Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері жеті мыңнан астам солдатынан айырылды. Бұл Ирак пен Ауғанстандағы 20 жылдық соғыста қаза болған америкалық солдаттардың жиынтық көрсеткішінен де көп. АҚШ барлау қызметінің мәліметіне сүйенген The New York Times басылымы осылай деп жазды.
Басылымның жазуынша, 24 ақпаннан бері 14-21 мың аралығында Ресей солдаты жараланған. Ресей Украинадағы соғысқа барлығы 150 мың әскерін тартқан.
Дереккөзінің хабарлауынша, Ресей армиясының шығыны туралы мәлімет жуықтап алынған және ол ашық дереккөздерге сүйеніп есептелген. Украина қорғаныс министрлігі мен спутник мәліметтері де пайдаланылған.
АҚШ қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, адам шығынының көптігі Ресей әскери қызметкерлерінің моральдық көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін, кейбірі өздерінің соғысып жүргендерін де білмейді.
Украина билігінің айтуынша, Ресей 14 мыңға жуық солдатынан айырылған. Ал Ресей қорғаныс министрлігі Украина жақтан 18 мыңнан астам адам қаза болды дейді.
Осыған дейін Ресей билігі адам шығыны жөнінде бір рет қана есеп берген. 2 наурызда ведомство 498 ресейлік солдаттың опат болғанын хабарлаған. Ал Украина президенті Владимир Зеленский осы аптада 1300 украин солдатының қаза тапқанын мәлімдеген.
Соғыс кезінде адам шығыны туралы мәліметтердің растығын тексеру өте қиын.
24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаны "денацификация және демилитаризациялау" мақсатында көрші елге басып кірген. Путин НАТО Украинаны Ресейге қарсы шепке айналдырғысы келеді деп мәлімдеген. Украина мен НАТО мұны жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыста қазірге дейін қанша адам опат болды?