Accessibility links

"Саяси астармен қудалайды, еркіндікті шектейді, азаптайды". АҚШ баяндамасында Қазақстандағы адам құқығы ахуалын сипаттады


Полиция наразылық митингісіне шыққан адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
Полиция наразылық митингісіне шыққан адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

Қазақстанда "биліктің заңсыз немесе оның атынан жасалған озбырлықпен кісі өлтіру" әрекеті тыйылмай отыр; елде саяси астармен қудаланғандар мен саяси тұтқындар бар; түрмедегі азаптауға кінәлілер бұрынғысынша жазадан құтылып кетеді; сөз және баспасөз еркіндігі, азаматтардың бейбіт жиын өткізу бостандығы мен саяси өмірге араласу құқығы шектеледі; билікте жемқорлық тамыр жайған. Қазақстан қоғамындағы осы және өзге елеулі проблемалар АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқығының ахуалы жайлы 2021 жылға арналған баяндамасында айтылған.

АЗАПТАУ МЕН АДАМ ҚАЗАСЫНА ӘКЕЛГЕН ЗАҢСЫЗДЫҚ

АҚШ мемлекеттік департаменті баяндамасында Қазақстандағы адам құқығының ахуалын былтыр елде тіркелген құқық бұзу және билікті теріс пайдалану жайттарын тәптіштеп сипаттап, 51 бетке сыйғызған.

Америка сыртқы істер мекемесі билік өкілдерінің заңсыз іс-әрекеті салдарынан бірнеше адамның қаза болғаны жайлы дерек келтірген. Резонанс туғызған сондай оқиғалардың бірі – қызылордалық 43 жастағы Бауыржан Әжібаевтың өлімі. Мәшинесін тоқтатуға қандай негіз барын көрсетуді талап еткен көлік иесіне полицейлер күш қолданған кезде тынысы тарылған азамат жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған. Екі жылдан кейін, 2021 жылы сот полицияның төрт қызметкеріне түрме жазасын кесті. Былтыр желтоқсанда Шымкентте көлік ұрлауға қатысы бар деген күдікпен ұсталған 30 жастағы Нұрболат Жұмабаев полиция мекемесінде қаза болды. "Оны қатыгездікпен ұрып-соққан" деп хабарлады марқұмның туыстары. Бұл істі тергеу жалғасып жатыр.

Мемлекеттік департамент 2019 жылы Қарағанды облысында қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың ісі бойынша соттың қалай өткеніне де назар аударады. Былтыр сот айыпталған төрт адамды ақтады. Де-юре кісі өлтірген қылмыскер деп танылған ешкім жоқ (қазір іс сотта қайта қаралып жатыр, судья журналистерге осы процесс туралы жазуға тыйым салған).

Қазақстан түрмелеріндегі азаптау – көп жерде кездесетін, кінәлілер жазадан сытылып кететін құбылыстардың бірі деп жазады баяндама авторлары. Тұтқындарға қатыгездік танытқаны үшін жауапқа тартылған түрме қызметкерлері некен-саяқ. Қазақстан түрмесіндегі жағдайды мемлекеттік департамент "қатаң, кейде өмірге қауіпті" деп атайды. Түрмелер халықаралық санитарлық стандартқа сай емес дейді. Коронавирус пандемиясы әдетте медицина қызметкерлері жетіспейтін қамау мекемелеріндегі онсыз да мәз емес санитария-гигиеналық жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.

АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАРДЫ БҰЗУ. САЯСИ АСТАРМЕН ҚУДАЛАУ

Қазақстан заңы жосықсыз ұстауға және тұтқындауға тыйым салады, бірақ ондай жайттар бар деп жазылған құжатта. Олар биліктің келісімінсіз өткен акция кезінде оған қатысушыларды полицияның құрсауға алу әдісін – кеттлингті мысалға келтірген.

Қазақстанда парламент сайлауы өткен 2021 жылғы 10 қаңтарда Алматыда полицейлер көшеге наразылық акциясына шыққан азаматтарды тар қоршауға алып, ұзақ уақыт, тіпті әжетханаға баруға да жібермей, бір орнынан тырп еткізбей ұстаған.

"Мобильді интернет [наразылық өтіп жатқан жерде] бұғатталды, полиция даусын қатты шығарып музыка қойып, ұйымдасқан бір топ ашулы ер адам наразыларға кемсітетін сөз айтып, қоқан-лоқы көрсетіп айқайлаған. Құқық қорғаушылар кеттлинг әдісін қолдануды азаматтарды заңсыз ұстау және еркін жүріп-тұру құқығын шектеу түрі деп айыптады. Кейбір белсенділер Алматы прокуратурасына шағым берді, бірақ прокуратура полицияның іс-әрекетінде биікті теріс пайдалану болған жоқ деп тапты" делінген баяндамада.

