Accessibility links

"Саяси биліктің арқасында жылдам байыған автократтар" және пандемиядан соң құлдыраған білім сапасы


Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов. Архив суреті
Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов. Архив суреті

Осы аптада шетел басылымдары "әлемдегі демократияны тұншықтырған" клептократтар туралы кітапты талқылады және Қазақстанда әлеуметтік теңсіздіктің артқаны туралы жазды. Бұған қоса Қытай шекарасына орнатылған "инновациялық жаңа технологияның" жемқорлық пен парақорлыққа себеп болғаны туралы сөз етті.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ "АРАМ" АҚША ТУРАЛЫ КІТАП

"Саяси және моральдық жемқорлық, зорлық-зомбылық, бақылаудың әлсіздігі және [қылмыстық] қатысу туралы әңгіме". Британдық Financial Times басылымы зерттеуші-журналист Том Берджестің "Клептопия: арам ақша қалай әлемді жаулап жатыр" деген кітабына осындай сипаттама береді.

"Қырғиқабақ соғыс аяқталған соң әлем өз елінде саяси билікті уысында ұстау былай тұрсын, сол елде ұрланған активтердің есебінен шетел банктеріндегі есепшоттарын өршелене толтырған автократтардың жаңа толқынының пайда болғанын көрді" деп жазады FT. Басылымның тұжырымы бойынша, Берджес осы адамдардың шалқып өмір сүруіне жағдай жасаған, "өте жылдам, тіпті кейде қорқынышты әдістермен жинаған шет-шегі жоқ байлығы феноменін" қалыптастырған жаһандық жүйенің қыр-сырын түсіндіреді.

Ондаған миллион доллар көлемінде "сыйақы" берудің өзі қалыпты құбылыс саналатын бұл жүйе "диктаторларды қолдап", "демократияны тұншықтырып" келеді, соның кесірінен журналист "Клептопия" деп атаған әлем қалыптасқан. Оның айтуынша, бұл әлем "бизнес пен саясаттағы зұлымдардың тобырынан" тұрады, "Клептопия" әлемдік қаржы жүйесіне кіріктірілген және ол аса ауқымды қаражатты қолданғанда анонимдікті сақтау ережесі есебінен және "әлсіреген экономикаға инвестиция салу көзі" ретінде батыс елдері саналы түрде тартып жатқан "арам ақша" есебінен өмір сүреді.

Том Берджестың Kleptopia: How Dirty Money Is Conquering the World кітабының мұқабасы
Том Берджестың Kleptopia: How Dirty Money Is Conquering the World кітабының мұқабасы

Кітаптың ауқымды бөлігі Қазақстанға және бұл елге тікелей қатысы бар адамдарға арналған. Онда тек олигархтар мен саясаттағы әйгілі тұлғалар ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да бар. Берджес 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды оқиға туралы айтады, бұл жөнінде мәліметті ол Қазақстанға арнайы барып жинаған.

Азаттық тілшісімен сұхбатта Берджес Қазақстанды "ең жаһанданған" ел әрі әлемдегі ең ірі клептопиялардың бірі деп суреттейді. Оның айтуынша, ауқымды капиталының арқасында батыста "легитимдікті" сатып алуға тырысқандардың алғашқы легінде Қазақстанның өкілдері болған.

Берджес өз әңгімесін басты төрт кейіпкер арасында өрбітеді деп жазады FT. Олар: банк қызметкері, "бұрынғы совет миллиардері", "ньюйорктік алаяқ" және "түсініксіз клиенті бар канадалық адвокат". Бұлардың екеуінің Қазақстанға тікелей қатысы бар. Берджестің айтуынша, кітапта Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның отбасы мүшелері, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа көп адамның есімі аталады. Том Берджеспен сұхбат дүйсенбі, 23 қарашада Азаттық сайтында жарық көреді.

