2 наурызда БҰҰ бас ассамблеясының төтенше арнайы отырысында Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын қарар қабылданды. Ресейден Украинадағы соғысты тоқтатып, әскерін халықаралық деңгейде мойындалған шекараға дейін, соның ішінде Қырымнан әкетуді талап ететін қарарды 141 ел қолдап дауыс берді. Қарсы дауыс берген бес ел: Ресей, Беларусь, Сирия, Солтүстік Корея және Эритрея. Ал қалыс қалған 35 мемлекеттің арасында Орталық Азиядан Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан бар. Өзбекстан мен Түркіменстан дауыс беруге қатысқан жоқ.
"ТҮСІНІСТІКПЕН ҚАРАУ"
2014 жылы Мәскеу Қырымда "референдум" өткізіп, аннексиялап алғаннан кейін де осыған ұқсас жағдай өріс алған. Сол жылы наурызда Ресей Қырымды аннексиялаған соң БҰҰ-да Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы қарар қабылданды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанның Қырым жайлы мәлімдемесін әртүрлі жорыдыОны ұйымға мүше мемлекеттердің 100-і қолдап, 11-і қарсы дауыс берді, ал 58 мемлекет, соның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан да бар, қалыс қалған. Ол кезде Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан дауыс беруге қатыспады.
Сонда Қазақстан сыртқы істер министрлігі референдумды "халықтың өз қалауын еркін білдіруі" деп сипаттап, "Ресей федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайтынын" мәлімдеген еді. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ жарғысы негізінде "халықаралық дауларды бейбіт жолмен реттеп, күш қолданудан сақ болуға және аумақтық тұтастықты сақтауға" шақырған.
БІРДЕ ҚАЛЫС, БІРДЕ ҚАРСЫ
2016 жылғы желтоқсанда БҰҰ бас ассамблеясында Украина ұсынған Қырым жайлы қарарға Қазақстан қарсы дауыс берген. Бірақ Ақорда мұны "дауысымыз Қырым мәртебесіне байланысты ұстанымымызды білдірмейді" деп ақталған. Содан кейінгі БҰҰ бас ассамблеясындағы Украинаға қатысты қарарға дауыс бергенде Қазақстан қалыс қалып отырған.
Соңғы рет 2021 жылғы желтоқсанда аннексияланған Қырым мен Севастопольдегі адам құқығы туралы қарарға Қазақстан қарсы дауыс берген. Ресейді қолдап, қарарға қарсы дауыс бергендер арасында Орталық Азияның өзге елдерінен Қырғызстан бар.
Ақпан айында Украинаға қарсы Мәскеу агрессиясы басталғаннан беріде Орталық Азия Ресейді қолдамаса да, айыптамайтынын, сынамайтынын білдірген.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА РЕСЕЙ ҚАТЫСҚАН ЖИЫНДАР
Кремль Украина қалаларын зымыранмен атқылап, шабуыл бастаған күннің ертесіне, 25 ақпанда Орталық Азия елдерінде Ресейдің лауазымды өкілдерінің қатысуымен екі жиын өтті. Оның бірі Қазақстан астанасында өткізілген шара – Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы. Онда Еуразия экономика одағына енген елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынасқа тиісті мәселе қарастырылған. Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей премьерлерімен қоса, одаққа бақылаушы мәртебесіндегі Өзбекстан премьер-министрі қатысты.
25 ақпанда Тәжікстан астанасы Душанбеде "Тәжікстан – Ресей: аймақаралық ынтымақтастық әлеуеті" парламентаралық форумының жетінші отырысы өткізілді. Бұл жиынға қатысқан Ресей федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко Тәжікстан президентімен де кездесіп, Украина дағдарысы жайында айтқан.
Яғни, осы екі жиында және жиын айналасындағы кездесулерде Украинадағы жағдайды Орталық Азия билігіне Ресейдің лауазымды басшылары айтып берген деуге негіз бар.
Ал 5 наурызда Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Мәскеуге сапары барысында екіжақты ынтымақтастыққа қоса Ресей мен Украинаны татулыққа шақырып, Қырғызстанның ілгерідегі тәжірибелеріне меңзеп, араағайын бола алатынын айтқан.
ШАБУЫЛДАН КЕЙІНГІ СӨЙЛЕСУ
Ресейдің жақын одақтасы болып келетін Қазақстанның Орталық Азияның өзге елдерінен айырмашылығы – Ресей Украинада "арнайы әскери операция" деп атаған соғыс қимылдары басталғаннан кейін жетінші күні қарсылас екі тарапты татулыққа шақырған. Қазақстан президенті осы оқиға қарсаңында Ресейге сапармен барған болатын. Сапар алдында да, аяғында да Кремльмен телефон арқылы болған әңгіме кезінде екіжақты қарым-қатынас қана емес, геосаяси жағдай талқыланып отырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинаның жікшіл аймақтарын қолдады. Орталық Азияның болашағы не болмақ?Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 наурызда әуелі Ресей президенті Владимир Путинмен, одан кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Тоқаев Путинмен сөйлескенде Украина жөніндегі келіссөзде ортақ келісімге қол жеткізудің маңызына мән бергені айтылады. Ал Зеленскиймен сөйлескенде Қазақстан президенті Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және одан әрі болдырмау жайлы айтқаны хабарланған.
