Қонаев қалалық соты түрмедегі белсенді Ноян Рақымжановқа берілген "жазаны" жеңілдетті

Белсенді Ноян Рақымжанов. 10 желтоқсан 2019 жыл.

23 мамырда Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қалалық соты қамаудағы белсенді Ноян Рақымжановтың түрме жазасын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге алмастыру жөнінде ұйғарымға келді. Бұл жөнінде Азаттыққа Рақымжановтың адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

- Сот бүгін өтті. Ноян Рақымжанов та, мен де сотқа онлайн қатыстық. Өтінішімізді судья Жанболатов қарап, жазаны пробациялық бақылауға ауыстыру туралы шешім шығарды. Прокуратура қарсылық білдірмесе, 15 күннен кейін Ноян Рақымжанов босап шығуға тиіс, - деді адвокат Жанар Балғабаева.

57 жастағы Ноян Рақымжанов - былтыр күзде сотталған алматылық 13 белсендінің бірі. "Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген айып тағылған ол бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл айыптарды сарапшылар шетелдегі оппозиялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясымен" байланыстырады.

Судья төрт адамның (Асхат Жексебаев, Ноян Рақымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов) әрқайсына бес жыл түрме жазасын кесіп, қалғанының бостандығын шектеген.

Ноян Рақымжанов 2019 жылғы 9 маусымда, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқанда алғаш рет наразылық акциясына шыққан. Осы сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды деп жарияланған. Бақылаушылар сайлауда заңсыздық пен бұрмалау көп болғанын мәлімдеген. Президент сайлауы күні және одан кейін Қазақстанның ірі қалаларында "әділетсіз сайлауға" қарсылық акциялары күшейген. Оған қатысқан белсенділер жаппай тұтқындалып, оларға түрлі шара қолданылған.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды билікті қатаң сынаған белсенділерді қудалайды, ізіне түсіп, аңдиды, түрмеге қамайды деп жиі сынайды. Билік саяси қудалау барын мойындамайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси астармен қудалайды, еркіндікті шектейді, азаптайды". Қазақстандағы адам құқығының ахуалы
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Пікіріңді айту – қылмыс емес". 13 белсенді жарыссөзде соңғы сөзін айтты