"ПАНДЕМИЯ ҚАЗАҚСТАНДА БАЙ МЕН КЕДЕЙ АРАСЫН АЛШАҚТАТТЫ"

Коронавирус індетінің Қазақстандағы білім сапасына көп әсер еткені қазір-ақ байқалып тұр. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто пандемия кезіндегі білім сапасы жайлы блогында осындай тұжырым жасады. Оның айтуынша, індет кесірінен мектептердің жабылуы әлеуметтік теңсіздікті одан сайын арттыруы ықтимал. Яғни, жағдайы төмен отбасыларда сауатсыз бала көбейеді, сөйтіп бай мен кедей арасындағы айырмашылық ұлғаяды.

Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданындағы бастауыш мектеп үйі. 2017 жыл.
Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданындағы бастауыш мектеп үйі. 2017 жыл.

Мартоның айтуынша, Қазақстанның білім беру жүйесінде Covid пандемиясы келгенге дейін-ақ көп мәселе болған. "Табыс көлемі ортадан жоғары ел бола тұра", елдегі әр 10 оқушының 6-уы функционалдық тұрғыдан сауатсыз. "Пандемия функционалдық сауатсыз оқушы санын тағы 100 мыңға көбейтуі мүмкін" дейді Жан-Франсуа Марто.

Маманның айтуынша, функционалдық сауатсыз адам хат таниды, әлем елдерінің көбінің астанасын да, Менделеев кестесін де жатқа білуі мүмкін. "Бірақ олар математика, жаратылыстану ғылымдары және оқу пәндерінен алған білімдерін күнделікті өмірде, кәсіби деңгейде пайдалануды білмейді, тұлға және азамат ретінде жетістікке жете алмайды".

Дүниежүзілік банктің жақында жасаған зерттеуіне сенсек, пандемия кесірінен Қазақстандағы білім берудің деңгейі PISA шкаласы бойынша 8 баллға төмендеуі мүмкін. PISA – 15 жастағы жасөспірімдердің математикағ оқу және жаратылыстану ғылымдары бойынша дағдыларын бағалауға арналған халықаралық бағдарлама.

PISA-ның 40 балы мектептегі бір жылдық оқуға парапар.

Ең қиыны – мұның жағдайы нашар әулет оқушыларына зардабы ерекше болуы мүмкін дейді Дүниежүзілік банк өкілі. Мектептің аз уақытқа жабылуының өзі оқу пәні бойынша кедей және бай отбасылардың балалары арасындағы айырманы 18 пайызға арттырып жібереді.

2018 жылы елдегі ең бай 20 пайыз отбасынан шыққан балалардың оқу пәні бойынша үлгерімі 410 балл болса, ең кедей 20 пайыз отбасындағы балалардың үлгерімі 365 балл болған. Яғни кедей отбасылардың балалары байлардан шамамен бір жылға артта қалған. Ал індеттен кейін бай отбасындағы балалар үлгерімі 396-ға, ал кедей отбасылардікі 345-ке төмендемек.

Пошташы оқушыға мектептен жіберілген оқу материалын беріп жатыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Амангелді ауылы. 30 сәуір, 2020 жыл.
Пошташы оқушыға мектептен жіберілген оқу материалын беріп жатыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Амангелді ауылы. 30 сәуір, 2020 жыл.

Бұған қоса, Зерттеу және консалтинг орталығы Қазақстан аймақтарының арасындағы айырманың да өсіп бара жатқанын байқаған. Индустриялық, индустриялық-аграрлық, аграрлық және постиндустриялық аймақтардың арасында табыс көлемі, туу көрсеткіші, өмір ұзақтығы бойынша айырмашылық өте көп. Жан-Франсуа Мартоның айтуынша, бұл елдің адам капиталы индексіне үлкен ықпал етеді. "Мәселен, табыс көлемі бойынша көрсеткіші ең жоғары және ең төмен аймақтар арасында төрт есе айырмашылық бар. Туу көрсеткіші бойынша елдің солтүстігін Еуропамен салыстыруға болады, оңтүстікте табысы төмен елдердегіге ұқсас тенденция байқалады, ал солтүстік-батыс өңір өмір сүру ұзақтығы бойынша Африка елдеріне жақын" дейді автор.

