Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің үстінен "Билікті басып алу" бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалған. Ол бұған дейін "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған еді.
"Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – "А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды" делінген ҰҚК-ның 13 қаңтар күнгі хабарламасында.
56 жастағы Кәрім Мәсімов – Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі. Назарбаев оны 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп тағайындаған. Мұның алдында ол 2007-2012 және 2014-2016 жылдары екі рет премьер-министр қызметін атқарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың адамы" Мәсімовтің күдікке ілінгенге дейінгі жолы6 қаңтарда кей телеграм-арналар ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіштің ұсталғанын хабарлап, артынша ақпаратты жоққа шығарған. Самат Әбіш - бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Елдегі қайғылы оқиғалардан кейін ҰҚК басшылығы өзгергенде Самат Әбіш туралы ештеңе айтылмаған, тек комитет төрағасының орынбасары қызметіне жаңа орынбасардың тағайындалғаны айтылған. ҰҚК-ның ресми сайтында Самат Әбіш әлі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары деп көрсетілген.
Осыған дейін журналист Аркадий Дубнов Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтың тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда ұсталғанын, ал экс-президенттің өзі Қытайда екенін жазған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Елде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейіп, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі "әлсіреді" деген болжам кеңінен тарай бастаған шақта Назарбаев пен жақындарының көрінбей кеткені жайлы ақпараттар жиіледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақорда Назарбаев пен оның жақындарына қарсы науқан бастады ма?