2 наурыз күні Түркістан облысы Леңгір қаласы Шахта Тоғыс ауылындағы ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі адамның туысы жақындарының абақтыда азапталып жатқанын айтып, шағымданды. Бұған дейін осы түрмеде бір тұтқынның наразылық ретінде "шеге жұтқаны" белгілі болған.
Мақпал Тұрғанбаева інісі Берік Сейдулланың түрмеде "азапталып жатқанын" жасырын беріп жіберген хатынан білген. Інісі хатта түрме қызметкерлері іште өзге "тұтқындар жасырған телефондарды тауып бересің" деген тапсырмасын орындамаған соң ұрып соққанын жазған. Көп өтпей қысымға шыдай алмаған Сейдулланың темір үзіндісін жұтып, лоқсып, медициналық көмек көрсетілмей жатқаны туралы видео алған. Туыстары жақындарының хәліне алаңдайды.
- Соңғы бір аптаның ішінде ініме төрт рет ота жасалды. Қазір жағдайын бірде жақсы, бірде ауыр дейді. Өзімен сөйлесіп, "аманмын" деген дауысын ести алмай отырмыз, - дейді Тұрғанбаева.
Азаптау туралы естіген соң 1 наурыз күні кешке бір топ ата-ана түзеу мекемесінің алдына барған. Олардың сөзіне қарағанда, ата-аналарды түрме терезесінен көрген, бұған дейін "шеге жұтып" наразылық білдірген, кейіннен ота жасалған Данияр Қоңырбаев дауыстап шағымын айтқан. Оны туыстары видеоға түсіріп үлгерген.
Видеода ата-аналар Данияр Қоңырбаев деп атаған тұтқын сөзін "өмір жоқ" деп бастайды. Түрме қызметкерлерінің ұрып-соғатынын, қинап, азаптайтынын айтып тұрғанда ар жағынан түрме қызметкерлерінің оны сөйлетпеуге тырысып, жұлқылай бастағаны байқалады. Оны көрген туыстары "ұрма" деп айқайлайды. "Өзіме қол жұмсаудан басқа амал жоқ" дейді тұтқын соз соңында.
- Інімді осындай күйге түсіріп қызметін асыра пайдаланған түрме басшыларының жауапқа тартылуын талап етемін, - дейді Қоңырбаевтың туысы Гүлзина Құсайынова.
Сейсенбі күні түрме алдына барған ата-аналардың алдына түрме әкімшілігі өкілдері шығып, сабырға шақырған. Бірақ ата-аналар жақындары жөнінде нақты жауап ала алмағанын айтады.
Түрме алдына барған ата-аналар абақты ішінде "азапталған" тағы бір тұтқынның аты-жөнін атады, бірақ Азаттық туыстарын таба алмады.
Берік Сейдулла мен Данияр Қоңырбаевтың қазіргі жағдайы туралы түзеу мекемесінен ақпарат алу мүмкін болмады. Мекеме кезекшісі бұл туралы арнайы хат жолдауды сұрады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы да әзірге сұрақтарға жауап бермеді.
25 ақпан күні Түркістан облысы Леңгір қаласы "Шахта Тоғыс" ауылында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ-167/9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 23 жастағы Данияр Қоңырбаевтың туыстары оның "мекеме қызметкерлерінің қысымына шыдамай, шеге жұтқанын" хабарлаған. Мекеме Қоңырбаевтың шеге жұтқанын растағанымен, қысым көрсетілгенін жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан облысындағы түрмеде тұтқын "шеге жұтып" наразылық білдірдіҚұқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде әлі күнге дейін азаптаулар тыйылмағанын айтады. Елде мұндай шағымдардың сотқа жетуі сирек. Сарапшылар көп жағдайда оны дәлелдеу қиындығын алға тартады.
9 ақпан күні Түркістан облысы Төле би аудандық соты ИЧ-167/9 түзеу мекемесінің қызметкері, майор Нұрбек Үсенбаевты Қылмыстық Кодекстің "Билік өкілетін асыра пайдалану" (362-бап) бабы бойынша кінәлі деп танып, бас бостандығын бес жылға шектеп, 10 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырды. Үсенбаевқа "тұтқынды ұрып-соқты" деген айып тағылған.