Қазақстан билігі оппоненттері мен сын айтатын азаматтарды кейде заң талабын бұзды деп болмашы қылығына бола, мысалы, биліктің келісімінсіз өткен акцияға шыққаны үшін ұстап, айыппұл салады, қамайды, кейде әлгіндей шара өтіп жатқан жерден өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдарды да ұстап әкетеді деп жазады АҚШ мемлекеттік департаменті.

Полицейлер наразылық митингісіне шыққан адамды әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
Полицейлер наразылық митингісіне шыққан адамды әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

"Тірек" құқық қорғау альянсы құрастырған саяси тұтқындар тізіміне қазір оннан астам адам енгізілген. АҚШ мемлекеттік департаменті баяндамасында Қазақстан соты 18 жылға бостандығынан айырып, 15 жылдан астам уақыт абақтыда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабектің 2021 жылы түрмеден босатылғанын жазған. Билік қапаста денсаулығына зор нұқсан келген ақынды айықпас дертке шалдығуына байланысты босатты. Сегіз аптадан кейін ол қайтыс болды.

Арон Атабектің күрес жолы: Желтоқсан, Мәскеу, Шаңырақ, түрме.
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

Қазір саяси тұтқындар тізіміне енгізілгендердің көбі – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарына қатысы бар деген айыппен сотталған азаматтар. Қазақстан соты ресми тіркелмеген бұл екі қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танып (сот шешімі ресми түрде еш жерде жарияланбаған), қызметіне тыйым салса, Еуропарламент қарарында ол екі ұйымды "оппозициялық бейбіт қозғалыстар" деп атаған. Былтыр қазан айында Алматы соты осы қозғалысқа қатысқан деген айып тағылған 13 белсендіге үкім шығарды. Судья төрт адамның (Асхат Жексебаев, Ноян Рақымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов) әрқайсына бес жыл түрме жазасын кесіп, қалғанының бостандығын шектеді.

Елде тәуелсіз сот билігі жоқ деп жазады баяндама авторлары. Биліктің бұл тармағы атқарушы билікке тәуелді дейді олар. Судьялар шенеуніктердің ықпалынан шыға алмайды, сот жүйесінде жемқорлық тамыр жайған.

Қазақстанда коррупция жайлы хабар көп тарайды, бірақ жемқорлыққа қарсы заңды кейбіреулерге ғана және тиімсіз қолданады.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МЕН БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІ

Шілде айында бұқаралық ақпарат құралдары ресми тұлғалар, журналистер, белсенділер мен бизнесмендер израильдік фирма жасаған Pegasus тыңшылық бағдарламасы көмегімен жүргізілген кибераңдуға ұшырағанын жазды. Тізімде аты-жөні аталған екі журналист пен халықаралық құқық қорғаушылар аңдудың мұндай түрі адам құқығын бұзатынын айтты. Pegasus көмегімен смартфонына вирус жіберіп, құрылғы иесін "аңдыған" деген ақпаратқа байланысты пікірін білдірген Дәурен Абаев "Бізге жеткілікті дәрежеде интрига тудыратын ақпаратты еш дәлелсіз беріп, әншейін соған сенуді ұсынады" деді.

Қазақстан үкіметі азаматтардың ел басшылығын сынау мүмкіндігін шектеп отыр. Заң мемлекеттің бірінші президентінің және қазіргі президенттің "ар-намысына тиюге" тыйым салады. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодексте "көрінеу жалған ақпарат таратқаны" үшін жаза қарастырылған. Әдетте осы бапты саяси белсенділерге қарсы жиі қолданады.

Сөз бостандығын қорғайтын "Әділ сөз" қоғамдық ұйымы 10 қаңтарда парламент сайлауынан хабар дайындап жүрген журналистерге полиция мен биліктің кедергі жасап, сайлау комиссиялары мүшелері сайлаушылар дауыс беретін орындарға журналистерді кіргізбей қойғанын хабарлаған.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары Қазақстанда бұған дейін өткен президент пен парламент сайлаулары сияқты, 2021 жылғы 10 қаңтардағы парламент сайлауын да еркін, әділ сайлау деп таныған жоқ. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, бұл жолы да мәжіліске бұрыннан бар үш партия қайта өтті.

Тәуелсіз бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері көп болғанын хабарлады. ЕҚЫҰ есебінде: "алдыңғы жылдары кейбір оппозициялық партияларға не тыйым салынды, не шектеу қоятын я қылмыстық қудалауға салатын заңның көмегімен маргиналдандырылды, ал жаңа партияны тіркеуге заң шектеу қояды" деп жазды.

Баспасөз бостандығы шектелген дейді мемлекеттік департамент. Баяндамада ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің БАҚ-тан Алматыда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі салынған муралдың бүлінгені туралы хабарды алып тастауды талап еткенін де жазған. Министрлік Қылмыстық кодексте елдің бұрынғы президентінің абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға тыйым салатын бап барын еске салған.

