Маңғыстауда тағы үш мекеме жұмысшылары видеоүндеу жасап, басшылыққа талап қойды

"Емир Ойл" компаниясының жұмысшылары жалақыны өсіруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, видеоүндеу жолдап тұр. Маңғыстау облысы, 10 ақпан, 2022 жыл.

10 ақпанда Маңғыстауда үш компания президентке видеоүндеу жолдап, жұмыс жағдайына шағым айтты және еңбекақыны көбейтуді талап етті.

Әлеуметтік желіде таратқан видеоүндеуінде Маңғыстау облысы Сайөтес кентіндегі "ПЧ-12" теміржол мекемесінің теміржолшылары еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап етті.

"Қымбатшылық бүйірден қысып, коммерциялық төлемдер, дәрі-дәрмек бәрі қымбаттап жатыр, айлығымыз жетпейді. Айлықтың 500 мың теңгеден кем болмауын талап етеміз. Түскі ас беруді немесе ол үшін қосымша төлем төлеуді, жұмыстың ауырлығына байланысты зейнетке 57 жастан шығаруды талап етеміз. Талабымыз орындалмаса, 10 наурызда бейбіт ереуілге шығатынымызды ескертеміз" дейді видеодағы адамдар.

Теміржолшылар "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың да бұл үндеуге назар аударуын сұраған.

Маңғыстау теміржолшылары 2013 жылы да осындай ереуіл ұйымдастырған. Жұмысшылар ол кезде де "еңбек жағдайы нашар, жалақы мардымсыз, арнайы жұмыс киімі сапасыз, сондықтан денсаулығымыз нашарлады" деп шағымданған.

Сәрсенбі күні үйдегі газ құбырларына қызмет көрсететін "РЦКУ Ақтау" мекемесі жұмысшылары да Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтан көмек сұраған видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Олар өздерін қудаламауды, жалақыны көтеруді талап етеді.

Талап қойған үшінші мекеме – Маңғыстаудағы мұнай өндіруші "Емир Ойл" компаниясының жұмысшылары мекемеде өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталмайтынына шағымданып, Маңғыстау облысы прокуроры Серік Әділовтен компанияда тексеру жүргізуді сұраған. Олар "Емир Ойл" компаниясының басшылары өздеріне әділетсіздік жасап отыр деп санайтынын айтып, оларды орнынан алуды талап еткен.

"Емир ойл" ЖШС-на тексеріс жүргізілсін. 15 жұмыс күні ішінде әкімшілік іс қозғалмайтын болса, біз, "Емир ойл" жұмысшылары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне cай еңбек дауы шараларын бастап, жұмысты тоқтатуды ұйғарып отырмыз" дейді үнеуді оқып берген "Емір Ойл" жұмысшылары.

"Емир Ойл" компаниясы мұнайшылары еңбек құқығын сақтауды талап етіп 2013-2015 жылдары бірнеше мәрте наразылыққа шыққан. "Емир Ойл" Ақтаудан 40-50 шақырым қашық тұрған Ақсаз, Долинный, Кариман, Емір, Борлы, Айдай тәрізді кеніштерді игерумен айналысады. Мұнайшылар мен жұмысшылар сол жылдардағы наразылықтарының нәтижесінде компаниядан ұйықтайтын және жуынатын бөлмелері бар вахталық қалашық салдыруға қол жеткізген.

Азаттық тілшісі аталған мекемелердің кеңселеріне қоңырау шалғанымен, басшыларынан жауап ала алмады.

Ақпанның басынан бері Маңғыстау өңірінде наразылық жиіледі. Сәрсенбі күні Жаңаөзендегі "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына еншілес мекеме "KMG-Security" күзетшілері жұмысты толық тоқтатқан соң талабын орындатты. Ал "Бұрғылау" компаниясының жұмысшылары ереуілі әлі жалғасып жатыр. Олар еңбекақыны төлеу жүйесін дұрыс жолға қоюды, еңбек жағдайын жақсартуды және басшылықтың қызметтен кетуін талап етеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Мұнай бар, тамақ жоқ!" Жаңаөзенде наразылық әкімдік ұсынысынан кейін де басылмады. Жиналғандар Қарин мен Айдарбаевтың келуін талап еттіМаңғыстауда ереуіл көбейдіЖаңаөзенде үшінші мекеме ереуілге шықты