Қазақстан қарулы күштері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдермен бірлесіп жаттығу өткізеді. Осылай деп Қазақстанның қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Биыл қазан айында Қазақстан аумағында жедел әрекет ету бойынша "Өзара ықпалдастық — 2022", барлау күшімен "Іздеу — 2022” және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша "Эшелон — 2022" әскери жаттығулары өтеді", - делінген мекеме таратқан мәлімдемеде.
Бұдан бөлек ҰҚШҰ әскери жаттығуы "Меже — 2022" деген атпен Тәжікстанда және "Мызғымас бауырластық — 2022" деген атаумен Қырғызстанда өтпек.
"Шараларды өткізудегі мақсат — ҰҚШҰ жүйесін белгіленген тапсырманы орындауда дайындығын арттыру",- делінген хабарламада.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, қазақ қоғамы ҰҚШҰ құрамын Украинаға жіберуі мүмкін деп алаңдаған. Бірақ Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ҰҚШҰ жарлығына сай, Қазақстан тек БҰҰ мандатына сәйкес бітімгершілік күшін жібере алады деген.
ҰҚШҰ 1992 жылы құрылған. Оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.
Биыл қаңтар оқиғасы кезінде көтерілісті басу үшін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны көмекке шақырған. Ол сол кезде елде террористік акті болып жатыр деп мәлімдеді. Артынша елге Ресей, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Беларусьтен ұзын саны 2500 әскер келді. ҰҚШҰ әскерінің елге кіруіне алаңдаған белсенділер оларды шығаруды талап еткен. 19 қаңтарда билік ҰҚШҰ әскерінің "елден толық шығарылғанын" хабарлаған.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы тұсында Қазақстанда билікті Ресейдің ықпалы көп ұйымдардан, атап айтқанда ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағынан шығуға шақырған петициялар пайда болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қорғаныс министрлігі "Украинаға әскер жіберу мәселесін қарастырып жатқан жоқ"СІМ: Қазақстан "ДХР" мен "ЛХР-дың" тәуелсіздігін мойындамайдыТимур Сүлейменов: "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз", "әр нәрсені өз атымен атаймыз"ҰҚШҰ-да "Үйлестіруші" қай мемлекет болады? Мұның Украинадағы қантөгіске қатысы бар ма? Сенат спикері: Ресей бізден көмек сұраған жоқ