Сарыағашта журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен шенеунік ұсталды

Журналист Амангелді Батырбеков сотта жауап беріп тұр. Сарыағаш, Түркістан облысы. 28 қаңтар 2020 жыл.

21 қаңтарда Түркістан облыстық полиция департаменті республикалық «Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен шенеунік ұсталғанын мәлімдеді. Жалпы күдікті ретінде 5 адам қамауға алынған.

4 қаңтарға қараған түні Амангелді Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз біреулер оқ атып, жаралаған. Журналист мұны кәсіби қызметімен байланыстырған еді.

Полиция мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен тергеу жүріп жатыр. Тергеу тобы оқиға журналистің кәсіби қызметімен байланысты екенін анықтаған. Полиция журналистің үйіне барып, оқ атып ұлын жаралады деген екі адам, "қылмысқа тапсырыс беруші" мен арадағы делдалды қосқанда үш адам ұсталғанын айтты. Тапсырыс беруші ретінде – Сарыағаш ауданының тұрғыны шенеунік күдікке ілінген. "Ол журналистің өмірін – 5 млн теңгеге бағалаған" деген болжам айтылады. Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынған.

Кей ақпаратқа қарағанда, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов тапсырыс беруші ретінде күдікке ілінген. 21 қаңтарда облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы Майриховтың қамалуына байланысты жұмыста жоқ екенін растады.

Сарыағаш аудандық сотынан Майриховқа санкция берілгені жөнінде ақпарат алу мүмкін болмады.

Журналист ұлының денсаулығы жақсы, ауруханадан үйіне шығарылған.

Амангелді Батырбеков ұлына оқ атылғанда мұны Facebook'тегі екі жазбасымен байланыстырған еді. Оның бірінде Сарыағаштағы балабақшаның жұмысы жөнінде айтылып, аудандық білім бөлімінің басшысы Майриховтың да аты аталады.

2021 жылы Facebook парақшасындағы жазбасына байланысты Түкістан облыстық сотының үш судьясы арызданып, Батырбековтің үстінен «жала жабу» бабымен іс қозғалған. Қазір тергеу жүріп жатыр.

2020 жылы Батырбековтің үстінен бірнеше рет «жала жабу» және «қорлау» бабымен іс қозғалып, журналист ақталып шыққан. Ол кезде де істің қозғалуына оның әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған.

2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға қамаған. Бірақ Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сарыағашта журналист Амангелді Батырбековтің ұлын атып кеттіСарыағаш соты "жала жапты" деп айыпталған журналист Батырбековті ақтады"Сирек жағдай". Сотталған журналист Батырбеков қамаудан босады