдің 25 жылдағы жетістігін жазайық деген бастама көтеріп, сынға қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәсімовтің хэштегін келемеждеушілер көбейдіИнтернет қолданушылардың басым бөлігі бұл хэштегпен 25 жылда елдің экономикасы құлдырағанын, теңгенің құнсызданғанын көп жазды.
ҰҚК ЖӘНЕ ЖҰРТ КӨЗІНЕ СИРЕК ШЫҒУ
2012 жылы премьерліктен кеткен соң Мәсімов 2014 жылға дейін Назарбаев әкімшілігіне басшылық етті. Үкімет басынан кеткен соң Мәсімовтің "блогерлігі" сап тыйылды. 2014 жылы сәуірде Назарбаев Мәсімовті премьер-министрлікке қайта тағайындады. Ол бұл қызметте 2016 жылдың қыркүйегіне дейін отырды да, кейін Назарбаев оны ҰҚК төрағалығына жіберді. ҰҚК басқарғанда Мәсімов жұрт алдына көп шықпады. Телеарнадан да сирек көрінді, ол жайлы ақпараттар аз шықты. Тек интернетте UFC чемпионы дағыстандық Хабиб Нұрмағамбетовті құттықтап жатқан жайлы видеосы тарады. Былтыр қазанда оның екі кітабы жарыққа шыққаны белгілі болған.
Your browser doesn’t support HTML5
2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде де Мәсімов ҰҚК басшылығында қалды. Назарбаев президенттіктен кетерден бірер күн бұрын Мәсімовке генерал-майор шенін беріп кеткен еді. Ал артынша Тоқаев Мәсімовтің шенін генерал-лейтенантқа өсірді.
Сарапшылар Назарбаевтың президенттіктен кетсе де билікке ықпалын сақтауына ықпал етіп отырғандардың бірі - Кәрім Мәсімов деген еді.
Қазақстан тарихындағы ең ықпалды қызметтердің біразында болған Мәсімов 2022 жылы 6 қаңтарда "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен изоляторға қамалды.
КӘРІМ МӘСІМОВТІҢ ӘКЕСІ
Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов (1939-2019) көзі тірісінде белді қызметтерді атқарып, елдегі белгілі бизнесмендердің бірі болды. Ол 2016 жылы Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының төрағасы болып тағайындалды.
Қажымқан Мәсімов "Мәсімов сауықтыру орталығы" жеке компаниясының директоры, Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры, Қазақстан йога ассоциациясының президенті де болған.
2011 жылы астаналық құқық қорғаушы Талас Сағымбаев Қажымқан Мәсімовті "келісім-шарттағы міндеттерді орындамады, бизнесті дұрыс жүргізбеді" деп айыптаған. Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Сағымбаевтың айыптауы негізсіз деп бизнесмен Қажымқан Мәсімовке "моральдық шығын ретінде" 300 мың теңге төлеу туралы шешім шығарған. Бірақ Сағымбаев айыппұлды төлеуден бас тартқан. Кейін сот оны төрт ай 22 күн түрмеге қамаған еді.