The Village интернет басылымы сайтынан әлгі материалды алып тастаудан бас тартқан, бірақ муралдың суретін көмескі көрінетіндей етіп өзгерткен.

Қазақстандағы жеке меншік газет пен телеарнаның көбі мемлекеттік тапсырыс алуға мүдделі, соған тәуелді деп жазады баяндама авторлары. Назарбаевтың отбасы мүшелері немесе оның төңірегіндегі адамдардың бақылауындағы компаниялардың иелігінде БАҚ көп. Медиа сарапшылардың пікірі бойынша, ұлттық арналардың көбі толықтай немесе ішінара биліктің иелігінде.

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫ: ПИКЕТКЕ ШЫҚҚАНДАРДЫ ҰСТАУ

АҚШ мемлекеттік департаменті Шыңжаң қазақтарының басындағы мәселеге жеке тоқталған. Баяндамада Шыңжаңдағы туыстарының қайда екені жайлы ақпарат беруін талап еткен бір топ адамның былтырғы ақпаннан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына пикетке шығып жүргені айтылған. Қыркүйекте олар Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізді. Елшілік алдында тұрғандарға Қытай дипломаттарынан ешкім шыққан жоқ.

Алматы полициясы Қытай билігіне талап қойғандарды ұстап әкетті:

Алматы полициясы Қытай билігіне талап қойғандарды ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Қазақстан полициясы наразыларды талай рет ұстап, айыппұл салған, пикетке қатысқан бірнеше адамды әкімшілік сот шешімімен қамауға алған.

21 қаңтарда Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннен қашқан екі қазақ – Мұрагер Әлімұлы мен Қайша Ақанға белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Әлімұлына Қазақстан астанасының шетінде, Ақанға – Алматыда шабуылдаған. Күдіктілердің ұсталғаны жайлы ешқандай хабар жоқ. Әлімұлы мен Ақан – Қытайдан қашып келген соң Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен деген айыппен сотталған, кейін уақытша босқын мәртебесін алған төрт қазақтың екеуі. Қазақстан билігі оларға азаматтық бермеді.

ДИСКРИМИНАЦИЯ

Қазақстан заңы еңбек, білім, денсаулық сақтау және өзге қызметтермен қамтамасыз етуде денсаулығының мүмкіндігі шектеулі адамды кемсітуге тыйым салады. Бірақ елде дискриминация бар дейді баяндама авторлары. Үкімет кейбір кедергіні жоюға тырысқан, бірақ үкіметтік емес ұйымдар мүгедектерге арналған кейбір мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіз жүзеге асып жатқанын айтады. Заң бойынша, жұмыс беруші жұмыс орындарының үш пайызын мүгедек адамдарға бөлуі керек, бірақ бұл талап үнемі орындала бермейді. Денсаулығының мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамға кірігу және жұмысқа орналасу кезінде қиындыққа тап болады.

ЛГБТ-қауымдастығы өкілдері де дискриминацияға ұшырайды деп жазған АҚШ мемлекетік департаменті баяндамада. Құжатта Feminita тобының белсенділері Қарағанды мен Шымкентке құқық қорғау кездесуін өткізуге барған кезде оларға кедергі жасалып, шара өтпей қалғаны айтылған. Ашу-ызаға мінген бір топ ер адам кездесуді тоқтатуды талап етіп, қоқан-лоқы көрсеткен. Feminita тобы белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаева өздерін екі жолы да жеке кездесу өткізуге жалдап алған ғимараттан полиция "сіздерді қорғаймыз" деп алып шыққанын айтады.

Қазақстанда азаматтардың кәсіподақ ұйымына бірігу құқығы да шектеледі. 5 ақпанда Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қала әкімдігінің "Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің жұмысын уақытша шектеу туралы шағымын қанағаттандырып, кәсіподақтың жұмысын 6 айға тоқтатты. Сот кәсіподақ бірлестігінің өкілдіктері елдің кемінде жартысында болуы тиіс деген заң талабы орындалмай, тіркеу "дұрыс болмаған" деп шешім шығарды.

Қазақстан заңында жұмысшылардың ереуіл жасауға құқығы бары көрсетілген. Бірақ оны қиындататын шектеулер бар. Мысалы, заңда ереуілді заңсыз деп тануға негіз болатын көптеген жайт аталған: жұмысшылар еңбек дауын міндетті арбитраж рәсімі арқылы шешу мүмкін болмаған жағдайдан басқа кездері ереуіл жасай алмайды; ереуілге шығу туралы шешімді кәсіпорын жұмысшыларының кемінде жартысы қатысқан жиын қабылдауы керек; ереуіл басталардан кемінде бес күн бұрын жұмыс берушіге ереуіл туралы жазбаша хабарлама тапсырылуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG