"Оқ жамбасымды тескен". Шымкенттегі оқиғада жараланған екі адамның айтқаны

Шымкенттегі 1-қалалық клиникалық ауруханаға туыстарына келген жұрт, 13 қаңтар 2022 жыл.

6 қаңтарға қараған түні Шымкентте наразылық кезінде 120-дан аса адам жараланды. Олардың бірі жедел жәрдем көлігімен, бірі жол-жөнекей кездескен көлікпен №1 және №2 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Жарақаты ауыр ондаған адам ауруханаға жатқызылған. Азаттық Шымкенттегі оқиға кезінде оқ тиіп, ауруханаға түскен екі тұрғынмен тілдескен еді.

13 қаңтар. №1 қалалық клиникалық ауруханасының алды ығы-жығы адам. Көбі – наразылық кезінде жарақаттанғандар мен оққа ұшқан адамдардың туыстары. Басым көпшілігі сөйлесуге құлықсыз. Басын шайқап, үнсіз теріс қарап кететіндер көп.

Наразылық кезінде жараланғандар аурухананың травматология және хирургия бөлімшесіне түскен. Қолын иығына байлап алған, аяғын сілтеп басып, ақсаңдап бара жатқан кей науқастар полициямен бірге кіріп, шығып жүр.

Аурухана алдында науқастардың аты-жөні жазылған тақтайша бар. Онда хирургия бөлімшесінде - 68 науқас, травматология бөлімшесінде 35 науқас жатқаны жазылған.

Шымкенттегі 1-қалалық клиникалық ауруханаға түскен науқастар тізімі, 13 қаңтар 2022 жыл.

Ал хирургия бөлімшесіндегі екі бекеттің бірінде кім, қандай жарақатпен қашан келгені көрсетілген. 5-6 қаңтар күні ауруханаға сегіз науқас түскен. Олардың алтауына оқ тиген. Бірі – пышақталған, біріне жедел панкреатит диагнозы қойылған.

Аурухана ішіне кіруге рұқсат берілмеді. Шымкент коронавирустың тарауына байланысты "қызыл аймақта", карантин. "Карантин" деген жазу сыртқы есікке де ілінген. Есікті күзетші күзетіп тұр. Науқастарға туыстары әкелген ас-су, киім-кешекті аурухананың кіші қызметкерлері терезеден қабылдап алады.

"ОҚ ІШТЕ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН"

Сыртта қолына екі балдақ пен тамақ салынған пакет ұстап тұрған аты-жөнін айтудан бас тартқан әйел 5 қаңтар күні әпкесі оққа ұшқанын айтты. "Жұмыстан қайтып бара жатқан бейбіт адамға оқ атуға бола ма?" дейді ол ызаланып.

Әйелдің әпкесі бас қауіпсіздігі үшін атын атамауды сұрады. Оң жамбасына оқ тиіп, орнынан тұра алмай жатқанын айтып әрең сөйлеген әйел оқиғаны телефонмен былай баяндап берді:

- 5 қаңтар күні жұмысқа "Нұрсәт" ықшам ауданына бардым. Сағат 21:30 шамасында жарылыстың дауысы естіле бастады. Комендант сағаты деп тез-тез жиналдық. Үйге қайту үшін сыртқа шықтым. "Метро" сауда үйінің маңы. Назарбаев көшесі мен Бәйтереков көшесінің қиылысындағы бағдаршамнан өттім. Қала әкімдігі жақтан жарылғыш заттардың дауысы жиі шығып жатты. Сол жақтан жанталасып адамдар жүгіріп қашты. Ажиотаж. Жол жиегінде көлік ұстау үшін қол көтеріп тұрмын.

Ары-бері өтіп жатқан көліктердің бірде-бірі тоқтамады. Қанша уақыт өткенін білмеймін аяғыма бір нәрсе тиді. Қатты ауырсынудан не болып жатқанын ұқпай қалдым. Құлап бара жатқанда "Әпше, не болды?" деп жолай өтіп бара жатқан жігіттер сүйеп қалды. "Жаңа ғана бір қыздың көзіне оқ тиіп, осылай құлады" деді бірі. Бірі мені көтеріп жолдың бойына шықты. Зулап өтіп жатқан көп көліктің бірін тоқтатты. Көлікке мінгенім сол оқ тағы атылды. Оқ көліктің артқы терезесіне тиді. Әрең қашып шықтық. Оң жақ аяғымнан ыстық қан ағып жатты.

Дәріхана іздегенмен ашық тұрғанын таппадық. Үйге келген соң жедел жәрдем шақырдық. "Келе алмаймыз, көшедегі адамдар жүргізбей жатыр" деді. Алғашында оқ тиіп, іште қалғанын білген жоқпын. Тері мен ет тесіліп тұрды. Білген емімізді жасай бердік. Ертеңіне таңертең жедел жәрдемді қайта шақырдық. Ауруханаға барған соң рентгенге түсірді. Онда оқ оң жамбас сүйегіме тақалып қалғаны көрінді. Түстен кейін үш сағат ота жасап болғанда, жауынгерлік оқ екенін білдік. Қазір де жағдайым мәз емес.

