Мәжіліс Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті мақұлдады

Нұрсұлтан Назарбаев.

Парламенттің төменгі палатасы 19 қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға етуін алып тастайтын заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. Депутаттар "Қазақстан халықтары ассамблеясы", "Тұңғыш президент - Елбасы", "ҚР Қауіпсіздік кеңесі" туралы заңдарға арнайы түзету енгізуді қолдаған.

– Қазақстан халықтары ассамблеясын енді президент басқарады және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы президент болады деген өзгеріс мақұлданды, – деді депутат Снежанна Имашева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, "Тұңғыш президент - Елбасы" туралы заңға да өзгеріс енгізілген.

– [Нұрсұлтан Назарбаевтың] осы екі ұйымды басқаруға құқығы бар. Сол құқық алынып тасталды, басқа құқықтары (Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу, парламент алдында сөйлеу, маңызды мәселелер бойынша үкімет алдында сөйлеу т.б – С.И) қалды, – деді Снежанна Имашева.

Мәжілістің баспасөз қызметі аталған түзетулер сәрсенбі күні мәжіліс мақұлдаған "Саяси партиялар" туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасында болғанын атап өтті.

5 қаңтарда Қазақстанда жаппай наразылық өршіген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолға алатынын мәлімдеген. Сол кезде Назарбаевқа жақын делінген бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтен алынған. Бұдан соң ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке таластың өршігені жөнінде болжамдар айтыла бастаған.

Алайда бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай "Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын тапсыру туралы шешімді Назарбаевтың өзі қабылдағанын" айтып, сендіруге тырысқан. "Себебі, ол тәртіпсіздік пен террор ел басшысынан жедел, қатаң және ымырасыз жауапты талап ететінін жақсы біледі" деген еді Үкібай.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қазір Назарбаевтың қолында "елбасы" статусы ғана қалды. Заң бойынша, бұл статус оны және оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайды. 19 қаңтарда Қазақстанда Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыруды көздейтін петицияға қол жинау басталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы петицияға қол жинау басталдыНұрсұлтан Назарбаев видеомәлімдемесінде "элитааралық қақтығысты" жоққа шығардыБайбек Назарбаевты қорғай сөйледі. "Оны жата жамандау - елдігімізге сын" деп санайдыБолат Назарбаевтың Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткені айтылдыZakon.kz: Дариға Назарбаева қаңтардың аяғына дейін ақысыз демалыста болады