Дегенмен Кремль Украинаға шабуыл бастаған күннің ертеңіне, 25 ақпанда Путиннің Орталық Азия басшыларымен бірінші телефон соғып, сөйлескен адамы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев болды. Әдетте мұндай әңгіме қай тараптың өтініші арқылы болғаны айтылмайды. Өзбекстан президентінің ресми сайты бұл әңгіме барысында екіжақты қатынас пен Украинаға қатысты халықаралық және аймақтық мәселе талқыланды деп хабарласа, Кремль Өзбекстан президентінің Ресейдің Украинадағы әскери іс-әрекетіне "түсіністікпен қарағаны" жайлы мәлімет таратты.
Путин 26 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен де телефон арқылы сөйлескен. Мұны да екі ел президентінің ресми сайты екі түрлі хабарлады. Қырғыз президентінің сайтында жарияланған ақпаратта екіжақты ынтымақтастық жолдары және Украинаға байланысты жайлар қарастырылғаны айтылса, Кремль Қырғызстан президентінің Ресейдің Украинадағы әрекетін қолдағанын хабарлады.
1РЕСЕЙДІ РЕНЖІТПЕЙТІНДЕЙ ДАУЫС"
2 наурызда БҰҰ бас ассамблеясының төтенше арнайы отырысында Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын қарарға Орталық Азия елдерінің қалыс қалып немесе дауыс бермей қалуын қазақстандық саясаттанушы Қазбек Бейсебаев былай түсіндіреді. Дауыс берген елдер әрдайым өз ұлттық мүддесін ойлайды және әр ел өзінің шама-шарқы, саяси салмағына қарай дауыс береді. "Ал Орталық Азия елдерінің барлығы дерлік Ресейге тәуелді. Сондықтан да аймақ елдері Ресей басшыларының агрессиялық іс-әрекетін сынай алмайды" дейді ол.
– Бас ассамблеяда дауыс бергенде қалыс қалудың мәнісі келісімді де білдіреді. "Үнсіздік – келісім белгісі" демей ме. Қауіпсіздік саласы болсын, экономикалық сала болсын, Орталық Азия елдері Ресейге тәуелді. Әсіресе, қауіпсіздік саласында аймақ елдері Мәскеудің дегенінен шыға алмайды. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін жеткізген Ресей болатын. Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасына да Ресей әскері қауіпсіздікті қамтамасыз ету ілігімен орналастырылған, – дейді Қазбек Бейсебаев Азаттыққа.
Оның сөзінше, Ресейдегі миллиондаған еңбек мигрантының көбі – Орталық Азия елдерінен барғандар. Бұл мәселенің экономикалық қыры да басым.
– Осындай мүдде шеңберінен шыға алмаған елдер Ресейді ренжітпейтіндей дауыс береді, немесе дауыс беруден қалыс қалады. Бұл болашақта да жалғаса береді, – дейді саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.
"ДАУЫС БЕРМЕУ МЕН ҚАЛЫС ҚАЛУДЫҢ ҚАНШАҒА СОЗЫЛАРЫ БЕЛГІСІЗ"
Өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимов Ресейді Путин билеп тұрған дәуірде Орталық Азия елдерінің Мәскеуге қарсы келмейтінін айтады.
– Кремльде Путин отырған кезде Ресейдің сыртпен байланысы шектеулі болатыны айқын. Ресей салынып жатқан санкция әсері неге апарып соғарын енді ғана пайымдай бастағандай. Путин тұрғанда санкция алынбайтыны да анық. Ресеймен тығыз байланыстағы Орталық Азия елдеріне мұның бәрі кері әсер ететін болады. Бірақ Ресейге тәуелді Орталық Азия Мәскеуді айыптай да алмайды, қарсы да дауыс бере алмайды. Кремльде Путин отырған кезде бұл құбылыс жалғаса береді, – дейді саясаттанушы Камолиддин Раббимов.
Оның пікірінше, БҰҰ-да Ресейді қолдап дауыс берген санаулы елдің арасында Ресейді жақтайтын Беларусь пен Мәскеуге қарыздар Сирия сияқты мемлекеттер бар. Яғни халықаралық ортада Ресейді біртіндеп оқшаулай бастаған.
– Өзбекстан мен Түркіменстан бұл жолы Ресейдің Украинадағы әрекетін айыптайтын қарарға дауыс бермеді. Өйткені осы елдер үшін дауыс бермеу – өте ыңғайлы. Орталық Азия елдерінің БҰҰ-да Ресейді сынап, айыптайтын қарарға дауыс бермеуі немесе дауыс беруден қалыс қалу әрекеті қаншаға созылары белгісіз. Путин Украинамен ғана шектеліп қалмай, өзінің геосаяси полюсін құрғысы келеді. Мұның бәрі Орталық Азия елдерін қатты алаңдатады, – дейді өзбекстандық саясаттанушы Камолиддин Раббимов Азаттыққа.
Ресей Украинаға "арнайы әскери операция" атымен шабуыл бастағаннан бері, Батыс елдері мен Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтті. Бұл Ресеймен "серіктес", "одақтас" аталатын Орталық Азия елдері экономикасына әсер етті.
Ресей 24 ақпанда "демилитаризация және денацификация" ұранымен Украина қалаларына шабуыл бастады. Сол қарсаңда Кремль Украина шығысындағы сепаратист құрылымдардың тәуелсіздігін мойындаған. Ресей шабуыл кезінде Украинада тек әскери инфрақұрылымдарды нысанаға алатынын хабарлаған. Бірақ азаматтық нысандар да шабуылға ұшырап, әскерилермен қоса бейбіт тұрғындар да қаза тапқан. Бірақ олардың нақты саны әзірге белгісіз. Ресей басшылығы соғыстың төртінші күні, яғни 27 ақпанда ядролық күштерді айрықша кезекшілік тәртібіне көшіруді бұйырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тиді