Сібір тұрғындары Ресей Украинаға шабуылдағанда жап-жас жігіттерді алдап соққанын, оларды "өлімге айдағанын айтып, өңір губернаторына ашуын жеткізді.
5 наурызда желіде Кемерово облысы губернаторы Сергей Цивилев пен Новокузнецк тұрғындары кездесуінде түсірілген видео тарады.
Цивилев әкімшілігінің веб-сайтында кездесу жайлы ештеңе айтылмаған. Оның кеңсесі пікір білдіру жайлы өтінішті жауапсыз қалдырды.
Бірақ Азаттық бұл видео полицияның арнайы бөлімінің жаттығу базасында түсірілгенін анықтады. Бұл бөлім қызметкерлерінің көбі 24 ақпанда, яғни, соғыстың алғашқы күні ұрыста қаза тапқан немесе тұтқынға алынған. Ресей президенті Владимир Путин осы күні Украинаға шабуылды бастауға бұйрық берген.
Ерекше мақсаттағы полиция жасағының Новокузнецк базасы гимназиясында кездесу өтіп жатқан тұста КремльУкраинадағы соғыс жайлы ақпаратты қатаң бақылауға алып, қудалауды күшейтуге тырысып жатқан. Мәскеу Ресейдің Украинаға басқыншылығын "әскери операция" деп санайды, оны "соғыс" деп атағандарды қудалайды. Жаңа заң бойынша "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратқан" адам он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Видеода Цивилев сөйлей бастағанда, жиналғандардың бірі билік Украинаға шабуылға жібергендерді "алданғанын" айтады.
- Ешкімд ешкім алдаған жоқ, - деп жауап берді Цивилев.
Залдағы тағы бір әйел "Оларды өлімге жіберді" дейді.
Дау-дамай қызған тұста, жиналғандардың бірі губернатор Цивилевтан ұлының қайда екенін сұрайды.
- Ұлым университетте оқиды, - деп жауап береді ол.
6 наурызда Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыста Ресейдің 11 мыңнан астам сарбазы өлгенін мәлімдеді. Шабуыл басталған соң әлем елдері Ресей экономикасы мен саяси элитасына бұрын-соңды болмаған санкциялар салды.
Қаза тапқандардың санын тәуелсіз жолмен растау мүмкін емес. Ресей қорғаныс министрлігі қанша ресейліктің қаза тапқанын айта бермейді. 2 наурыздағы мәлімдемесінде министрлік соғыс басталғалы 498 сарбазы қаза тапқанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинада тұтқынға түскен ресейлік сарбаздардың аналарының Мәскеуге талабы"БЕЛАРУСЬКЕ ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУҒА КЕТКЕН"
Азаттық Цивилевпен кездесуге кімдердің қатысқанын, кездесудің нақты қай күні өткенін анықтай алмады. Бірақ желіде пайда болған екі видеоны салыстырып, кездесудің қаладағы арнайы жасақтың жаттығу залында өткенін анықтады. Салыстырған видеолардың бірі Ресей ұлттық гвардиясы жергілікті бөлімінің ресми парақшасында жарияланған.
Новокузнецкілік арнайы жасақ мүшелері 28 ақпанда Киевтен 20 шақырым жердегі Буча қаласында Украина әскерилерінің қолынан қаза тапқандар мен тұтқынға алынғандар арасында болған. Шайқас кадрларынан қираған әскери көлік пен мәйіт арасынан арнайы жасақ жабдықтарын көруге болады.
Шайқаста түсірілген суреттерден Ресей ұлттық гвардиясы жылдам әрекет ету жасағының Кемерово облыстық бөліміне тиесілі жабдықты байқайсыз.
Украинада тұтқынға түскендердің арасында кемінде екі сарбаз Новокузнецк арнайы жасағының офицері екенін айтқан. Бірақ Азаттық олардан жауап алу үшін Украина әскерилері қандай мәжбүрлеу шараларын қолданғанын анықтай алмады.
Бір тұтқынның айтуынша, оларға ақпанның басында "әскери жаттығуға барасыңдар" деген, сөйтіп олар Беларусьтен бір-ақ шыққан. Украинаға шабуылдайтынын кейін білген.
Оның сөзі Азаттықтың Орыс қызметі жариялаған Украинада жоғалып кеткен Новокузнецк арнайы жасақ офицерінің досы айтқан нұсқамен сәйкес келеді.
Сатқындық жасады деген айыпқа қаламын деп қорқып, аты-жөнін атамауды сұраған досы офицер жолдасының сөзін келтіреді.
- Бәріңді Беларусьтегі жаттығуға апарамыз деген. Онымен соңғы рет шабуыл алдында сөйлестім. Маған видео жіберіп, автокөлік нөмірін алып тастауды, телефондарын тапсыруды сұрағанын айтты. Одан келген соңғы видео сол болды, - дейді дос.
Соғыста тірі қалғандар видео жіберген офицердің "сол көпірде" қаза тапқанын айтты дейді ол. Олар Бучадағы шайқас кезінде қираған көпірді айтқан болуы мүмкін.
- Командирлер үндемейді, ештеңе айтпайды. Жақындарына хабарласқан сарбаздар да көп сөйлегісі келмейді. Бұл мемлекеттік құпия болғандықтан, ешкім түрмеге түскісі келмейді. Бәрі қорқып отыр, ешкім ештеңе түсінбейді- дейді ол.
"БӘРІ ӨЛГЕН СОҢ АЯҚТАЛА МА?"
Цивилев Новокузнецк гимназиясында жиналған жұртқа Украинаға шабуылдың жай-жапсарын айта алмайтынын жеткізеді. Кремль бұл шапқыншылықты "арнайы әскери операция" деп атап, бұл шабуыл азаматтық инфрақұрылымға бағытталмаған деуден танбай келеді.
Залда жиналғандар "ұлдарымыз шабуылға дайын болмады", "қандай мақсатпен кеткенін білген жоқ" дейді. Оны естіген Цивилев "Қазір айғайлап, бәрін кінәлай аласың. Бірақ әскери операция жүріп жатқанда ешқандай қорытынды жасаудың керегі жоқ" деп басу айтуға тырысады.
"Сынауға болмайды. Күте тұрыңдар, жақында аяқталады" деген Цивилевтің сөзін бөлген бір әйел: "Бәрі қырылып біткен соң [аяқталады деп тұрсыз ба?] деп төтесінен сұрайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздың отбасы "қара қағаз" алдыХалықты тыныштандырмақ болған Цивилев Кремльдің Украинаға басып кіруін Совет одағының 1979-1989 жылдардағы Ауғанстандағы қанды соғысымен салыстырды. Бұл соғыс Совет одағының ыдырауына негіз қалаған оқиғалардың бірі болған еді.
- Ресми түрде соғыс жарияладық, ал Ауғанстанға бірінші кеткен адамдар қайда бара жатқанын білмеді. Олар [мұны сол жаққа] жеткен соң бір-ақ білді, - деді Цивилев.
- Сол топтың ішінде болған, әлі тірі жүрген адамдар бар, - деді ол. Совет шенеуніктерінің дерегінше, бұл соғыста 15 мыңнан астам совет сарбазы мен миллиондаған ауған азаматы қаза тапқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Есі дұрыс па?" Путиннің сөзі мен ісінен соң жұртты мазалаған сұрақ