PISA нәтижесі де Қазақстан бойынша түрлі топтар арасындағы білім деңгейі бір-бірінен тым алшақ екенін көрсетеді. Маманның айтуына сенсек, үлгерімі төмен аймақ оқушылары үлгерімі жоғары аймақтағы балалардан төрт жылға артта қалған, және бұл көрсеткіш қалаларда да, ауылдарда да байқалады.

"Мектептегі білімнің ұзақтығы мен сапасы болашақта табыс табу қабілетіне тікелей байланысты. Мектептердің жабылуы бұған қатысы болғандардың (оқушылардың – Ред.) табысын азайтуы ықтимал. Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстанда наурыз-маусымда мектеп төрт ай жабық болғандықтан, болашақта бұл ұрпақтың табысы 2,9 пайызға аз болады, ал бұл жылына 1,9 млрд долларды жоғалту деген сөз" деп жазады Дүниежүзілік банк өкілі.

ҚОРҒАСТАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ АШҚАН "ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ"

Екі жыл бұрын Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас кеден бекетіне көліктерді кезекке қоюдың технологияға негізделген жаңа тәртібі енгізілген. Қазақстанның қаржы министрлігі "озық технология және инновациялық шешімдерге негізделген" бұл жүйе шекарадағы қозғалысты жеңілдетеді деп мәлімдеген. Eurasianet сайтындағы мақалаға сенсек, мақтаулы жүйе жемқорлыққа жол бастап, шекарадағы кезекті одан әрі ұзартып жіберген. Мұны басқа емес, Нұр-Сұлтандағы депутаттар мәселе етіп көтерген.

Қорғастағы еркін сауда аймағына кіреберіс
Қорғастағы еркін сауда аймағына кіреберіс

Мәжіліс депутаттары премьер-министр Асқар Мәминге жазған хатында электронды кезектің ашық еместігін, онда тек көліктің кезектегі нөмірін ғана көрсететінін, алды-артында тұрғандарды білу мүмкін еместігін, соның кесірінен бұл "кезекке" сенім азайғанын айтқан. Сондықтан кей көліктер апта сайын ары-бері өтіп кетсе, кейбіреулері айлап шекарада қаңтарылып тұрады дейді депутаттар. Дегенмен, бұл хат туралы жариялаған 365info сайты хатқа қанша депутат қол қойғанын да, олардың аты-жөнін де ашып жазбаған.

Депутаттар берді деген осы дерекке сәйкес, жүк көліктерінің жүргізушілері кезексіз жылдам өтіп кету үшін 1-3 мың доллар көлемінде пара берген. Кезекте тұрған көліктер арасында 90 күн тұрғандар бар.

2018 жылғы қыркүйекте ашылған бұл жүйе "шекарадан өтетін көлікті 30 есе, адам санын 18 есе арттырады" деп мақталған. Автоматтандырылған логистикалық басқару жүйесі адами факторды жояды деген оптимизм болған деп жазады автор. Тіпті мүмкіндігі шектеулі адамдарға бөлек дәліздер ашылып, ана мен бала бөлмесі жабдықталған, күту залы жасалған. "Іс жүзінде жаңа өткізу пункті ескі проблемаларды шеше алмады" дейді автор.

Шекарада ұзақ-сонар кезек маусым айынан бері байқалған. Сол тұста Қазақстанның қаржы министрлігі бұған Қытай жағының коронавирус пандемиясының таралуын шектеу шаралары себеп деген уәж айтқан.

Бірақ екі айдан соң жемқорлықпен күрес қызметі "мемлекеттік шекарадан кедергісіз өткізгені үшін жүйелі түрде пара алып келді" деген күдікке ілінген кеден қызметкерлерін тұтқынға алды. Автордың жазуынша, қазір жүк көліктерінің жүргізушілері "технологиясыз", бірінің артынан бірі тұратын жай кезекті қайта енгізуді талап етіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG