Accessibility links

СІМ Қазақстанның Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығаруға неліктен "қарсы болғанын" түсіндірді


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару туралы қарарға қарсы дауыс берген Қазақстанның ұстанымына байланысты түсініктеме берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар Нұр-Сұлтанды Украинаға басып кірген Ресейді "қолдағаны үшін" айыптаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың түсіндіруінше, Ресейді Адам құқығы кеңесінен шығару "жанжалды шешуге ықпал етпейді". "Ресейдің тұрақты мүшелігі диалогты жалғастыруға мүмкіндік береді" деді ол.

Мемлекеттерді кеңестен шығару туралы ережелерге сүйенген министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, мұндай қарар қабылданбай тұрып әуелі "адам құқықтарын өрескел және жүйелі түрде бұзу" жағдайлары бойынша "жан-жақты тергеу жүргізілуі тиіс болған".

"Біз БҰҰ-ның болған оқиғаны объективті, тәуелсіз, толық ауқымды тергеуге шақыруын қолдаймыз. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, біздің делегация осы қарар жобасына "қарсы" дауыс берді" деді Айбек Смадияров.

Азаттықтың "мұндай шешім қабылданбай тұрып Ресей кейбір елдермен, оның ішінде Қазақстанмен қандай да бір "келіссөз жүргізді ме?" деген сұраққа министрлік өкілі:

"Диалог Ресеймен де, барлық серіктестермен де үнемі жүргізіліп отырады. Қағидаттық тұрғыдан алғанда, тәуелсіз мемлекет ретінде сырттан жасалған қысымды қабылдай алмаймыз және өзіміздің ұлттық мүдделеріміз негізінде халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымызды пысықтаймыз" деп жауап берді.

Бір күн бұрын БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарып тастаған. Ресейді кеңестен алып тастауды 93 ел қолдаған, 24 ел қарсы шыққан. Қарсы дауыс бергендер ішінде Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан бар.

Қазақстан бұған дейін БҰҰ Бас ассамблеясының Украинадағы соғысты тоқтатуды талап еткен және Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған резолюцияларына дауыс беру кезінде "қалыс қалған" еді. Сол үшін де кейбір жергілікті белсенділер билікті сынаған.

Енді Ресей кеңес отырыстарында сөз сөйлеп, дауыс бере алмайды, бірақ оның дипломаттары кеңестегі дебаттарға қатыса алады. Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ресей бұдан былай БҰҰ кеңесіне сенімді тұлғалары арқылы ықпал етуге көшеді.

Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.

Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны "Украинаның арандатуы" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG