БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесі Киев түбіндегі әскери қылмысты зерттеуді талап ететін қарарды мақұлдады. Осыған дейін бұл қылмысқа Украинадағы соғысқа қатысқан ресейлік әскери қызметкерлердің қатысы бары хабарланған.
Мәселе Ресей күштерінің уақытша бақылауында болған елді мекендердегі жан түршігерлік оқиғалар мен адам құқығын өрескел бұзу жайттары жөнінде болып отыр.
Киев өтінішімен шақырылған Адам құқықтары кеңесінің арнайы сессиясында қарарды 33 мемлекет қолдады. Құжаттың қабылдануына Қытай мен Эритрея қарсы болды. 12 мемлекет қалыс қалды, арасында Қазақстан да бар.
Қарарда БҰҰ өкілдері құжатқа түсірген адамдарды атып өлтіру, азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық және өзге де қатігез әрекеттер баяндалған.
БҰҰ-ның жоғарғы комиссары Мишель Бачелет дауыс бермей тұрып Украинаның Киев облысында Ресей күштері кеткеннен кейін мыңдаған адамның мәйіті табылды, бұл әскери қылмыс болғандығын дәлелдеуі мүмкін деп мәлімдеді.
"Киевтің солтүстігіне қарай шоғырланған аудандардағы жаппай адам өлтіру оқиғалары жанды түршіктіреді" деді Бачелет.
Халықаралық ұйымның құқық қорғау кеңесінің мүшелері қырғынға қатысы бар тарапты айыптап, гуманитарлық қызметкерлерге соғыс басталғаннан кейін Украинадан Ресейге "күштеп" әкетілген адамдардан жауап алуға мүмкіндік беруді талап етті.
Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеу басқыншылығын және Киев түбіндегі әскери қылмысты ашық айыптаған жоқ. Дегенмен сенат спикері Мәулен Әшімбаев Буча қырғынын трагедия деп атап, халықаралық дәрежеде зерттеу қажеттігін мәлімдеген.
Ресей билігі Украинада бейбіт азаматтарға шабуыл жасағанын мойындамай келеді. Ол Буча, Бородянка, Ирпен және өзге елді мекендердегі адамдарды азаптау, жаппай қырғын жайлы куәліктерді "Батыстың Мәскеуге санкциясын ақтау үшін жасаған жасанды әрекеті" деп атайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
СІМ Қазақстанның Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығаруға неліктен "қарсы болғанын" түсіндірдіРесей БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарылдыТимур Сүлейменов: "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз", "әр нәрсені өз атымен атаймыз"СІМ Ресей депутатының Қазақстанды "денацификациялау" туралы мәлімдемесіне пікірін айттыБҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етті. Қазақстан тағы қалыс қалды