Тоқаев Назарбаевты белгілі бір адамдар тобын байытты деп айыптай сөйледі

Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев. 2019 жылдың наурызы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бір ауыз сөз ғана айтып, бұл сөзінің өзінде Назарбаевты сынады.

"Бірінші президент - "елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс" деді ол.

Бұған қоса, Тоқаев "елдегі олигархтар тобы бәсекелестікті төмендетті" деп мәлімдеді.

Қазақстанның қазіргі президенті елдің бұрынғы президентін алғаш рет сынады. Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр.

Мәселен, Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев - елдегі байлардың қатарында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық байлардың ақшасы наразылықтан соң 3 млрд долларға азайды

Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

Назарбаевтың өзі 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады, елде болған наразылық пен тәртіпсіздікке қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастады. Ақпараттық вакуумда қалған тұста Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" жайлы айта бастады