Сот "саяси тұтқын" Асхат Жексебаевтың жазасын жұмсартты

Асхат Жексебаев сотта "менің атым Асхат және мен экстремист емеспін" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Қыркүйек 2021 жыл.

Бүгін, 15 сәуірде Қапшағай қалалық соты азаматтық белсенді Асхат Жексебаевтың өтінішін орындап, жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстырды.

– Асхат Жексебаев бес жылға сотталған еді. Жазасының үштен бірін өтегеннен кейін өтініш жаздық. Бүгін судья өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен алмастырып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Енді он күн ішінде прокуратура қайта шағым түсіріп, қарсылық білдірмесе Асхат босап шығады, - деді Азатыққа адвокаты Ғалым Нұрпейісов.

Былтыр Алматы соты "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендіге түрлі жаза тағайындаған. Судья төрт белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айырды, 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеген.

Айыпталған белсенділердің барлығы – қоғамдық-саяси мәселелерге ой-пікірін ашық айтып, үкіметті сынап, наразылық акцияларын қатысып жүрген азаматтар. Олардың ешқайсысы тағылған айыпты мойындамай, үкімді апеляцияға берген. Алайда шағымдары қанағаттандырылмады. Құқық қорғаушылар түрме жазасына кесілген белсенділерді "саяси тұтқын" деп таныған.

Бес жылға сотталған 50 жастағы Асхат Жексебаев "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп, жалғыз адам пикетіне үздіксіз шыққан белсенді ретінде танылған. Биліктен азаматтардың Конституция кепілдік берген құқықтарын, бейбіт митинг өткізу, ой-пікірін білдіру және сөз бостандығын пайдалануына тосқауыл қоймауын талап етіп, митингіге де шықты. Бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалды.

11 сәуірде Қапшағай соты 13 белсендінің бірі - бес жылға сотталған Қайрат Қылышевтің де мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін орындаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Саяси астармен қудалайды, еркіндікті шектейді, азаптайды". АҚШ баяндамасында Қазақстандағы адам құқығы ахуалын сипаттадыҚұқық қорғаушы: Қазақстанда 500-ден астам адам пікірін айтып, демократияны талап еткені үшін қудаланып жатыр"Саяси өзгерісті қалау – қылмыс емес". HRW Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудалағаны үшін сынады"Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады