10 ақпанда Беларусьте Ресеймен бірлескен "Союзная решимость — 2022" атты (Одақ қайраты) әскери жаттығу басталды.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, он күнге созылатын қарулы күштердің жаттығуы Батыс елдері мен Украинаның Беларусь пен Ресейге қарсы ықтимал агрессиясына және терроризмге қарсы тұруға, одақтық мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған.
Әскери жаттығу өткізу жөнінде былтыр желтоқсан айында екі елдің басшылары Владимир Путин мен Александр Лукашенко келіскен.
Жаттығуға қанша сарбаз және әскери техника жұмылдырылғаны айтылмаған. Тек белгілісі, Ресей Беларуське С-400 зениттік-зымыран кешенін, "Панцирь-С" зениттік-зымыран зеңбірегін, Су-35С көп мақсатты жойғышын, Су-25СМ шабуылдаушы техникаларын жібергені белгілі.
Әскери жаттығуды сылтау етіп, ресейлік әскери техникалардың Украинамен шекара маңына орналасуына Батыс елдері мен Украина алаңдап отыр.
Батыс Ресей Украинаға шабуылдау үшін әскерін көбейтіп жатыр деп алаңдайды. Соңғы мәлімет бойынша, Украинамен шекара маңында 120 мың ресейлік сарбаз бар.
Financial Times басылымының жазуынша, 7 ақпанда өткен Ресей мен Франция президенттері Владимир Путин мен Эммануэль Макронның кездесуінен кейін француз басшысы Мәскеу жаттығу өткізгеннен кейін Беларусь аймағынан әскерін шығарады деп мәлімдеген. Осыдан кейін ешқандай "жаңа әскери бастама" қолданылмайды деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс елдері Украина мен Ресейді бітістіргісі келеді. Қытай ше?