Орнымнан тұра алмаймын. Оқтың орны қатты ауырады. Дәрігерлер тазалаған сайын шыдатпайды. Қиналып жатырмын. Ауруханаға түскен соң дәрігерлерге не болғанын түгел айттым. Мұнда оқ тиіп түскендер көп. Оларға полиция келіп, түсініктеме алды. Маған келмеді. Дәрігерлер үш ай балдақпен жүресің деп айтты.

"ТІРІ ҚАЛҒАНЫМА ШҮКІР"

Бес баланың әкесі 33 жастағы Данияр Нұров 6 қаңтарға қараған түні денсаулығына байланысты күнделікті ішетін дәрісін алу үшін дәріханаға шыққанда қолы мен аяғына оқ тиіп, талып қалған.

- Қала әкімдігі бізге жақын. Наразылық әкімдік маңында болды ғой. Ол жаққа барған жоқпын. Бірақ оқ дауысы бізге жақыннан атқандай естіліп тұрды.

Сол күні күнделікті ішетін дәрім таусылып қалған еді. Әйелім дүрбелеңді естіген соң "сыртқа шықпашы" деді. Шыдай алмай үйден түнгі сағат 03:00 шамасында дәріханаға шықтым. Жаяу жүргіншілер жолына түскенімде "жиналыңдар" деп бірнеше рет айқайлаған адамдарды көрдім. Сол сәтте қарама-қарсы жақтан екі рет оқ атылды. Бірінші оқ - білегіме, екіншісі сан етіме тиді. Жолдың шетіне құладым.

Есімді бір білсем, бір білмеймін. Жатқан жерімде өтіп бара жатқан көлікке қол бұлғадым. Жас жігіттер екен, тоқтап, көлігіне салды. Белдігімді бір қолыммен шешіп, "байлаңдар, қысыңдар" дегенде қайта есімді жоғалттым. Есімді жиғанда жедел жәрдем көлігінде екенмін. Сандырақтап аты-жөнімді айтып жаттым...

Қазір оқ Калашников автоматымен атылған деп топшалап отырмын. Олай дейтінім, білегіме, қара саныма тиген оқ бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығып кеткен. Баланың жұдырығындай болып ойық тұр. Оқ орнын тазалаған кезде ауырғаннан жан дауысым шығады. Ауруханада жатқанымда полиция келді. Жеке бас мәліметтерімді сұрап алды. Ауруханадағы бар жұмысымыз ұйықтау. Басқа амал жоқ. Орнымнан қозғалып, денемді көтере алмаймын. Сонда да "шүкір" деп қоямын. Ауруханада көп адам өліп кетті деп естідім... Тірі қалғаныма шүкір.

"АУРУХАНАДА ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР БАР"

Қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылыққа шыққанда оларды алғашқылардың бірі болып Шымкент жұрты да қолдаған. 4 қаңтарда Шымкентте мыңдаған адам наразылыққа шығып, 5 қаңтарға қараған түні қалада оқ дауысы естіле бастады.

5 қаңтар түнде қала әкімдігі маңына адамдар тағы жиналып, қаладағы жағдай ушықты. Осы күні жаралаған ондаған адам ауруханаларға жеткізілді.

Шымкенттегі 1-қалалық клиникалық аурухана. 13 қаңтар 2022 жыл.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазиловтың айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні ауруханаларға өздігінен және жедел жәрдеммен 120-дан аса адам келген. 12 қаңтарда ауруханада олардың қырықтан астамы қалды. Ауруханада қалғандардың ішінде бесеуінің жағдайы ауыр, әлі күнге жан сақтау бөлімінде жатыр. Оларға оқ тиген, пышақ сұғылған, ұрып-соққан.

– Науқастардың көбі – ұрып-соққаннан, пышақтан, оқтан жарақаттанғандар. Ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болғандар бар, - дейді Пазилов.

Пазиловтің сөзінше, ауруханаға жеткізілгендерді дені – 25-30 жас шамасындағы жігіттер.

Пазилов Шымкентте қайтыс болғандар туралы ақпаратты төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб беретінін айтты. Бірақ штаб әлі күнге Шымкентте қайтыс болған адамдар туралы мәлімет таратпады.

Ал Қазақстан бас прокуратурасы қаңтар оқиғалары кезінде ел бойынша 225 адам қаза тапқанын (149 адам – Алматыда) хабарлаған. Олардың арасында полицейлер, бейбіт тұрғындар және тәртіпсіздікке қатысқан қарулы адамдар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы